Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жасөспірімдерді жақсылыққа баулу – маңызды

Жасөспірімдерді жақсылыққа баулу – маңызды
Автор
Жуалы ауданы әкімдігі білім бөліміне қарасты «Аула клубы» жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың шығармашылық және тұлғалық дамуына жол ашып отырған маңызды орталықтардың бірі.

Құрылғанына 12 жыл болса да, бұл орталық аудан балаларының өмірінде айтарлықтай орын алып үлгерген. «Аула клубы» алғашында 250 балаға арналған шағын орталық болатын. Бүгінде Нұрлыкент пен Диқан ауылдарын қамтыған филиалдардың арқасында оның мүмкіндігі бірнеше есеге өсіп, 2 376 оқушыны қабылдайтын деңгейге жетіп отыр. Осы уақыт ішінде 5 000-ға жуық жас аталған клуб қабырғасынан түлеп ұшып, түрлі бағыт бойынша алғашқы кәсіби бағдарын алды. Қазіргі таңда мұнда спорттық, көркем-эстетикалық, тіл-танымдық, жаратылыстану, туристік-өлкетану, экологиялық-биологиялық және ғылыми-техникалық бағыттарды қамтитын 22 үйірме жұмыс істейді.

Аула клубында 72 ұстаз қызмет атқарады. Олардың басым бөлігі жоғары білімді, тәжірибесі мол мамандар.

Соңғы жылдары клуб тәрбиеленушілері халықаралық деңгейде – 38, республикалық сайыстарда – 72, облыстық байқауларда – 76, аудандық жарыстарда 46 жүлде иеленді. Мұндай көрсеткіш орталықтың шығармашылық пен спорттық бағыттағы жұмыстарды жоғары деңгейде жүргізіп отырғанын дәлелдейді.

Өткен оқу жылында облыс әкімдігінің білім басқармасы ұйымдастырған «Ең үздік қосымша білім беру ұйымы» мониторингінде біздің клубтың үшінші орын алуы да беделімізді арттыра түскені анық.

Балалардың қызығушылығына қарай ашылған үйірмелер ауқымы да кең. Футбол мен волейболдан бастап, шахмат пен тоғызқұмалаққа дейінгі көптеген спорт түрлері, сурет, би, домбыра, театр секілді шығармашылық бағыттар, робототехника, IT және 3D-модельдеу сияқты техникалық үйірмелер жасөспірімдерге мол мүмкіндіктер беріп отыр. Сонымен қатар этномәдени бағыттағы сабақтар мен пікірсайыс клубтары, психологиялық тренингтер балалардың ұлттық болмысын сақтауға, тұлғалық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.

Соңғы жылдары жергілікті бюджет есебінен материалдық-техникалық база жаңарып, көптеген клубтар жөндеуден өтті. Цифрландыру үрдісі күшейіп, онлайн үйірмелер мен қашықтан оқыту құралдары енгізілді. Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында семинарлар, курстар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар, клубтың ата-аналар комитеттері, үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлік қозғалыстармен серіктестік орнатуы балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеудің тиімді тетігіне айналған.

Жуалы ауданындағы «Аула клубы» қосымша білім беріп қана қоймай, балалардың болашағына бағыт беріп, өмірлік дағдысын қалыптастыруда. Алдағы жылдары да осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, «Аула клубының» өңірдегі маңызы одан әрі арта түсері сөзсіз.

Ақбота ҚАҢТАРБАЕВА,

Жуалы ауданы әкімдігі білім бөліміне

қарасты «Аула клубы» мекемесінің директоры

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар