КЕЙ САЛАДА КӨРСЕТКІШ НЕГЕ ТӨМЕН?
Әулиеата өңірінің осы жылғы қаңтар-қыркүйектегі әлеуметтік-экономикалық дамуына зер салсақ, облыстың жалпы өңірлік өнімі 1 триллион 550 миллиард 600 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 107,9 пайызды көрсетіпті. Ал қысқа мерзімді экономикалық индикатор – 110,2 пайыз. Өсім экономикадағы негізгі салалардың өндіріс көлемін арттыру есебінен қамтамасыз етіліпті. Атап айтсақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі 18,3 пайызға, құрылыс жұмыстары – 16,5, байланыс – 9,1, ауылшаруашылық – 3,1, көлік – 2,7, сауда 1,4 пайызға артқан. Өнеркәсіп саласында есепті кезеңде облыстың кәсіпорындары 967,8 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, 18,3 пайыз өсімді көрсеткен. Осылайша біздің аймақ республика бойынша өңірлер арасында бірінші орынға көтеріліпті. Өсім негізінен тау-кен өндірісінде 41,7 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 13,3 пайызға, электрмен жабдықтауда 10,1 пайызға, сумен жабдықтауда 5,4 пайызға ұлғаю есебінен қамтамасыз етіліпті.
Жалпы облыстағы өнеркәсіптің 63 пайызын өңдеу өнеркәсібі құрайды. Биыл осы салада 609 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 13,3 пайызға ұлғайған. Өңдеуші өнеркәсіптің өсімі химия саласында, тамақ өнімдері, құрылыс индустриясы, мұнай өңдеу және машина жасау сияқты салалар арқылы қамтамасыз етілген. Мысалы, мұнай өңдеуде 144,5 пайыз өсім бар болса, құрылыс индустриясы 135,8 пайызға артқан.
Алайда кей салаларда өндіріс төмендеп отыр. Металлургия саласында 14 пайызға, жеңіл өнеркәсіпте 6,4 пайызға азайған. Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, металлургиядағы нәтиженің төмендеуіне әлемдік нарықтағы ферроқорытпа бағасының тұрақсыз болуы және шикізаттың жеткіліксіздігі себеп болған. Сондықтан «Тараз металлургиялық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ферросиликомарганец өндірісін 2023 жылғы мамырдан бастап тоқтатқан. Жеңіл өнеркәсіп бойынша «Таразкожобувь» ЖШС-нда арнайы аяқ киім өндірісі азайған. Себебі еліміздің Қорғаныс министрлігінен түсетін тапсырыс көлемі кеміген. Соның салдарынан бұл өндіріс орны биыл бар-жоғы 20 мың жұп аяқ киім өндіріпті. Аудандар бойынша да өсім біркелкі емес. Сарысу және Мойынқұм аудандарында өңдеу өнеркәсібі азайған. Сарысу ауданында «Асыл-тұз» ЖШС жөндеуде тұрса, ал «Интеррин» ЖШС бұрғылау жұмыстарын тоқтатқан. Мойынқұмда «Мыңарал Тас Компани» серіктестігінде портландцемент өндірісі біршама азайған, яғни 1206,4 мың тоннаға дейін кеміген. Өткен жылы бұл кәсіпорын 1217,8 мың тоннаға дейін өнім өндірген екен. «Алтыналмас» компаниясы да алтын өндірісін азайтып, 1488 мың тоннаның орнына 1396 мың тонна өнім шығарған.
– Ауылшаруашылық саласында биыл жалпы 363 миллиард теңгеге өнім өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,1 пайызға артық. Бірақ облыс бұл көрсеткіш бойынша республикада тоғызыншы орынға жайғасты. Дегенмен, барлық аудандарда өсім байқалғанын айта кетуіміз керек. Бір ескеретін жайтты айтар болсақ, «Жамбыл облысы Тараз қаласының шекарасын өзгерту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 29 қарашадағы №1014 қаулысына сәйкес, Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл аудандары бойынша электрондық кестелердегі деректер қайта есептелуде. Өсімдік шаруашылығына келсек, өнім көлемі 214 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,8 пайызға көп. Ауылшаруашылығы дақылдары 639,7 мың гектарға орналастырылып, егістік алқабы 2,1 пайызға артты. Осы жылдың 21 қазанындағы жағдай бойынша, дәнді дақылдардан 396,1 мың тонна, майлы дақылдардан 31,3 мың тонна, картоптан 206,5 мың тонна, көкөністен 1208,5 мың тонна, бақша дақылдарынан 389 мың тонна, қант қызылшасынан 27,5 мың тонна өнім жиналды. Малшаруашылығының өнімі 148,0 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,1 пайызға артты. Аудандар бойынша барлық жерде өсім байқалды. Негізгі капиталға биыл 491 миллиард теңгеге инвестиция тартылды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 39,1 пайызға көп, ал республика өңірлері арасында екінші орында тұрмыз. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі 398,8 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі бойынша 145,9 пайызға қол жеткіздік. Өңірлер арасында Қордайдан басқа барлық ауданда инвестиция тарту қарқыны өскен. Анықтама ретінде айта кетсем, Қордай ауданында өткен жылы «Корцем» ЖШС-мен цемент зауытының құрылысы іске асырылды. Ал құрылыс саласында биыл 254,9 миллиард теңгеге түрлі жұмыстар жүргізілді. Есесіне өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 16,5 пайызға ұлғайып, республика өңірлер арасында ондыққа кірді. Жүзеге асырылуы тиіс жобалар барлық ауданда орындалғанымен, кей аудандарда аздап төмендеу байқалды. Мысалы, Мойынқұм ауданында құрылыс жұмыстары 49,2 пайызға азайған, ал Шу ауданында көрсеткіш 0,6 пайыз деңгейінде қалыптасты. Мойынқұм мен Шудан басқа аудандарда өсім бар. Мойынқұмдағы меженің орындалмауының себебі өткен жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің қайта құрылысы жүргізіліп, Күрті-Бурыл-Байтал жолы учаскесіне қайта жаңарту жұмыстары жүргізілген болатын. Есепті кезеңде жаңа құрылыс көлемі бұдан аз болғандықтан нәтиже осылай болып отыр. Шу ауданында көрсеткіштің төмендеуі «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС филиалының мыс өндіру бойынша тау-кен капиталын игеру шығындарына байланысты құрылыс жұмыстары азаюынан болып отыр. Есепті кезеңде пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 522,2 мың шаршы метрді құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 1,7 пайызбен облысымыз республикада 15-орынға тұрақтады. Барлық аудандарда тұрғын үйдің пайдалануға берілген көлемі артты. Тек Жамбыл ауданында 11,8 пайызға аз. Оған жеке құрылыс салушылардың тұрғын үйді пайдалануға беруді азайтуы себеп болып отыр, – дейді Сандуғаш Ермаханқызы.
Негізінде жоғарыда мысалға келтірілген сандар облыстың тұрғын үй және инфрақұрылым саласы тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Өйткені кей ауданда республикалық бюджет тарапынан көрсетілер қолдау бойынша бұрын ірі құрылыс қолға алынып, биыл ондай шаруа атқарылмауы мүмкін. Есесіне тұрғын үй немесе мектеп секілді басқа да нысандардың пайдалануға берілуі облыс орталығынан бөлек, аудандарда да қарқынды жүргізіліп, жаңа нысандардың ашылып жатқаны белгілі. Сондықтан халықаралық жолдар мен негізгі коммуникациялар бойынша жүргізілген ірі жобалар құрылыс саласының жалпы көлемінің орындалмай қалуына айтарлықтай әсер етіп отырғанын ескеруіміз керек.
– Есепті кезеңде сауда айналымы 752,4 миллиард теңгені құрады. Бұл ретте көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға артық орындалып, республика өңірлері арасында он сегізінші орыннан көріндік. Бөлшек сауда бойынша 419,5 миллиард теңге айналым тіркеліп, меже 2,6 пайызға артық орындалды. Барлық аудандарда бөлшек сауда көлемі артқан. Көтерме сауда 331,1 миллиард теңгеге жетіп, 0,1 пайызға өсті. Көлік қызметтері де даму үстінде. Биыл бұл салада 469,8 миллиард теңгенің қызметі көрсетіліп, 2024 жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға өскен. Республика өңірлері арасында көлік қызметтері көрсеткіші он алтыншы орынға сәйкес келеді. Жалпы тақырып экономикалық динамикаға қатысты болғандықтан, тағы да нақтылай түскім келіп отыр. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысымен экономиканың негізгі салаларында оң динамика қалыптасты. Дегенмен өңірлер бойынша кейбір көрсеткіштердің төмен болғанын жасырмаймыз. Мысалы, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі Сарысу ауданында 26,2 пайызға, Мойынқұм ауданында 4,1 пайызға азайған. Жалпы инвестиция көлемі Қордай ауданында 25,9 пайызға төмендеді. Осы ауданда жеке инвестиция көлемі 33,7 пайызға, Мойынқұмда 27,3 пайызға кеміді. Құрылыс жұмыстары Мойынқұм ауданында 49,2 пайызға, Шу ауданында 0,6 пайызға азайды. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі Жамбыл ауданында 11,8 пайызға төмен. Мұндай ауытқулар көбіне арнайы жобаларға немесе бұрын орындалған көлемі ірі шаруалармен байланысты болып отыр. Десе де жыл қорытындысымен экономиканың барлық салаларында орын алған өсім қарқыны сақталады деп күтілуде, – деді С.Абдралиева.
ИНВЕСТИЦИЯ – ЕЛ ИГІЛІГІ
Инвестиция тарту бағытында қандай шаруалар атқарылып жатқанын білу үшін біз Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркеповке хабарластық. Ол инвестициялық серпіліс аудан экономикасын жетістікке бастайтынын, қазіргі таңда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытында оң өзгерістерге қол жеткізілгенін сөз етті.
– Негізінде аудан халқының еңбекқорлығы, кәсіпкерлердің белсенділігі және жергілікті атқарушы биліктің істі ұйымдастыра білуі нақты нәтижеге жетелейтіні анық. Жұмыла атқарған, бірлікке негізделген тірліктің арқасында аудан экономикасының негізгі салалары тұрақты түрде өсіп, оң динамика қалыптасып отыр. Аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі рекордтық деңгейге жетті десем, артық айтқандық емес. Қазіргі уақытта негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 12,2 миллиард теңгені құрап, жоспарды 167,9 пайызға орындадық. Бұл көрсеткіш инвесторлардың аудан экономикасына деген сенімінің жоғары екенін айқын көрсетеді. Сонымен қатар ауданның инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Құрылыс саласында 9 миллиард теңгенің жұмысы атқарылып, тұрғын үй құрылысы 10 602 шаршы метрді құрады. Халықты тұрғын үймен қамтуды арттырудың арқасында жоспар 104,5 пайызға орындалып отыр. Өнеркәсіп саласы да серпінді дамуда. Өндірілген өнім көлемі 15,2 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсім көрсетті. Бұл аудан кәсіпорындарының өндірістік қуатының артып келе жатқанын айғақтайды. Сауда саласында да оң динамика байқалды. Бөлшек және көтерме сауда айналымы 6,4 миллиард теңгеге жетіп, өсім индексі 109,8 пайыз болды. Бұл аудан тұрғындарының сатып алу қабілеті мен экономикалық белсенділігінің артып келе жатқанын көрсетеді. Осы көрсеткіштер Т.Рысқұлов ауданында инвестиция тарту, құрылыс, өнеркәсіп және сауда салаларының бірдей дамып келе жатқанын, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен тұрақты өсімнің қамтамасыз етілгенін дәлелдейді. Ауданның негізгі тірегі – ауылшаруашылығы саласы. Жалпы өнім көлемі 19,7 миллиард теңгені құрап, жоспар толық орындалды. Малшаруашылығында 103,7 пайыз нәтижеге қол жеткізілсе, өсімдікшаруашылығын дамыту бағытында да жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Бұл салада тиімділікті арттыру мақсатында инфрақұрылымдық жобалар, оның ішінде «Қарақат» каналының реконструкциясы қолға алынып, жыл соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде. Бюджет кірістері тұрақты өсім көрсетуде. Биыл 1 қазанға дейінгі кіріс көлемі 6,2 миллиард теңгеге жетіп, жоспар 185,7 миллион теңгеге артығымен орындалды. Өзіндік кірістер өсімі 107 пайызды, яғни 3,3 миллиард теңгені құрады, – деді аудан әкімі.
Өткен жылы 45 жобаға 5,8 миллиард теңге бөлініп, 37 жоба толық іске асыпты. Қайыңды, Сабденов және Қорағаты елді мекендерінде 3 фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілген екен. Аққайнар, Мамыртөбе, Қосапан және Тойқұдық ауылдарына таза ауызсу жеткізіліпті. 19,5 шақырым жол жөнделіп, 13 елді мекен қамтылған.
– 2025 жылға 3,6 миллиард теңгеге 8 өтпелі жоба жоспарланып отыр. Олардың қатарында Малдыбай ауылындағы 120 орындық жаңа мектеп пен 4 елді мекенді таза ауызсумен қамту нысаны бар. Сонымен қатар 10 жаңа жобаға 4,7 миллиард теңге қарастырылған, оның ішінде кезекте тұрған 120 әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту және мектептерді күрделі жөндеу жобалары да бар. Жеке секторда 4,6 миллиард теңгенің 12 жобасы іске қосылып, 152 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жыл соңына дейін 16,2 миллиард теңгеге 12 ірі жоба жүзеге асырылады. Олардың ішінде жоба құны 4,5 миллиард теңгені құрайтын «Gakku Qus» құс фабрикасы мен жем зауытын атап өтуге болады. Бұл жобалар аудан экономикасын әртараптандырып, жаңа өндіріс бағыттарын қалыптастыруға жол ашады. Аудан бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз болса, бұл облыстық көрсеткішпен тең. Экономикалық белсенді халық саны – 27 700 адам. Жұмыспен қамту шараларымен 3 299 азамат қамтылып, 1 721 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Ауданда еңбек қатынастарын заңдастыру мәселесі де назардан тыс қалып отырған жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстар нәтижелі жүргізілуде. 83 жұмыс берушіде 226 қызметкердің келісімшарты заңдастырылып, 76 кәсіпорында 155 қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 22,4 пайызға өсті. Ауданымыздың алдағы жылдары да даму қарқынын бәсеңдетпей, жаңа жетістіктерге жете беретініне сенім мол, – деді Ернар Серікәліұлы.
ШУДА ШЕШІМІН ТАПҚАН МӘСЕЛЕ КӨП
Шу ауданында да экономиканың дамуы тұрақты. Өнеркәсіп саласында 92 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың көрсеткішінен едәуір жоғары болған. Ауылшаруашылығы саласында 61,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, тұрақты өсім байқалған. Тұрғын үй құрылысы 28,3 мың шаршы метрді құрап, меже жоспардан асыра орындалған. Сауда айналымы 27,8 миллиард теңгеге жетіп, бұрынғы көрсеткіштен біршама жоғары болған. Құрылыс жұмыстары 34,1 миллиард теңгені құрап, инвестициялар көлемі 78,6 миллиард теңге деңгейінде қалыптасқан.
– Ауданға нвестиция тарту – басты міндеттердің бірі. 2024 жылы 26, ал биыл 17 инвестормен кездесу өтті. Қазіргі уақытта аудан бойынша 28 жобамен жұмыс жүргізілуде. Оның ішінде 7 жоба іске асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Мәселен, «Alstom» электровоз зауыты арқылы 150 жұмыс орны, «ХИМ-плюс» гербицид зауыты – 48, «C9 Technologies» кассалық чек өнімдерін өндіру цехы – 10, «Chemical Engineering» аммоний бифторидін өндіру цехі – 20, «КПМ Пласт» полиэтилен құбырлары цехы – 25, ЭкоБәйшешек» – өндірістік үй-жай – 30, «КазТрубЗавод» құбырлар цехі арқылы 47 жұмыс орны ұсынылды. Сонымен қатар 8 жоба құрылыс кезеңінде, ал 13 жоба жобалау сатысында тұр. Аталған жобалар толық іске қосылғанда 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Арнайы атап өтер болсақ, «Shengtai Biotech Co» жүгеріні өңдеу зауыты құрылысына 40 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды. Кәсіпорын толық іске қосылғанда 1 500 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 3-5 миллион тонна өнім шығарылатын болады. Аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында «Jibek joly» АЭА аумағы кеңейтілуде. Бастапқыда 505 гектар болған жерге қазір 700 гектар қосылды, болашақта 1 300 гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Жайылым жерлерді тиімді пайдалану үшін зерттеу жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы 9 926 гектар жер мемлекеттің қорына қайтарылды. Биыл жыл соңына дейін 13 000 гектарды мемлекетке қайтару көзделсе, оның ішінде 11 211 гектар мемлекет меншігіне алынды. Ирригациялық жүйелерді жаңарту да жалғасып жатыр. Аудандағы 95 каналдың 15-і толық жөнделіп, су берілді. Қалған 80 канал 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жаңартылатын болады. Тұрғын үй мәселесіне тоқталып өтсем, халықты баспанамен қамтуда кезекке тұру «Отбасы банк» арқылы жүргізіледі. Ол дегеніміз, 18 жасқа толған Қазақстанның кез келген азаматының тұрғын үй кезегіне тіркелу мүмкіндігі бар деген сөз. 2023-2024 жылдар аралығында атқарған жұмысымыздың нәтижесінде 182 азамат баспаналы болды. Осы жылдың қорытындысымен 140 отбасы үйлі болады деп жоспарлануда. Десе де бұл салада өзекті мәселе де жоқ емес. Шу қаласындағы «Жетісу» ықшамауданында бос тұрған 300 пәтерлік 4 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу мақсатында түрлі инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Алайда, ниет білдірушілер болмағандықтан, жобамыз қолдау таппай жатыр. Сонымен қатар 2024 жылы Шу қаласындағы «Жетісу» ықшамауданындағы 80 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Мердігер мекеме «Шебер Билд» ЖШС-ның республика бойынша проблемалы мекеме болуына байланысы, құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. Өйткені қазіргі таңда сот органдары арқылы аталған мекемені жосықсыз деп тану бойынша процесс жүргізілуде. 35 елді мекеннің 32-сі ауызсумен қамтамасыз етілген. Шу қаласында жаңа су имараты іске қосылды, ал қалған ауылда және қаланың кей ықшамаудандарында жұмыстар жалғасуда. Кәріз жүйесі 36 жыл жөнделмеген, бұл мәселе шешімін күтіп отыр. Сондай-ақ 35 елді мекеннің 19-ы газбен қамтамасыз етілген. Қалған 16 елді мекенде газ қысымы жеткіліксіз немесе экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Қонаев ауылындағы АГРС құрылысы 2026 жылы аяқталады, бұл қалған 10 ауылға газ жеткізуді қамтамасыз етеді. Аудандағы маңызды мәселелердің бірі – елді мекендердің көшелерін жөндеу. Биыл аудан бойынша жалпы ұзындығы 90,3 шақырымды құрайтын 113 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазірге дейін 69,2 шақырымдық 88 көшенің жұмыстары толық аяқталды. Ал қалған 18,9 шақырымдық 25 көшенің жөндеу жұмысы келер жылға өтпелі. Ауданның Балуан Шолақ, Абай, Сауытбек, Алға, Көккайнар, Жаңажол және Белбасар ауылдарында ішкі көшелер толық асфальтталған. Шу қаласында 313 көше болса, жалпы ұзындығы 204 шақырымды құрайды. Оның ішінде 99 көше әлі асфальтталмаған. 2023-2024 жылдары қалада 62 көшеге асфальтталып, 3 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынса, 16 көшеге шағал тас төселді. Нәтижесінде асфальтталған көшелердің үлесі 52 пайыздан 61 пайызға дейін өсті. Биыл 26,6 шақырымдық 44 көшені жөндеу жоспарланған. Қазірге дейін 19,5 шақырымдық 26 көше асфальтталып, жұмыстары толық аяқталды. Қалған 7,1 шақырымдық 18 көше 2026 жылға қалдырылды. Осылайша, асфальтпен қамтылған көшелер саны 236-ға жетіп, жалпы көшелердің 75,4 пайызын құрайтын болады. 2026-2028 жылдар аралығында қаладағы асфальтталмаған шамамен 80 көше мен 10-20 жыл бұрын жөнделіп, ескірген көшелерді жаңарту жоспарланған. Жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады, – дейді аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков.
Бүгінде аталған аудандағы теміржол бекетінің ғимаратын жөндеу, «Жеңіс» саябағын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. «Жеңіс» саябағы осы айдың соңына дейін пайдалануға беріледі екен.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ




