
Жалпы жаз мезгілінің ыстық болуы заңдылық. Дегенмен осыдан 10-15 жыл бұрынғы мен қазіргі ауа райын салыстыруға келмейді. Олай дейтін себебіміз де бар. Мәселен бала күнімізде таң атқаннан қас қарайғанша көл басында болатынбыз. Ол кездің де ыстығы өз алдына ерекше еді. Қаншама сағат күн астында жүрсек те теріміздің түсіп, денеміздің күйгенін бірден байқай қоймайтынбыз. Біршама уақыт өткеннен кейін біліне бастайтын. Ал қазір 3-4 сағат күн астында жүрсеңіз, сол мезетте-ақ тұла бойың әлсіреп, күн тиген жердің бәрі қызарып қалады. Бұл мәселе адам баласын алаңдатары сөзсіз. Осы тұрғыда ғалымдардың көзқарасы әртүрлі. Бірі жер күнге жақындай түсуде десе, енді бірі озон қабатының жұқаруы немесе ашық алаңдардың пайда болуынан деп топшылауда.
– Күннің ысуы күрделі физикалық-географиялық құбылыс. Ол тек күннің сәулесіне ғана емес, атмосфера құрамына, бұлттылық деңгейіне, жер бетінің түріне байланысты. Мәселен ашық, құрғақ аймақтар күн энергиясын тез сіңіріп, тез қызады. Ол аймақта ауа температурасы жоғары болады. Ал орманды не теңіз маңында бұл процесс баяу жүреді. Ауа температурасының жоғарылауы кезінде жылу балансы деген ұғым маңызды. Күннен келетін радиация мен жерден кететін жылу арасындағы тепе-теңдік бұзылса, мысалы, атмосферада парниктік газдар көбейсе, жылу атмосферада қалып қояды. Негізі күннің ысуы деген сөз бұл күннің өзі қызып жатыр дегенді білдірмейді. Мәселенің түпкі түйіні жер бетіндегі температураның көтерілуі туралы болып отыр. Бірақ соңғы жылдары жаз айлары қалыпты деңгейден айтарлықтай ысып кетуде. Оның бірнеше нақты ғылыми себебі бар. Біріншіден, күннен келетін радиациялық энергия бұрынғыдан өзгерген жоқ, бірақ жердің атмосферасы сол энергияны бұрынғыдай тиімді түрде қайтара алмай отыр. Себебі ауада парниктік газдар – көмірқышқыл газы, метан, су буы сынды заттар көбейген. Бұл газдар жылуды ұстап қалып, оны қайта ғарышқа шығармайды. Екіншіден ормандардың жойылуы, топырақтың тозуы, қалалардың көбеюі – бәрі де табиғи «салқындату жүйесінің» бұзылуына әкеліп соқты. Осылайша температура біртіндеп арта береді. Сонымен қатар техниканың дамыған дәуірінде тұрмыз. Астрология ғылымының өркендеген кезеңіндеміз. Ғарышқа ұшу жиілеп кетті. Бұл да өз әсерін тигізері анық, – дейді ғалым Сағынбай Мәлік.
Ал биылғы жаз мезгілі қалай болмақ? Былтырғы жылға қарағанда биылғы жыл несімен ерекше?
– Биылғы жаз мезгілі ыстық болады деп ойлаймын. Мұндай күндері далаға көп шықпауға кеңес беремін. Байқасаңыздар түнгі уақыттары аспандағы жұлдыздар да бұрынғыдан аз секілді болып көрінеді. Бұл да аспанның көлегейленіп, ертеңгі күннің не ыстық, не суық боларын бағдарлауға өз кедергісін келтіреді. Құстардың көп түрі елге қайта оралып жатыр. Олар да күннің ысуын сездіреді. Мұнымен қоса қазір қаламызда кірпінің көбейіп кеткенін көз көріп жүр. Оның аяқтарының қысқалығы, жерден сезілетін ыстықтың қаншалықты жоғары немесе төмен екендігін анықтай алады. Ал олар үшін салқынға қарағанда күннің ыстық болғаны тиімді болады. Кірпілердің көбеюі де күннің қатты ысуын сездіретіндей. Тағы да айта кетейін, көптеген өзен-көлдің тартылуына байланысты бұлттану деңгейі де төмен болары сөзсіз. Бұл дегеніміз жаңбырдың аз болуы немесе жаз айында мүлдем жауын жаумауының көрінісі. Әрине бұл тұрғыда айтқанымыз дәл келмеуі мүмкін. Дегенмен орын алып жатқан оқиғалар аясында жаз мезгілінің қандай болмағы белгілі болары сөзсіз, – дейді С.Мәлік.
Біз де болашақты болжап, табиғат заңдылығын түбегейлі зерттей алмасымыз белгілі. Алайда бұл тұрғыда арнайы мамандар жұмыс істеп, ауа райына болжам жасайтын «Қазгидромет» мекемесі бар. Олар ауа райына қысқа мерзімді болжамдар жасап, қауіпті және төтенше метеорологиялық құбылыстар туралы ескерту хабарламаларын таратады.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Қазгидромет» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалының метеорологиялық болжау және байланыс бөлімінің басшысы Әсия Ермекбаева 2-3 шілде күндеріне ауа-райы болжамын айтып өтті.
– Екінші шілде күні облысымызда жауын жаумайды. Солтүстік-шығыстан соғатын жел оңтүстік шығыс желіне ауысады. Оның соғу күші 9-14 м/с. Ал облыстың солтүстік-шығысында, оңтүстік-батысында, таулы аудандарында 15-20 м/с. Ауа температурасы түнде 17-22, таулы аудандарында 14 градусты көрсетсе, күндіз 35-40 градус қатты ыстық болады. Облыстың таулы аудандарында 32 градусқа дейін жетеді. Үшінші шілдеде түнде 20-25, облыстың таулы аудандарында 17 градус жылы, күндіз 37-42 градус қатты ыстық, облыстың таулы аудандарында 34 градус жылы болады, – дейді Әсия Ермекбаева.
Күннің ысу себептері мен қатар ауа райының болжамы, жаз мезгілінің қандай болмағы туралы бірқатар пікірлерді тыңдап көрдік. Күн ыстық болса да, салқын болса да барынша сақтанып жүргеніміз өзіміз үшін абзал екені анық.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ