Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бақытжанның бірқақпайлары

Бақытжанның бірқақпайлары
Белгілі журналист Ерман Әбдиев газет-журналдардың жұмыстарынан бөлек, қаламгерлер арасындағы және ауыл адамдарының да тауып айтқан қызықты әрі мағыналы сөздерін жазып алып «Деген екен» деген сериямен бірнеше кітап шығарғаны әріптестері мен оқырмандарға аян. Ол ендігі кезекте ақын-журналист Бақытжан Әліқұловтың деген екендерінен тұратын шағын кітапшаны баспаға дайындау үстінде. Сол жинақтың ішінен бір топ деген екендерін газетіміз арқылы оқырмандарға ұсынуды жөн көрдік.

КҮНӘНІ КІМ КӨТЕРЕДІ?

Бірде Бақытжанға әр салада жұмыс істейтін таныс ағалары кездесіп қалып, араларындағы бір кісі: «Кеше қонақта болып, басымыз ауырып келе жатыр еді. Жақсы «закускасымен» бір-екі бөтелке алып, ағаларыңа кішігірім дастарқан жасап берсейші» депті. Бірақ, ол кез Рамазан айы екен.

Сонда Бақытжан: «Мейлі, мен дастарқанды көтерейін, онда сіз күнәмді көтеріңіз» депті.

 

КӨЛЕҢКЕНІҢ ҚОРЛЫҒЫ-АЙ

Қазіргідей емес, бұрындары ақын, жазушылар мен журналистер талдың түбінде отырып-ақ, жақсы әңгіме-дүкен құрып, бір-бірінің жазғандарына пікір айтып, сол жерде ащы суларын да ішіп жүре беруші еді. Сондай күндердің бірінде Жақсылық Сәтібеков, Нарша Қашағанов, Асқаржан Сәрсеков, Серік Томанов, Болат Бекжанов тағы басқа бір топ ақын, журналистер отырса, қастарына «Аq jol» газетінің журналистері Кеңес Рахметуллаев пен Әбдуәлі Әлиев екеуі келіп қосылыпты. Сонда Нарша ағамыз: «Бір Бестерек аз болса, тағы екі Бестерек келді» депті. (Негізі Жақсылық, Кеңес, Әбдуәлі ағалардың үшеуінің де рулары Бестерек екен.)

Бір талдың көлеңкесі аздау болса керек. Араларындағы ең жасы әрі шетте отырған Бақытжан күн жылжыған сайын күннің астында отырып қала беріпті. Сонда ол шыдамастан: «Бес емес, он бес теректің қасында отырсам да көлеңкеге жарымайтын болдым ғой» депті.

 

ЖАН АЛҒАННАН ҚАН АЛҒАН ЖАҚСЫ

Бір күні Бақытжан «АR-АI» газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабаевқа телефон шалып: «Өткендегі менің мақалама байланысты түсірген суретті «Ғұмыр-Дария» газетінің почтасына тездетіп жіберші» депті. Сөйтсе Алтынбек: «Мен қазір бір жерге кетуім керек еді. Кабинеттен шығып бара жатырмын. Ертең жіберейінші» десе, Бақытжан қоймай: «Жоқ, қазір жіберші. Бет жасалып жатыр, ертең кеш болады» депті асықтырып. Сонда Алтынбек әзілдеп: «Ой, сен де қадалған жерден қан алады екенсің» депті. Бақытжан да оған әзілдеп: «Алтеке, жан алғаннан қан алған жақсы ғой. Есесіне, қаның тазарып қалады» депті.

 

СҰРАМАҒАН АДАМҒА ШЕЛПЕК ЖОҚ

Бақытжанның Алматыда тұратын Дастан есімді досы жұбайы екеуі жұма күні үйіне бірнеше адамды шақырып, иіс шығарып құран оқытыпты. Шелпектің дәмді болғаны сонша бәрі сүйсініп жепті. Бір кезде есік жақта отырған Бекет есімді достары тағы да жегісі келіп ортада тұрған екі-үш шелпекке бір қарапты да қасындағыларға: «Мен жаққа шелпек жіберіңдерші. Айтпаса білетін түрлерің жоқ қой» депті, тиісіп сөйлеп. Сонда Дәулет деген жігіт: «Біз қайдан білейік сенің не жегің келіп отырғанын. Сұрасаң береміз ғой десе, Бақытжан Дәулетті қоштай түсіп:

«Жыламаған балаға емшек жоқ,

Сұрамаған адамға шелпек жоқ» деп, қол жалғап жіберіпті.

 

«ДЕДУШКАНЫҢ КӨЗІ ДЕВУШКАДА»

Халқымызда нағашы мен жиеннің қалжыңдары қашанда жарасқан ғой. Бірде Бақытжанның жасы жетпістен асқан, мұрт-сақалы қауғадай Боранбай деген намаз оқитын нағашысы телефон соғып: «Айналайын жиен, уақытың болса ойыншықтар сататын дүкенге барып келейікші. Кішкентай немерем ойыншық әпер деп қоймай жатыр» депті. Шілде айы екен. Сосын үшеуі жолда келе жатса, көйлектерінің етек-жеңдері қысқа қыз-келіншектер қастарынан өткен сайын Боранбай ата көзін алмай, тіпті артына бұрылып қарайды екен. Әңгіме айтып, еркелеп келе жатқан немересі шыдамай: «Ата, мені дұрыстап тыңдасаңызшы, ары-бері қарай бермей» деп бұртиыпты. Сонда Бақытжан: «Немеренің көзі дедушкада, ал, дедушканың көзі девушкада» депті. Сол сөзден кейіп Боранбай ата: «Әй, жиен-ай! Сен мені қатырдың ғой» деп әбден күліпті.

 

ТҮС ЖОРУ ТЕГІН ЕМЕС

Негізі Бақытжанның түс жори білетін де қасиеті бар екен. Кім болса да және ол қандай түс көрсе де дұрыс жорып беріп, тілегін қоса айтады екен.

Бірде Арман деген құрдасы (марқұм): «Бүгін бір түс көріп едім, соны жорып берші», деп түсін айтыпты Бақытжанға.

«Түсімде банктің қасынан өтіп бара жатып, екі пачка доллар тауып алдым. Не болады?» деп сұрапты.

Сонда Бақытжан сәл ойланып: «Алдымен сол ақшаның жартысын маған бер. Сосын жорып берем депті».

 

«ЖАНАЗАСЫН ШЫҒАРЫП ЖІБЕРМЕҢІЗ»

Бақытжан үйінен шығып, аялдамаға келе жатса Мира есімді бұзықтау әрі күйеуіне би бір таныс әпкейі кездесіп қалыпты. Сәлемдесіп болған соң Бақытжан: «Әпке, сізге не болған ашулысыз ғой, тыныштық па?» деп сұрапты. Сөйтсе ол кісі: «Ана байым бірнәрсені бүлдіріпті. Қазір барып, жанын шығарам» деп жүзі одан сайын сұрланып, үйіне асыға түсіпті. Сонда Бақытжан: «Абайлаңызшы, әпке, жанын шығарам деп, жаназасын шығарып жібермеңізші» десе, ашуға булығып келе жатқан Мира әпке шыдамай күліп жіберіпті.

 

«АНАМА ҰҚСАЙТЫН ҚЫЗ ІЗДЕП ЖҮРМІН»

Бақытжан жас кезінде саябақта серуендеп жүрсе жасы алпыстан асқан бір таныс кісі жолығып қалып, сәлем-саулықтан кейін Бақытжанға: «Сені осымен екі-үш мәрте қыздармен көрдім. Соған қарағанда жүргіш бәлесің-ау деймін?» депті қалжыңдап. Сонда Бақытжан оған: «Мен қыздармен жүрейін деп жүрген жоқпын. Анама ұқсайтын қыз іздеп жүрмін» десе, әлгі кісі: «Егер шынымен сондай оймен жүрсең жарайсың бала! Шіркін, анаң қандай тамаша жан еді...» деп арқасынан қағыпты.

Жазып алған Ерман ӘБДИЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар