Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бақытты отбасының кілті – сыйластық

Бақытты отбасының кілті – сыйластық
Автор
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бұл жерде түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осы үйлесімділік пен бейбітшіліктің шағын көрінісі – Қордай ауылында тұратын Гайнутдиновтер отбасы. Олар түрлі мәдениеттер мен дәстүрлерді үйлестіре отырып, сүйіспеншілік пен сыйластықтың үлгісін көрсетіп отыр.

Бұл отбасы – мәдениеттердің үйлесімі мен махаббаттың, татулық пен өзара құрметтің символы. Олар өзара түсіністіктің, ұлттық дәстүрлерге деген құрметтің, бейбіт өмір мен берік отбасы құндылықтарының үлгісін көрсетіп келеді.

Вячеслав пен Дидардың таныстығы Алматы қаласында басталған. Қарағанды облысының тумасы, сымбатты да еңбекқор Дидар Қазақ ұлттық университетінің асханасында кондитер болып жұмыс істеп жүрген. Ал қордайлық жігіт, ар-намысы биік, сабырлы Вячеслав сол жерде жүргізуші қызметін атқарған. Бір жерде еңбек ете жүріп, олардың арасында жылы сезім оянып, уақыт өте келе үлкен махаббатқа ұласқан. 2008 жылы қос ғашық ақ отау тігіп, өмірлерін бір арнаға тоғыстырды.

Олардың бұл қадамын екі жақтың ата-аналары да қуана қолдап, ақ баталарын берген. Бұл – екі жүректің ғана емес, екі мәдениеттің, екі отбасының бірлігі еді. Мұндай жарасымды одақтар арқылы еліміздегі этносаралық татулық пен сенім нығая түсуде.

Дидардың айтуынша, Вячеслав өзі де көпұлтты отбасында тәрбиеленген. Анасы – орыс, ал әкесі – татар ұлтынан. Сондықтан ол жастайынан түрлі дәстүр мен мәдениеттің тоғысқан ортасында өсіп, төзімділік пен сыйластықты бойына сіңіріп жетілген. Осы құндылықтарды бүгінгі күні өз шаңырағында да берік ұстанып, ұрпағына үлгі етіп отыр.

– Біздің тойымыз қазақтың салт-дәстүрлеріне сай өтті. Құдалық, ұзату, беташар – бәрі жасалды. Үйленгеннен кейін ата-енемізден бөлек тұрсақ та, аралас-құралас болып, үнемі хабарласып, мерекелерде бас қосып тұрамыз. Айт күндері бауырсақ пісірсек, Пасха мен Масленицада құймақ дайындаймыз. Біз ұлтқа, тілге, дінге бөлінбей, біртұтас отбасы ретінде өмір сүріп келеміз, – дейді Дидар ханым.

Бүгінде бұл жарасымды отбасы екі баланы тәрбиелеп отыр. Қызының есімін Аружан деп нағашылары қойса, ұлына Асхат есімін әкесі өзі таңдаған. Ұлттық болмысты, мәдени үндестікті сақтауға тырысқан олар балаларына да осы рухта тәрбие беріп келеді.

– Үй ішінде екі тілде сөйлейміз. Балаларымыз мектепте орыс тілінде білім алса да, қазақша еркін сөйлей алады. Бұл – олардың қос тілді меңгеріп, ел болашағына саналы әрі жан-жақты азамат болып өсуіне үлкен мүмкіндік, – дейді отбасы иесі.

Гайнутдиновтер отбасы ұлттық болмысты ұлықтап қана қоймай, заманауи өмірдің талаптарына да бейімделген. Дидар Қордай ауданындағы наубайханалардың бірінде кондитер болып жұмыс істейді. Өз ісіне ұқыпты, тәтті тағамдар жасауды өнер деп білетін ол клиенттердің алғысына бөленіп жүрген маман. Ал Вячеслав – техниканы жетік меңгерген механик. Ол өз кәсібін дөңгелетіп, Қордайда шағын техникалық жөндеу орталығын ашқан. Күн сайын түрлі көліктерді жөндеп, ел игілігіне адал еңбек етіп жүрген азамат.

– Ең бастысы – адал еңбек пен өзара сыйластық. Біз әрбір жетістігімізге маңдай терімізбен жеттік. Еңбекқорлық пен төзімділік – отбасы бақытын арттыратын қасиеттер, – дейді олар.

Вячеслав қазақ халқының мәдениетіне ерекше ықыласпен қарайды. Ол қазақтың ұлттық тағамдарын сүйсініп жейді, әсіресе ет пен Наурыз көжеге деген ықыласы ерекше. Мерекелерде Дидардың қолдан дайындалған тағамдарын мақтанышпен дастарханға қояды. Бұл – оның қазақ халқына деген құрметінің бір белгісі ғана емес, сонымен қатар махаббат пен құрметке негізделген отбасылық татулықтың да көрінісі.

– Жаман ұлт жоқ. Әр адамның бойындағы жақсы немесе жаман қасиет оның ұлтына емес, алған тәрбиесіне байланысты. Біз осыны әрқашан балаларымызға айтып отырамыз. Бақытты отбасының кілті – жүректің үндестігі мен адамгершілікке негізделген сыйластық, – дейді ерлі-зайыптылар.

Гайнутдиновтер отбасы – еліміздегі этносаралық үйлесімділік пен бірлік саясатының шағын көрінісі. Олар махаббат пен сыйластықтың шын мәніндегі бейнесі. Осындай отбасылар – қоғамның берік іргетасы, ел бірлігінің кепілі.

– Біз еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен дейміз. Бейбіт өмірдің құнын бағалап өскен ұрпақ қана елдің болашағына шын жанашыр болады. Отбасымыздағы татулық әр шаңыраққа жұғысты болып, әрбір жанұя махаббат пен бірлікке негізделсе екен. Қазақстандағы бейбітшілік пен келісім мәңгі жалғасса деген тілегіміз бар, – деп түйіндейді олар өз әңгімесін.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,

журналист,

Қордай ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар