
Көпқабатты үйлерді айтпағанда жеке үйлердегі аулалардың сәні мен мәніне айналып, балалар өздері қалаған ойындарын ойнап, у-шу болып жатушы еді. Шынын айту керек, ондай көріністер көңілімізді көркейтіп, көзімізді сүйсінтетін. Ал қазір ше? Жасыратыны жоқ, қазір көп үйлерде үнсіздік орын алуда. Олай дейтініміз кейінгі кездері қай үйге барсақ та жүздері жайнап, алдымыздан жүгіріп шығып, сәлем беріп жатқан әрі улап-шулап ойнап жүретін балалар өте аз. Себебі, қазір үлкендер де, кішілер де дүниенің ұясындай болған ұялы телефонға телміріп отырады. Ақыл-естері толық кірмеген балаларды айтпағанда ересек адамдардың өздері ұялғандарынан ба әйтеуір орындарынан зорға тұрып келіп сәлем береді. Кейде тіпті, өзіміз барып соларға сәлем беретін жағдайға жеттік. Сонда бұл телефонның әсері ме, әлде тәрбиесіздік пе, жоқ әлде өзіне жіпсіз байлап алатын ұялы телефонға көп қарап отырудан кейінгі жалқаулық па?
Халқымызда «Балалы үй базар» деген жақсы сөз бар. Бірақ, қазіргі кейбір баласыз үйлер былай тұрсын, балалы үйлердің өзі базарлы да назарлы болып жатқаны шамалы. Меніңше мұның бәрі телефонның кері әсері деп ойлаймын. Тіпті балабақша жасындағы балалардың телефонға үңіліп отырғанын көргенде жанымыз ашып, іштей қынжылатынымыз жасырын емес. Бәлкім содан да болар бүлдіршіндердің көбісі ойыншықпен ойнаудан қалып барады. Телефоннан бөлек ноутбук, компьютер деген тағы бар.
Мейлі, қайсымыз болсақ та телефонды, компьютерді шектен тыс пайдаланбағанымыз жөн болар еді. Өйткені оның көзге ғана емес, ой-санаға да, жүрекке де, қатты зиян екенін әлемдік ғалымдар мен дәрігерлер айтып та жүр. Сонымен қатар, үлкендер түгіл жасөспірімдердің ұмытшақтық пен ашуланшақтықтары өршіп барады. Сондай-ақ өскелең ұрпағымыз ғаламтордан ұлтымызға жат жағымсыз дүниелерді бойларына сіңіруде. Оның үстіне біз өзгелерге көп еліктеп, не болса соны тез қабылдайтын халық емеспіз бе?
Дегенмен, бабаларымыздың «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген қанатты сөзін ұмытып бара жатқанымыз өтірік емес. Өйткені оған мысал, электроника мен ғаламтордың жілігін шағып, майын ішкен жаһандық дамыған ел – жапониялықтардың еңкейген қарттарынан ес білген балаларына дейін әлі де бас алмай кітап оқитындарына неге еліктемейміз?! Олардың осылай ғылымдары мен техникаларының дамып жатқандары да алдымен кітаптың арқасы емес пе? Және жапондықтардың дипломды сатып емес, оқып алатындықтары тағы бар. Осының өзі үлкен бір мысал, әрі дәлел емес пе?!
Бұрындары көзілдірік кигендерді сирек әрі егде тартып қалғандардан ғана көруші едік. Ал қазір мектептегі балалар да көзілдірік тағатын болды. Енді тағы бір он жылдан кейін олардың көру және ойлау қабілеттері қандай болмақ? Жасыратыны жоқ, ол жағын ойлап жатқан ата-аналар да, басқалар да жоқтың қасы. Ол енді бөлек әңгіме.
Үнсіз үйлерді айтпағанда соңғы кезде түрлі көліктердің ішінде де үнсіздік орын алуда. Себебі қазіргі жолаушылар бұрынғыдай әдемі әңгіме-дүкен құра бермейді. Басым көпшілігі телефонға телміріп, өзімен-өзі «сен тимесең, мен тименің» күйін кешіп отырады.
Тіпті кейде саябақтар мен көпқабатты үйлердің алдындағы және көшедегі орындықтар телефонға қатты беріліп кетіп, үнсіз әрі қимылсыз отырған жандарды көргенде көзіме тасмүсіндер елестейді. Ол аздай дастарқан басында отырған кездің өзінде де бәрінің қолдарында бір-бір телефон. Шыны керек, бұрынғыдай дастарқан басында айтылатын тәрбиелік мәні зор әңгімелер де, үлгі тұтар үлкендердің ақыл-кеңестері де азайып барады.
Осы орайда өмірде болған бір оқиғаға тоқтала кеткенді жөн көрдім.
Бір күні бір отбасы күнделікті әдет бойынша кешкі ас ішпек болып, дастарқан басына жиналады. Бірақ олар телефондарымен қоса жайғасады. Сонда үлкен-кішісі бар бәрі телефоннан көз алмай, үнсіз отырып қалса керек. Сол сәтте шәй құйып отырған жас келін бірнеше рет оларға «Шәй ішіңіздер! Астан алыңыздар!» десе ешқайсысы үндемей телефондағы дүниелерді қызықтап отыра беріпті. Сонда ас бөлмені үнсіздік, ал бойын көңілсіздік билеген әлгі келін бәрінің телефонына «Шәй ішіңіздер, суып қалатын болды» деп хабарлама жазып жіберіп, ойларын бөлген екен.
Оны әлеуметтік желі арқылы көріп-білген көпшілік бір-біріне айтып, әбден күліп еді. Бірақ мен оған шынайы әрі қатты күлген жоқпын. Жай, миығымнан күлдім де қойдым.
Жасыратыны жоқ, әжетханаға да телефонмен кіріп, қай жерде отырғандарын да ұмытып кететіндер бар. Бұл әрине, мәдениетке де, этикаға да жатпайтын нәрсе.
Біз әрине, мүлдем телефоннан аулақ бол дегіміз келмейді. Телефонды тек орнымен қолданып, сол арқылы да үйреніп, білгенімізді игілікті істерге пайдаланып жатсақ қане!
Осы телефонның әсерінен бе әйтеуір адамдардың бір-біріне барыс-келістері де, жылылықтары мен сағыныштары да азайып барады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні лажы болса телефонға жөнсіз телміріп, үйімізді де, күнімізді де үнсіздікке айналдырғанша «Ұлылық-үнсіз еңбек» деп қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы айтпақшы, бір мезгіл газет-журналдар мен кітап оқып, өзге де шарапатты істермен ғана үнсіздікті басым етейікші, ардақты ағайын!
Ал, сіздер бұған не дейсіздер, қазіргідей ғылым мен техникасы дамыған заманның заңғар оқырмандары?
Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
ақын-журналист