
Қазақстан Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда орналасқан мемлекет болса, Астана осы кең байтақ Отанымыздың жүрегі. Сәулеті мен сәні айшықталған, айбыны асқақтаған Елордамыз бүгінгі күні еліміздің бойтұмарына айналған.
Бүгінгі Астана – асыл тастан тұрғызылған асқақ қала. Ерке Есілдің жағасында орналасқан, жаңа ғасыр ғажабынан жаралған ертегідей елорда, әлемдегі ең жас қала. Кең даладағы жай қала ғана емес, саяси ерік-жігер, үкілі үміт, көркею, Тәуелсіздік көрінісінің нышаны.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы дала кіндігінде Тәуелсіздігіміздің жарқын символына айналған заманауи қала бой көтерді. Елорда ұлтымызды жасампаздыққа, даму мен өрлеуге жетелейді», деп атап көрсеткендей, Астана қаласы халқымыздың ұлылығы мен ауызбіршілігін қалыптастырып, бейбітшілік пен келісімнің мызғымас мекені бола білді.
«Астана» негізінен парсы сөзі, қазақша түсінігі астана – табалдырық, босаға, кіреберіс, сарайдың қақпасы, салтанатты орда есігі деген ұғымдарды білдіреді.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1830 жылы Есіл өзені бойындағы Қараөткел тұсында Астана қаласының ең алғашқы іргетасы қаланған болатын. 1832 жылы Ақмола ішкі округі ресми түрде жарияланды. Сосын Орынбор орталығымыз болды. Ал 1925 жылы Қазақстанның орталығы Орынбордан Ақмешітке көшірілді. 1929 жылдары Верный (Алматы) қаласына көшірілді.
1991 жылдың соңында Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Ал үш жылдан кейін астананы оңтүстіктен орталыққа қарай ауыстыру мәселесі көтерілді.
Астананы Алматыдан Қазақстанның орталығына көшіру Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 6 шілдедегі №106-ХІІІ «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» қаулысымен анықталған.
Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы соңғы шешім 1997 жылы қабылданды.
Қазақстан Республикасының экс-Президентінің 1997 жылғы 20 қазандағы №3700 Жарлығымен 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласы болып жарияланды. 1998 жылғы 6 мамырда Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді.
1998 жылдың 10 маусымында жаңа Астананың ресми тұсаукесері өтті. Астана мәртебесін алған сәттен бастап Астана күні 10 маусымда атап өтілді.
2016 жылы Астана күні 6 шілдеге ауыстырылды. Мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілді. Себебі, тура сол күні Жоғарғы кеңес пен Үкімет астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулыны қабылдаған болатын.
Осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын астанамыз Арқа төріне ауысқан шақта қоғамда түрлі пікір айтылып, бұл шешімге күмәнмен қарағандардың да қатары көп болатын. Өйткені елдің жағдайы ауыр еді. Астаны көшіру идеясын қолдағанның өзінде бұл шешім ұзақ жылдардан кейін ғана іске асады деп ойлады. Есілдің жағасында жаңадан бой көтеретін Елорданың еңселі шаһарға айналатынына сеніммен қарағандар да көп болды. Әрине, алуан түрлі адамдардың арасынан әртүрлі пікірлердің туындауы табиғи заңдылық. Дегенмен, тәуекелшіл тірлік өз нәтижесін берді.
Тарихқа бай Сарыарқаның ұлан-байтақ жерінде, қазақ жерінің қасиетті орталығында мемлекетіміздің жаңа астанасының бой көтеруі, жаңа бір мәдени-ғылыми, саяси ортаның шоғырлануы, Отанымыздың көркем, сәулетті, қуатты ордасының дүниеге келуі – игіліктің нышаны болды.
Бәріне төреші уақыттың арқасында бүгінде күллі әлемге даңқы тараған елордамыздың сәулетті көшелерінде азат елдің балдырғандары асыр салып алаңсыз ойнап жүргенін көргенде, көркіне көз тоймас қаншама ғажайып ғимараттардың күн санап көбейіп келе жатқанына куә болғанда, әлемдік деңгейдегі басқосулар мен кездесулердің дәл шаһар төрінде өтіп жатқанын естігенде кеудемізді асқақ мақтаныш кернеп, осының бәрі сол кездегі батыл қадамның арқасында екенін сезіне түсеміз.
Ел жүрегі болып саналатын «Ару қала», «Әсем қала», «Бас қала» атанып жүрген мемлекетіміздің елордасы Астана қаласы уақытпен үндесе бой түзеп, әлем қызыққан қалаға, саяси көшбасшылар, іскерлік серіктестіктер мен инвесторлар, зиялы қауымның кездесіп, кеңес құратын орнына, шығармашылық жоспарларды, инновациялық идеялар мен батыл бастамаларды жүзеге асыратын алаңға айналып отыр.
Бас қалаға келген әрбір адамның көңілінде ерекше бір сезім мен толқыныс, асқақ мақтаныш пен сарқылмас ән тербеліп жатады десек қателеспейміз.
Қаланың қалыптасу жылдарында бой көтерген «Бәйтерек» монументі, пирамида үлгісінде салынған «Бейбітшілік және келісім сарайы», әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы, теңізден алыс орналасқан океанариум «Думан» орталығы, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театры, Орталық Азиядағы ірі мешіт «Әзірет Сұлтан» мешіті секілді бірегей ғимараттар әлемнің кез келген құрылыс нысандарымен иық теңестіріп, дархан даламыздың даңқын асқақтатқан әлемдік туризм нысандарына айналып отыр.
Отыз мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған, он мың орынға арналған «Сарыарқа» бірегей велотрегі, ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдыны секілді әлемдік деңгейде мойындалған нысандардың да қатары елордамызда жыл санап артып келеді.
1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын иеленген Астанамыздың алар асуы мен бағындырар бедел-биігінің көп болары сарапшылар үшін сол кезден-ақ белгілі болғандай.
2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшелігіне қабылданған елордамыз бүгінде өзінің айрықша сәулетімен, тыңнан тұрғызылған таңғажайыптарымен төрткүл әлемнің саяхатшыларына кеңінен танымал.
Жетістікке толы 27 жыл ішінде Астана қаласы ертегідегідей сәулетті шаһарға айналып қана қоймай, еліміздің мәдени-рухани саласына да елеулі өзгерістер енгізіп, әлем мемлекеттері үшін татулық пен бірліктің символындай болды.
Бас қаламызда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Елорда төрінде Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихи саммиті, Шанхай ынтымақтастық ұйымының және өзге де халықаралық ұйымдардың мерейтойлық саммиттері өтті.
Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі үлкен ұйым Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы 11 жылдық үзілістен кейін өзінің кезекті саммитін өткізетін қала деп біздің Астанамызды лайық көрді.
2011 жылдың басында Елордамыз VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдаса, 2017 жылы «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің орталығына айналды.
Астанада өткен ЭКСПО бүкіләлемдік бірегей көрмесі маңызы жағынан дүниежүзілік экономикалық форумдармен, туристік тартымдылығымен әлемдік деңгейде көрініс тапты. «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесінің тақырыбы «Болашақтың энергиясы» болды. Көрме елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технологиялық және экономикалық жағынан жаңғырту барысында жоғары деңгейде әсер етті деп білеміз.
Қазір Астана – дінаралық диалог пен рухани дипломатияның ордасы. Елорда төрінде бірнеше мәрте ұйымдастырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерінің орны айрықша. Игілік пен бірлікке үндеген бұл басқосулардың басқа емес, дәл біздің астанамызда өткізілуі тәуелсіз қазақ елінің әлем алдындағы абырой-беделінің биіктігінде жатыр. Бір кездері Астанада Сириядағы қақтығыстар бойынша келіссөздердің де өтуі Қазақстан мемлекетін әлемге татулық пен келісімді ғана жақтайтын ел екенін дәлелдейтін бірегей шара.
Астанада бой көтерген Орталық Азия бойынша теңдесі жоқ алып мешіт «Әзірет Сұлтанның» сыртқы сұлулығы мен ішкі жайлылығына таңданыс білдірмеген туристтер де кемде-кем. Бұдан кейін де бас қаламызда тағы да бірнеше ғибадат орындары бой көтеріп, Астана аспанын азан үнімен әлдилеп келеді. Бас қаламыз «Астана опера», «Астана балет» сияқты өнер ордалары арқылы бүкіл әлемге мәдени орталық ретінде танылды.
Астанаға Рим папасы арнайы келгенін де айта кеткен жөн. Кезінде аса мәртебелі ІІ Иоанн Павел қонақ болса, осыдан екі жыл бұрын аса қадірлі Франциск келді. Олар Қазақстанның әлемдік руханиятты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Біздің игі бастамаларымызға қолдау білдірді. Бұл біз үшін зор мәртебе болды. Бұдан бөлек, елорда төрінде талай мәрте дүбірлі додалар мен халықаралық сайыстар өтті. Осылайша, Астана бірлік пен берекенің бесігіне айналды.
Қазір Астана қаласында еліміздің бұрынғы астаналарының атымен аталатын, атап айтқанда, Алматы, Ақмешіт, Орынбор, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Сарайшық көшелері бар. Бұл елдік пен мемлекеттілік тарихының нақты көрінісі.
Қалай айтсақ та, ерке Есілдің жағасынан орын тепкен елордамыздың бүгінгі кескін-келбеті мен әлем алдындағы атақ-абыройы кез келген қазақстандық үшін мақтан етерлік жайт. Бұрынғы ата-бабаларымыздың жырларындағы «Еңсесі биік Ақ Орда» теңеуі бүгінгі Астана қаласына қай жағынан алып қарасақ та әбден лайық.
Сондай-ақ, бас шаһардағы келісті ғимараттар мен халық игілігіне қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан инфрақұрылым жайлы, ел экономикасына қосқан өлшеусіз үлесі жайлы тоқтаусыз айта беруге болады. Мәселен, Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы Астана қаласын экономикалық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды.
Осы жылдар ішінде елорда Қазақстандағы ірі бизнес орталығының біріне айналды. Кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамып келеді. Мұнда инновация мен бизнес қарқынды дамуда. Шаһарда жүз мыңдаған шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді. Сондай-ақ елорда құрылыс ауқымы жөнінен де жеке-дара көш бастап тұр. Аз ғана уақыт ішінде байырғы әлем астаналарымен сәулет теңестіріп, дамудың даңғыл көшін бастаған елорда үшін бұл айтқандарымыз таңғаларлық жетістік екені даусыз.
Алайда бұлар - Елорда өмірінің бір қыры ғана. Астана шаңырағы әлі де биіктей түспек.
Жаңа астананың келешегі толығымен алдағы күндер мен жылдардың еншісінде. Ал оның ертеңгі еңсесін көтеретін бүгінгі жас буындар.
Астана – еліміздің жүрегі. Бұл қалада ең маңызды шешімдер қабылданып жатыр. Келешекте де лайым солай болмақ.
Тек басымыздағы осы бағымызды Жаратқан Ие қолдап, Тәуелсіз еліміздің тұғырын биік қыла түскей!
Асан ТІЛЕМІСОВ