Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Семіздік жасқа қарамайтын пандемияға айналды

Семіздік жасқа қарамайтын пандемияға айналды
Автор
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, 2018 жылы әлем бойынша 1,4 миллиард адам артық салмақпен тіркелген. 1970 жылдармен салыстырғанда балалар мен жасөспірімдер арасындағы семіздік 10 есеге артқан. 2018 жылы 5 жасқа дейінгі 40 миллион балада артық салмақ анықталған. Ал бүгінде дүниежүзінде семіздік пен артық салмақ қосқан адамдардың саны 2,5 миллиардқа жетті. Бұл – алаңдатарлық статистика.

Дамыған елдерде семіздікке шалдыққан ауруларды емдеуге кететін қаржы көлемі денсаулық сақтау саласының барлық шығындарының 10 пайызын құрауда, ал тікелей жұмсалатын қаржы барлық шығынның 3-5 пайызын құрайды.

Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда 4 миллионнан аса адам семіздікке шалдыққан. Бұл біздің елімізде тұратын халықтың санын ескергенде, үлкен көрсеткіш болып табылады. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында артық салмақ қосу көбеюде. Осындай жаға ұстатарлық статистикаға қарап қоғам кейде жоқтықтан ғана емес, тоқтықтан да зардап шегеді екен-ау деп ойлайсың.

Егер ертеде арықтық өлім-жітімнің басты себебі ретінде айтылса, қазіргі кезде артық салмақ ажалға апаратын басты себептердің бірі болып отырғаны ащы да болса шындық. Ең алаңдатарлық мәселе – балалар мен жасөспірімдер арасында семіздікке шалдығу Еуропа елдеріне қарағанда елімізде 10 есеге өскен. Қазіргі уақытта 5 жасқа дейінгі балалардың 11,4 пайызы артық дене салмағына немесе семіздікке шалдыққан. Ол дегеніміз, егер бала кезден семіздік басталса, ол есейгенде де жалғаса береді, яғни өмір бойы артық салмаққа ұшырайды. Семіздіктің жүрек ауруына себеп болатынын ескерсек, бұл оның алдын алуды қажет етеді. Ал жүрек ауруынан өлім бойынша Қазақстан бірінші орынға шығып отыр. Елімізде 50-60 жас аралығындағы адамдардың екіден бірі осы жүрек ауруынан дүниеден өтуде. Ресми мәліметтер бойынша, артық салмақ пен семіздіктің кесірінен жылына 2,8 миллион адам қайтыс болады екен.

«Тұрғындар арасында семіздіктің кең таралуы өте ауқымды, шешуі қиын мәселеге айналып бара жатқанына қатты алаңдап отырмыз. Әсіресе, балалардың арасында артық салмақ пен семіздіктің таралуы өте қауіпті. Осыдан бес жыл бұрын АҚШ сенаторлары Парламенттің алдына «семіздік тек халық денсаулығына кері әсерін тигізіп қоймай, ұлтттық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұр» деген мәселені қойды. Неге? Өйткені сол кезде АҚШ халқының 62 пайызы семіздікке шалдыққан еді. Содан бері олар семіздікпен күресіп келеді. Ал бізде енді ғана қолға алынып, былтыр кешенді зерттеу жүргіздік. Халық арасында артық салмақ иелерінің артуы – дұрыс тамақтанбаудан. Семіздік деген ұлт пен ұлысқа, жасқа қарамайтын, шекараны білмейтін дертке, яғни пандемияға айналды. Балалардың мектеп қабырғасында жүріп фаст-фудты жеп, тәтті сусындарды ішуі өсіп келе жатқан ағзаға кері әсер етіп, оның семіздікке шалдығуына әкеп соғуда. Бұл күндері АҚШ сенаторлары семіздік мәселесін неге жоғары деңгейде көтеріп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп отыр? Өйткені, ғалымдардың  зерттеулеріне сүйенсек, семіздік түрлі арурлар тудыруымен қатар, адамның ақыл-ой мүмкіндігіне кері әсерін тигізіп, балалардың интеллектуалдық тұрғыда қатарластарынан қалуына себеп болады. Сенаторлардың мектеп жасындағылар арасында семіздіктің кең таралуына алаңдап отырған себебі – осы. Қазақстан балаларының 11 пайызы толықтық, яғни семіздік дертіне шалдығуы өте үлкен сан. Оның көрсеткіші жылдан-жылға артып отырмаса, кеміп отырған жоқ екенін баса атап кеткеніміз жөн», деген еді осыдан бірнеше жыл бұрын академик Төрегелді Шарманов.

Жалпы мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда артық салмақ адам ауруларының ішіндегі ең қауіпті індеттің біріне айналған. Әрі артық салмағы бар адам түрлі ауруға да ұшырауы мүмкін. Сәселен созылмалы жұқпалы емес аурулардың ішінде диабеттің 44 пайызы, жүректің ишемиялық ауруының 23 пайызы, онкологиялық аурулардың 7-41 пайызы семіздіктен туындайды. Артық салмағы бар балалар мен жасөспірімдердің 80 пайызға жуығында артериалдық қысым бар, 25 пайызы диабет алды, 35 пайызы бауырдың майлық ауруына шалдыққан.

Ескеретін мәселе, артық салмақты өз бетіңізбен толық емдей алмайсыз. Алдын ала дәрігермен кеңескен дұрыс. Егер семіздік басқа бір аурудың салдары болатын болса мұндай жағдайда сол себепші ауруды бірінші емдеу керек. Семіздікті дәрі-дәрмексіз емдеу үшін калориясы төмен азыққа негізделген тағаммен тамақтанып, жүйелі дене жаттығуларын күнделікті орындау керек.

Семiрудiң негізгі себеп-салдарына тұқымқуалаушылық, эндокринды аурулар, аз қимылдау және тамақ құрамындағы майдың шамадан тыс көп болуы, мидың нақты бөлшегінiң жарақаттануы, кейбiр психикалық ауытқулар жатады. Семіздікке бастар тағы бір себеп – адамдардың аз қимылдауы. Техниканың түр-түрі үйде де, жұмыста да қаптап тұр. Барлық жұмысты техника атқарады. Өмір сүру жеңілдеген сайын адамдардың бойын жалқаулық басып, артық жұмысқа ынтасы болмайтыны белгілі жайт. Қазір көшеде жаяу жүрген адамды да сирек кездестіретін болдық.

Бүгінде әйелдердің де жұмысы жеңілдеді. Кірді кір машина өзі жуып, өзі сығып, дайын күйінде шығарады. Тамақ пісіру де жеңілдей түсті, полуфабрикат күйінде дап-дайын тұр. Ыдыс-аяқты жуатын да арнайы құрылғы бар. Шаңсорғыш та нәзікжандылардың жұмысын жеңілдеткендей. Осындай құрылғылардың арқасында қазіргі әйел адамдар көп қозғалмайды. Күнделікті жүгіруді айтпай-ақ та қояйық. Көп қозғалмағандықтан денелерін май басып, семіріп кеткендіктерін өздері де байқамай қалады. Содан кейін келіп алып диеата ұстайды. Оны аяғына дейін ұстаса жақсы. Мықтаса бір ай ұстайды. Содан кейін кері асқа бас қояды. Зат алмасу процесі бұзылған ағза семіргеннің үстіне семіре береді.

Осы ретте «Семіздіктің алдын алу жолдары бар ма?» деген сұрақ туатыны орынды. Ол үшін салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданып, көкөніс пен жемістерді көбірек жеген абзал. Артық салмақ қосқаныңызды байқаған сәттен бастап спорт және қауіпсіз диетаның көмегімен арықтауға тырысу керек.

Салмақ тастаудың көңіліңізден шығатын жолдарын қолдансаңыз, бұл процесс оңай бола алады. Диета ұстау, би, жүгіру, жүзу... Осылардың арасында өзіңізге ұнайтын спорт не ойын түрін таңдап, өзіңізді қинамай-ақ арықтай аласыз.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп қазақ бекер айтпаған. Сондықтан, әркім өз денсаулығына сергектікпен қарап, аурмаудың жолын тапқаны құба-құп.

Толқын АЙМАХАНОВА,
«Тараз-Болашақ» жоғары медициналық
колледжінің оқытушысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар