
Бағдат Меңдібекқызы еңбек жолын Жамбыл медициналық колледжін тәмамдаған соң, мейірбике лауазымымен бастаған. Алғашында І қалалық ауруханада, кейіннен қалалық емханада жұмыс істеп, үлкен тәжірибе жинады. Кейіннен облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы орталығына жұмысқа орналасып, эпидемиология саласындағы жолын бастады. Мұнда ол эпидемиолог көмекшісі, кейін эпидемиолог маман ретінде өз білімін әрі қарай дамытып, біліктілігін шыңдады.
Бүгінде кейіпкеріміз облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы орталығының зертхана бөлімінде тіркеу маманы болып қызмет етеді. Оның айтуынша, бұл орталықта атқарылатын негізгі жұмыстардың бірі – эпидемиологиялық зерттеу, яғни ВИЧ-инфекциясы анықталған әрбір жағдай бойынша эпидемиологиялық талдау жүргізу.
Бағдат Жапанованың айтуынша, ВИЧ инфекциясы көбінесе жыныстық қатынас арқылы, қан құйғанда, сондай-ақ хирургиялық және косметологиялық құралдардың стерильденбеуі салдарынан жұғады. Сондай-ақ, нашақорлар арасында бір шприцті бірнеше адамның пайдалануы да негізгі себептерінің бірі болып отыр.
– Бұл вирус жұққан кезде белгілері көбіне кеш білінеді. Ең алдымен температура көтеріледі, адам әлсірейді, асқа тәбеті болмайды. Иммунитеттің күрт төмендеуінен ауыз қуысында және денесінде жаралар пайда болады. Осындай жағдайларда біз биоматериал алып, алдымен облыстық зертханада, кейін қажет жағдайда Алматы қаласындағы ұлттық зертханада талдаудан өткіземіз. Егер диагноз расталса, пациент диспансерлік есепке алынып, арнайы вирусқа қарсы ем тағайындалады, – дейді Б.Жапанова.
Облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы орталығында диагноз қойылғаннан кейін эпидемиолог мамандар науқастың соңғы араласқан тұлғаларын, барған орындарын, өмір салтын зерттеп, эпидемиологиялық ізденіс жүргізеді. Бұған қоса, психологтар мен инфекционист дәрігерлер кешенді түрде жұмыс жүргізеді. Әрбір пациентпен анонимді түрде жеке әңгіме жүргізіледі. Содан кейін дәрі-дәрмектермен емдеу басталып, науқас диспансерлік бақылауға алынады.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, облыста ВИЧ инфекциясының таралуы жыл сайын тұрақты түрде артып келеді. 2024 жылы өңірде 113 жаңа жағдай тіркеліп, 100 мың адамға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші 9 пайызға жеткен (2023 жылы – 8,8 пайыз). Жалпы бүгінгі күнге дейін облыста 1929 адам ВИЧ инфекциясын жұқтырғаны белгілі болса, олардың 671-і СПИД-индикаторлық аурулардан көз жұмған.
Ауру ең көп таралып отырған жас шамасы – 15 пен 49 жас аралығы, әсіресе ер адамдар арасында көбірек тіркеліп отыр. Бұл – қоғамдағы еңбекке қабілетті топ екені белгілі. Өкінішке қарай, ВИЧ инфекциясы көбіне кеш кезеңде анықталып, науқастардың дер кезінде ем алуына кедергі келтіреді.
Бұл бағытта үлкен жауапкершілік облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы орталығының ИФА-лаборатория қызметкерлерінің иығына артылып отыр. Себебі зерттеу көлемі мен сапасы тікелей инфекцияның таралуына қарсы жұмыстардың тиімділігіне әсер етеді.
– Адамдар өз денсаулығына бейжай қарамауы керек. ВИЧ – үкім емес, уақытылы анықталып, ем жүргізілсе, адам толыққанды өмір сүре алады. Ең бастысы – дер кезінде тексеріліп, маман кеңесіне жүгіну, – дейді маман.
Оның айтуынша, ВИЧ инфекциясын жұқтырмаудың басты жолы – сақтық, ақпараттық сауаттылық, гигиена және сенімді медициналық қызметті пайдалану.
Кейіпкеріміз облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы орталығының мамандары аудандар мен ауылдарға шығып, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін айтады. Дегенмен, мұндай күрделі дертпен күресте қоғамның барлық мүшелерінің жауапкершілігі маңызды.
Бағдат Жапанова – тек білімді маман ғана емес, мамандығын шын жүрегімен сүйетін, өз жұмысын өмірлік ұстанымына айналдырған жан.
– Мен бұл мамандықты кездейсоқ таңдаған жоқпын. Денсаулық сқатау саласында еңбек ету– бала кезден бергі арманым еді. Адамдарға көмектесу, олардың денсаулығы мен өміріне жанашырлықпен қарау – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі рухани қажеттілік. Әсіресе, ВИЧ секілді күрделі індетпен бетпе-бет келген адамдармен жұмыс істеу үшін тек білім емес, жан жылуы мен сабыр керек. Қанша қиын болса да, мамандығымды шексіз жақсы көремін. Себебі әрбір анықталған дерек, әрбір жүргізілген эпидемиологиялық жұмыс – қоғамның амандығына қосқан үлесім деп білемін, – дейді Бағдат Меңдібекқызы.
Бағдат Жапанова үшін күнделікті атқарылатын зертханалық тіркеу, эпидемиологиялық талдау, диспансерлік есепке алу сынды жұмыстардың әрқайсысы – үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Ол өз мамандығын қадірлеп, әрбір науқастың тағдырына алаңдап қарайды. Науқастың бойындағы қорқыныш пен үмітсіздікті сейілту үшін тек дәрігерлік шеберлік емес, адамгершілік пен жанашырлық та қажет екенін ол жақсы түсінеді. Оның еңбекқорлығы мен табандылығы арқасында көптеген науқастардың дерті дер кезінде анықталып, қажетті ем-дом қабылдауға мүмкіндік алып отыр. Облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы орталығындағы мамандардың жанқиярлық еңбегі – қоғам саулығына қосылған өлшеусіз үлес.
Айжан ӨЗБЕКОВА