Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Баланың еңбекке ерте араласқаны дұрыс па?

Баланың еңбекке ерте араласқаны дұрыс па?
Автор
Бүгінгі таңда кәмелетке толмаған жасөспірімдер отбасына қолғабыс болу үшін әртүрлі жұмыс істеуге мәжбүр. Олар көбіне қалалық жерде көлік жуып нәпақа тапса, енді бірі мейрамханаларда даяшы болып, базарда сауда жасайды. Ауылдық жерде де өз бау-бақшасын қойғанда бір шаруашылықтың алқабында арам шөп жұлу, қозы-лақ бағу секілді жұмыстарды істейтіндер де бар.

Таңнан қара кешке дейін күнұзақ ойын қызығына батып жүрген балаларды көргенде, ойыны қанбастан, таңалакеуімнен көзін тырнап аша сала жұмысқа кетіп бара жатқан балғындарға қарап жаның ашитыны рас. Жалпы балалар жұмысты өз еріктерімен атқарып жүр ме? Әлде үлкендер тарапынан қысым жасалған соң, нәпақа табуға кірісті ме екен? Қайткен күнде де баланың еңбекке ерте араласқаны дұрыс па?

Негізінде жеткіншектердің қолында арнайы жұмыс беруші тарапымен жасалған еңбек келісімшарты болмағандықтан, жұмыс барысында зиян шегіп, яғни балалар ауырып немесе жарақат алған жағдайда олардың құқығы қалай қорғалады? Мұндай оқыс жағдайда кім жауапты болады, жұмыс беруші ме, әлде ата-ана ма? Көкейде осындай сан сұрақтың бары рас. Алайда жазғы демалыс басталғанда балалардың ата-анасына қолұшын созып, еңбек еткенінің тиімді екенін де жоққа шығара алмаймыз.

Осы орайда Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында арнайы дүңгіршекте сауда жасап тұрған балақаймен тілдескен едік.

– Әке-шешеммен ақылдасып, өзім ақша тапқым келетінін айттым. Олар басында «кішкентайсың ғой, үйде отыр» деп қарсылық білдірді. Алайда достарымның бірі ауылға кетсе, енді бірі түрлі жұмыс істеп жүргендерін айтып, мен де жұмыс істеп, ақша тауып көруді өтіндім. Ақырында келісімдерін берді. Басында мені баласынып, «сата алмайды» деп қорқақтап, анам екеуі кезектесіп, қатты қадағалаған болатын. Мен саудаға шыққалы бір айдан асты. Қазір үйреніп қалдым. Ешкімнің бақылауынсыз, өзім-ақ табыс тауып, ақша жинап жүрмін. Мысалы, ауылдағы туыстарына, ата-әжесінің үйіне қыдырып кеткен достарым да шөп жинап, мал қарап, түрлі тірлік істеп жүр. Қалада қалған достарым да бос жүрген жоқ. Мен де соларға қарап, тірлік істегім келді. Қазір тапқан ақшама үйдегі екі қарындасыма күнде тәтті алып барамын. Өзімнің үлкен аға болғанымды енді шын сезініп жатырмын. Үйдің үлкені болған соң, осылай үлгі көрсеткеніме қуаныштымын. Өзіме осы істеп жүрген жұмысым қатты ұнайды, бірақ сауда жасап жүргеніме сыныптастарымнан ұяламын. Сондықтан «олар көріп қоймаса екен» деп алаңдап жүрмін, – дейді аты-жөнін жазбауымызды өтінген 13 жасар балмұздақ сатушысы.

Бірақ барлық бала өз қалауы бойынша ата-анасының қолдауымен осылай жұмыс істеп жүр ме? Ең алдымен балаға жұмыс істеу қаншалықты қажет? Кейбір балалар жұмыс істеуге мәжбүр шығар? Мәселен, Дүниежүзілік балаларға құрмет сыйлығын иеленген Икбал Масих атты пәкістандық баланың балалық шағы ата-анасының қарызын өтеу үшін құлдықта өткен. Ол 1983 жылы Пәкістанның Лахор қаласында туған. Әкесі кедей жұмысшы болған. Ал шешесі Инаят үй тазалап, еден жуушы болып жұмыс істеген. Ата-анасы ішерге тамақ таппай, кілем шығаратын фабрикасы бар кәсіпкерден қарызға ақша алады. Соның орнына Икбал фабрикада жұмыс істейді. Біраз уақыт өткенде Икбалдың анасы қатты сырқаттанып, оған ота жасау керек болды. Әлгі кәсіпкерден тағы ақша алуға мәжбүр болған. Қарызын қайтара алмаған. Сөйтіп 4 жасар бала 6000 рупиге, яғни сол кездегі қазақстандық банкнот құнымен есептегенде 5000 теңгеге сатылады.

Икбал күніне 12 сағат, аптасына 7 күн жұмыс істейтін болған. Оған 30 минут қана демалыс берілген. Оның бір күн де демалуға хақысы жоқ етін. Бір күні Икбал қасына бірнеше досын ертіп, қашып шығып, полиция бөлімшесіне барады. Алайда ақшаға құныққан полицейлер кілем шығаратын кәсіпкерден балаларды кері қайтару үшін ақша алып, қайта өткізіп жібереді. Дәл баяғыдай сусыз, тамақсыз, тіпті бір қателігіне бола айлығын кесіп тастайтын жалшылық өміріне қайта оралады.

Кейін Икбал екінші рет қашып шығып, Үндістандағы еріксіз еңбекті тоқтатумен айналысатын үкіметтік емес ұйымын құрушы Ихсан Канға кездесіп, азаттық алады. Сөйтіп 11 жасында алғаш рет партаға отырды. Ол өзінің қайсарлығының арқасында құрметке бөленіп, түрлі марапатқа ие болады. Бірақ 1995 жылы 13 жасында күтпеген жерден қаза тапты. Ол өзінің аз ғана ғұмырында мыңдаған жұмысшы баланың құқығын қорғады.

Жалпы мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыс бойынша департаменті облыстағы еңбек қатынастарын реттеу мен еңбек заңнамасының орындалуын бақылайтын бақылау-қадағалау функциясы бар мемлекеттік орган екені белгілі. Еңбек кодексіне сәйкес жұмысшылар мен жұмыс берушілердің өтініш, арыз-шағымдары осында қаралады. Осыған орай департаменттің тек ресми тіркелген, яғни еңбек шарты бар жұмысшылар мен жұмыс берушілердің құқықтарын қорғауға мүмкіндігі бар. Өз кезегінде мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыс бойынша департаментінің еңбек саласын бақылау және талдау бөлімінің басшысы Жанат Мұхатаевамен тілдескен едік.

– Кәсіпкерлерді өз бастамамызбен тексеруге мүмкіндігіміз жоқ және рейдтік тексерулерге қатысып, кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғау үшін немесе белгілі бір жұмыс жүргізіп, шара қолдануға қолданыстағы заңнама рұқсат бермейді. Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабына сәйкес жоспардан тыс тексеру жүргізуге жұмысшылар мен жұмыс берушілердің өтініштері, арыздары, шағымдары және прокуратура органдарының тапсырмалары негіз бола алады. Өткен жылы жүргізілген ішінара тексерулер кезінде 18-ге толмаған азаматтардың еңбек құқықтарының бұзылу фактілері анықталған жоқ және олардың еңбек құқықтарына қатысты арыз-шағымдары тіркелмеген. Айта кетейік, ақпараттық-түсіндіру және еңбек тәуекелдерінің алдын алу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. «Еңбек қатынастарын заңдастыру, еңбек қауіпсіздігі және өндірістік жарақаттарының алдын-алу» тақырыбында облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты №3 Байзақ колледжі мен Жаңатас көпсалалы колледжінің студенттерімен кездесу өтті. Кездесу барысында еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі және өндірістік жарақаттар туралы жан-жақты талқыланып, студенттердің көкейінде жүрген көптеген сұрақтарға жауап берілді. Одан бөлек, «Ашық лекция» жобасы аясында мамандар Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің білім алушыларына лекция оқып, сұрақтарына жауап берген болатын. Алдағы уақытта оқу орындарынан сұраныс болған жағдайда департамент еңбек қатынастарын реттеу мен еңбек заңнамасының орындалуы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге дайын. Себебі, заң шеңберінде уақытша жұмысқа орналасқысы келетін білім беру ұйымдарының оқушылары мен студенттері үшін қолданыстағы заңнаманың кейбір талаптарын білу қажет. Атап айтқанда, Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес 16 жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі. Толықтырып айта кететін болсам, орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайда 15 жасқа толған балалармен, оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін 14 жасқа толған оқушылармен, кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға немесе орындауға қатысу үшін 14 жасқа толмаған жасөспірімдермен еңбек шарты жасалуы мүмкін. Осы баптың 2-тармағында айқындалған жағдайларда еңбек шартына кәмелетке толмағандармен қатар оның заңды өкілдерінің біреуі қол қоюы тиіс. Кәмелетке толмағандармен жасалған еңбек шартында қысқартылған жұмыс уақыты көзделеді. 14-16 жас аралығындағы жұмысшылар үшін жұмыс уақыты аптасына 24 сағаттан аспайды, ал 16-18 жас аралығындағы жұмысшылар үшін жұмыс уақыты аптасына 36 сағаттан аспауы тиіс. Сонымен қатар 18 жасқа толмаған қызметкерлердің жұмыс уақытын пайдалану арқылы жұмысқа тартуға жол берілмейді – дейді Жанат Жетібайқызы.

Негізі кәмелетке толмағандарды түн ішінде жұмысқа шығуға, ауыр жұмыс істеуіне, денсаулығына немесе моральдық дамуына зиян келтіретін және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарда пайдалануға тыйым салынады. Одан бөлек құмар ойындар, түнгі ойын-сауық, алкоголь және темекі өнімдерін өндіру, тасымалдау және сатуға болмайды. Мұндай ортада жұмыс істеу кәмелетке толмаған баланың психологиясына кері әсер ететін болғандықтан, жасөспірім дәл осындай ортада жұмыс істеуі емес, қайта қорғалуы тиіс.

– Бала еңбегін заңсыз пайдаланған тұлғалар еліміздің Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 86-бабының 3-тармағына сәйкес айыппұл төлейді. Яғни, заңды бұзған шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 80, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 150, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 200 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Егер әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн жұмыс беруші бiр жыл iшiнде тағы бір рет бала еңбегін заңсыз пайдаланатын болса, айыппұл мөлшері бірнеше есеге дейін өседі – дейді Жанат Жетібайқызы.

Әкесі өмірден ерте озып, анасы мен қарындасына қамқор болып жүрген 14 жасар Жасұлан Берікұлын аулада танымайтын жан жоқ. Оған себеп – жас баланың елгезектігі. Қандай өтініш айтсаң да, жерге қалдырмай, екі айтқызбай орындайтын қағілездігі еді. Оның осы жайдары мінезі кім-кімді болсын сүйсінтпей қоймайды. Сондықтан болар үлкендер Жасұланды жұмсауға асық.

Оның үстіне ешқайсысы жас баланың көңілін қалдырған емес. Қолына аз-маз тиын-тебен ұстатады. Әрбір ісін тиянақты істейді әрі үлкендердің өтінішін жерге қалдырмай, үнемі батасын алып жүреді. Көрші-қолаңның үй жинатып, кейде балаларын да бақтырып қоятын кездері болып тұрады. Жауапкершілігі зор жасөспірім еш жұмысты тосырқамай атқара беретіндігімен қатар тындырымдылығымен көзге түскен. Сондықтан осы аймақта Жасұланның көмегіне жүгінбеген таныстары кемде-кем.

– Ата-анам балалар үйінде өскен. Кейін олар үйленген соң, шешем қарындасыма аяғы ауыр кезде әкем қайтыс болды. Анам аурушаң еді. Бауырым екеуміз анамның көңіліне қарап өстік. Бірде бас көтере алмай қатты ауырды. Мен ол уақытта 6 жаста едім. Үйде жейтін тамақ таппадық. Анамның дәріге ақша іздеп жүргенін білген соң, қарным ашқанда үнсіз жылай бердім. Сонда қарындасым «Аға, нан тауып берші» деді қиналып. Оның жәутеңдеген көздері сондай аянышты еді. Сол күні таң қылаң бере, көшеге шықтым. Есіктің алдында майда-шүйде сатып тұратын апайларға бұрыннан көмектесетінмін. Олар маған үнемі шоколад, сағыз беріп тұратын. Бұл жолы бергендерін алмай қойдым. Нан алып беруін өтіндім. Сол күннен кейін олар менің жағдайымды түсінді. Қолыма тиын-тебен ұстатты. Сөйтіп алғашқы еңбегіме үйге нан мен макарон алып келдім. Содан бастап еңбектің нанының тәтті екенін ұғына бастадым. Кейін көлік жудым, жарнамалық қағаз тараттым. Түрлі жеңіл-желпі жұмыс істеп азын-аулақ табыс тауып, анам мен бауырымды қуанышқа кенелттім. Қазір жазғы демалыс кезінде базарда жұмыс істеп жүрмін. Саудагерлердің «барып кел, шауып келі», яғни қазіргі тілмен айтқанда «курьері» менмін. Ақша жинап велосипед сатып алғанмын. Соның арқасында барар жеріме тез жете қоямын. Анам да қазір жұмыс істеп жүр. Қарындасым да үнемі көмектеседі. Өзіммен қатар достарымды да еңбекке баулып, бірге жұмыс істеуге үйреттім. Ең құрығанда мектепке қажетті оқу құралын, сөмке сатып аламыз. Баланың жұмыс істегені өте дұрыс деп ойлаймын. Үйінде смартфон шұқылап жата беретін немесе әке-шешесінің ақшасын оңды-солды шашып жүретіндерді түсінбеймін, – дейді 14 жасар Жасұлан Берікұлы.

Жасұланның анасымен тілдесудің де сәті түсті. Баласының еңбекке ерте араласуын оны өмірдің өзі ерте есейткенімен байланыстырған Мәрзия Нұрманова көзіне жас алды.

– Әкесінің көзі тірі болса, өзге балалар сияқты ойнап жүрер еді. Жалғыз қорғаныма, өмірлік тіреуіме айналған жолдасым өмірден өткенде қатты қиналдым. Ауру да меңдеп алды. Балаларым кішкентай кезінде «Осыларды қалай әкесіз жеткіземін?» деген ой мен күйзеліс жанымды жегідей жейтін. Содан төсектен тұра алмай қиналып, қатты ауыра бердім. Менің бас көтеруіме ұлымның еңбекке араласып, нәпақа тауып жүргені үлкен себепші болды. Аяғымнан тік тұрып, осы ұл-қызымның ертеңі үшін ес жидым. Бірақ балама «жұмыс істеме» деп айтқаныммен, көрші-қолаңның ұлыма деген құрметін, қамқорлығын көргенде ішімнен дән риза боламын. Еңбекке апарар жолдың дұрыс жол екенін ұғып, маңдай терімен табыс тапқанына сүйсінетін болдым. Егер мемлекет тарапынан бала тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін жеткілікті қолдау көрсетілсе, балалар қиын жұмыстарды істеуге мәжбүр болмас еді деп ойлаймын. Сондықтан баланың жаз бойы жалданып жұмыс істегеніне қарсылық танытпас бұрын алдымен осы мәселе төңірегінде ойланған жөн шығар. Егер мемлекет тарапынан бала тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін жеткілікті қолдау көрсетілсе, жасөспірімдер еңбек етуге мәжбүр болмас еді. Қаражат тапшылығы болмаса балаларымды жұмысқа жекпес едім. Төрт дүнием түгел, бәрі жеткілікті болса менің де ұлым ойнап жүрер еді. Алайда ұлымның еңбекке араласқаны маған үлкен көмек болып тұр. Сондықтан ұлымның жаз бойы жалданып жұмыс істегеніне қарсылық танытпадым – дейді Мәрзия Нұрманова.

«Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса. Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» дейтін қазақ қағидасына сүйенсек, әр нәрсенің өз уақыты бар екеніне көзің жетеді. Не болса да бала өз еркімен еңбек етіп, отбасына қолғабыс бола білсе, маңдай терімен тапқан дүниесінің қадірін де білері анық. Алайда мүмкіндік болса, бала өз қажетіне, қызығушылығына қарай тірлік жасағанына не жетсін?!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар