Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жүйелі реформалар – ел дамуының негізі

Жүйелі реформалар – ел дамуының негізі
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген 2019 жылдан бері еліміздің саяси-идеологиялық, әлеуметтік-экономикалық келбеті түбегейлі өзгерді. Қазақстанда бірнеше маңызды әрі жүйелі реформалар іске аса бастады. Бұл реформалар саяси, әлеуметтік, экономикалық, құқықтық және инфрақұрылымдық бағыттарды қамтыды.

Кейінгі жылдары еліміз жаңғыруға түбегейлі бет бұрды. Ең бастысы, қоғамның сана-сезімі өзгере бастады. Саяси оқиғаларға баға беру тұрғысынан халқымыздың көзқарасы да жаңа сипатқа ие болды. Алға қарай адымдап қадам басты деуге болады. Біз заманауи және алдыңғы қатарлы қоғамға айналдық.

Ел Президенті қызметіне кіріскен 6 жыл ішінде ауқымды реформаларды қолға алды. Қолға алып қана қоймай, оның іске асуына Мемлекет басшысының өзі де тікелей атсалысып келеді. Бұл реформалар халықтың әлеуметтік жағдайының жақсарып, қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына себеп болды.

Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Нақты міндеттер Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында қамтылды. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек», деп атап көрсетті.

Мемлекет – аса күрделі құрылым. Оны реформалау және қандай да бір өзгеріске әкелу қиынның қиыны. Мұны жүзеге асыру үшін халықты ұйыстыратын ауқымды идея қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген тұста қоғамның мұндай идеяға деген сұранысы аса жоғары еді.

«Әділдік» ұғымы ұлттық реформалардың басты ұранына айналды. Бұл ұстаным ауқымды өзгерістердің үштағаны саналатын саяси, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық сана реформасының өзегі ретінде берік бекіді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуының саяси моделін қайта құру бойынша жаңа қадамдар жасау керектігін баса айтты. Суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар президенттік республикаға көшу туралы, мұндай жүйе елдің дамуына ықпал ететіндігін атап көрсетті. Ол үшін Парламенттің рөлін күшейту міндетін алға қойды.

Мемлекет басшысы еліміз үшін аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасын ұсынды. Бастамалар жұрттың шынайы қолдауына ие болды. Халық тәуекелге бел буып, бірден іске кірісті. Елде конституциялық реформа жасалды. Бүкілхалықтық референдум өткізіліп, Ата Заңға ауқымды өзгерістер енгізілді. Ата Заңға енетін өзгерістерді халық өзі қабылдады. Жаңа өзгеріс, жаңа кезең басталды. Бұл Әділетті Қазақстанның құрылысы аясында мемлекеттіліктің институционалдық негіздерін жаңартуға әкелді.

Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалды. Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Сондай-ақ Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық Сот құрылды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды.

Мемлекет басшысының суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті мықты президенттік республика тәсіліне өтуі, осы арқылы Президенттің өкілеттілігі шектеліп, оның туыстарының мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда жоғары лауазымдарға тағайындауға шектеу, саяси партияларды тіркеу тәртібін жеңілдету, азаматтық бақылауды күшейту, сот жұмысында ашықтықты қамтамасыз ету секілді бастамалар көптің көкейіндегісін дөп басты.

Қысқасы, жаңа жағдайдағы Жаңа Қазақстандағы саяси реформалар елдегі саяси институттың барлығын қамтумен ерекшеленеді. Сол арқылы Президенттің кейбір өкілеттіліктері Парламентке және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарына беріледі. Мұның өзі халық қалаулыларынан өз қызметіне жауапкершілікпен қарауды талап етті.

Мәселен, Президенттің ең алғашқы реформалар пакеті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында 2019 жылы жарияланды. Бұл реформаларда бейбіт шерулерге рұқсат беру жайы сөз болды. Арада бір жыл өткен, яғни 2020 жылдың 25 мамырында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заң қабылданып, наразылық шерулерін ұйымдастырудың құқықтық негізі пайда болды. Сол жолы Президенттің саяси партияларды құру үшін тіркеу кедергісін азайту, сайлауалды партиялық тізімдерге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыз квота енгізу тапсырмасы да өз деңгейінде орындалды.

2021 жылғы 10 қаңтардағы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы қорытындысы бойынша мәжілісмендердің құрамы 70 пайызға жаңарды. Жаңадан жасақталған Мәжіліс депутаттарының орташа жасы 55 жастан 50 жасқа дейін түсті. Төменгі палатаның алдыңғы шақырылымында 40 жасқа толмаған 7 депутат болса, кейінгі шақырылымда олардың саны 19-ға дейін артты. Ал сол жолғы сайлау қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттардағы бір ғана «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясының құрамы 65 пайызға жаңарды. Фракция құрамындағы әйелдер үлесі 30 пайызға дейін, ал 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 23 пайызға дейін өсті.

Саяси реформаларының алғашқы топтамасын жүзеге асыру мақсатында көптеген заң жобалары қабылданды. Оның ішінде, «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Заңдарға өзгерістер енгізілді. Саяси реформалардың екінші пакеті арқылы жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы қабылданды. Бір сөзбен айтқанда, ауыл әкімдерін жергілікті тұрғындар тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болды. Осылайша, 2021 жылдың 25 шілдесінде ел тарихында алғаш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Дәл осы күні республика аумағында 730 аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауыл округінің тұрғындары өз басшыларын өздері сайлады. 2021 жылдың соңына дейін тағы 45 елді мекеннің тұрғындары азаматтық белсенділік танытып, әкімдерін өздері сайлап алды. Бұл сөз жоқ, елордадан басталған саяси реформалардың лебін ауыл-аймақтағы әрбір қазақстандыққа сезіндірген шара болды.

Бұдан кейін азаматтарымыздың соңғы жылдардағы тағы бір талабы ретінде Президент пилоттық жоба ретінде аудан әкімдерін де тұрғындардың сайлауына мүмкіндік беруі керек екенін айтқан болатын.

2023 жылдың күзінде елімізде алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтті. Алдағы уақытта еліміздегі барлық аудандағы бос аудан әкімдерінің орнына сайлу өтіп, аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды.

Сондай-ақ, көтерілген маңызды мәселелердің тағы бірі – партиялардың Мәжіліске өту шегін төмендету болды. Егер, саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендетілсе, заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандыратыны сөзсіз. Осы ретте, алғаш рет сайлау бюллетенінде кандидаттардың аты-жөнінен кейін «барлығына қарсы» деген баған енгізілді. Бұл бастама да азаматтың ой-пікірімен санасатын демократиялық қоғам қалыптастырудың алғышартына айналды.

Қазақстандағы сайлау жүйесін трансформациялау барысында елімізде дүниежүзілік сайлау жүйесінің қағидаты негізінде мажоритарлық (бір мандатты) және пропорционалды сайлау жүйелері енгізілді. Нәтижесінде Парламент Мәжілісінің 30 пайызын, облыстық мәслихат депутаттарының 50 пайызын партиялық тізімдер бойынша, ал Қазақстан Республикасы Президентін, қала, аудандық мәслихаттардың депутаттарын, әкімдерді, өзге де өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауда бір мандаттық сайлау жүйесі қолданылып, жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде тікелей халық сайлайтын болды. Мажоритарлық сайлау жүйесінің ерекшелігі, сайлаушылардың басым көпшілігі дауыс берген кандидат сайланған болып саналады.

Тағы бір қолға алынған реформаның бірі – заңсыз активтерді қайтару. 2023 жылдың 12 шілдесінде Мемлекет басшысы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды. Әлеуметтік әділдікті қалпына келтіруге, халық игілігіне арналған дүние-байлықтың заңсыз жолмен әлдекімдердің қолына кетуіне ықпал ететін жағдайлар мен себептерді жоюға арналған құжатты әзірлеуге депутаттар бастама көтеріп, жүйелі әрі кәсіби тұрғыда жұмыс жүргізді.

Елімізде заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару бойынша жұмыс істейтін арнайы комиссия құру туралы Үкімет шешімі күшіне енді. Президенттің Жарлығымен Бас прокуратура жанынан заңсыз иемденілген активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылды. Қайтарылған ақшалай активтерді жинақтайтын қазынашылық шот ашылып, заттай активтерді басқарып, сатып, ақшаға айналдыратын ұйым құрылды.

Әділет жүйесіндегі реформалар да саяси реформалардың негізіне айналды.

Президент реформа саясатының маңызды нәтижелерінің бірі ретінде Конституциялық сотты қайта құрудың маңыздылығын атап өтті.

Конституциялық сот 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа форматта жұмыс істей бастады. Бұрын бұл институт 1993-1995 жылдар аралығында болған. Бүгінгі күні ол еліміздің құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігіне айналды. Құрылған күннен бастап жарты жыл ішінде-ақ 18 істі қараған бұл органның маңыздылығына Президент баса назар аударды. Реформалардың маңызды аспектісі азаматтардың белсенді қатысуы болды. Конституциялық сотқа түскен мыңдаған өтініш халықтың сот төрелігіне және заңдылықты құрметтеуге деген терең сұранысын көрсетті. Конституциялық соттың құрылуы биліктің бөлінуіне және конституциялық принциптердің сақталуына бақылауды қамтамасыз етуге ұмтылуға ерекше мән береді. Конституциялық сот шешімдерінің түпкілікті күші бар, бұл оның сот төрелігі жүйесіндегі тәуелсіз және беделді орган ретіндегі рөлін көрсетеді. Осы ретте, Президент ұсынған саяси реформалардың бір жаңалығы – адам құқықтарын қорғауға бағытталған шаралар. Мемлекет басшысы адам құқықтарын қорғау механизмдерін жетілдіретін және азаматтық қоғамды дамыта түсетін қолдау шараларын енгізді. Конституциялық сотпен қатар, заңдылықты қадағалайтын прокуратура мен Адам құқығы жөніндегі уәкіл конституциялық мәртебеге ие болды. Бұл қадамдар халықаралық стандарттарға сай келетін құқықтық жүйені қалыптастырды.

Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы қабылданған заңдар мен кешенді шаралар да әділетті мемлекет құру жолындағы маңызды реформаның біріне айналды. Отбасылық зорлыққа қарсы заң күшейтілді.

Бұл жөнінде Президент: «Жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу қажет. Бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақытылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Яғни біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті. Қоғам сіздерден отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-әрекет күтеді. Бұл мәселе әділетті мемлекет құру үшін өте маңызды. Көптеген әлеуметтік кеселдің түп-тамыры, соның ішінде қылмыс көбіне тұрмысы нашар отбасылардан бастау алады. Мұндай отбасылардағы зорлық-зомбылықтар балалардың сана-сезіміне және психикасына кері әсерін тигізеді. Сондықтан құқық қорғау органдары адамдардың құндылықтар жүйесі мен мінез-құлық моделін өзгертуде шешуші рөл атқара алады және атқаруы қажет», деп атап көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында да ауқымды реформалар жүргізіп келеді. Бұл – қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған.

Президент Тоқаевтың бастамасымен Конституцияға енгізілген өзгерістің бірі ретінде, жер мен оның қойнауындағы байлық халықтың меншігі ретінде айқындалғанын айта кету керек. Бұл қағида әлеуметтік саясаттың тірегіне айналды.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама арқылы еліміздегі әр балаға Ұлттық қордан қаражат бөліне бастады. Бұл шараның түпкі мақсаты – әлеуметтік теңсіздікті азайтып, балалардың өмір сүру жағдайын жақсарту. Бағдарлама өскелең ұрпаққа инвестиция салып, олардың білім алуына, денсаулығын жақсартуға және өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін болады.

Тағы бір қолға алынған реформаның нәтижесінде шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстары да артты. Бизнесті тексеруге үш жылға дейін мораторий жарияланды. Салық жеңілдіктері енгізіліп, кәсіпкерлікті тіркеу жеңілдетілді. Еліміздің логистикалық мүмкіндіктерін молайту арқылы табыс түсімін арттыруға жіті мән берілуде. Алдағы уақытта Қазақстанды логистикалық хабқа айналдыру жөнінде ауқымды міндеттер қойылды. Соған сәйкес инфрақұрылымды дамытудан бастап, қалыптасқан жүйені цифрландыру жұмысын қарқынды жалғастыруға айрықша мән беріліп отыр.

Елімізде іске асырылып жатқан реформалардың тағы бір бағыты ретінде ел Президенті индустрияландыру және инновацияларды дамытуға үлкен мән берді. Осы бағытта экономиканың әртараптандыру және жаңа технологияларды енгізу мемлекеттің маңызды міндеттеріне айналды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары қабылданды. Қабылданған бағдарламалар аясында жаңа өндіріс орындарын құру, ғылыми зерттеулерді қолдау және жоғары технологиялық салаларды дамыту көзделіп отыр. Реформа аясында цифрландыру саясатын жаңғыртып, бұл бағыттағы жетістіктерімізді еселеуге жаңа мүмкіндіктер жасалып келеді.

Сонымен қатар, энергетикалық, инженерлік жүйені түбегейлі жаңарту бастамасы қолға алынды. Халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін бұл сала ондаған жыл бойы қараусыз қалып келгені ешкімге жасырын емес. Мемлекет басшысы бұл жүйені түземей, тұрмыс түзелмейтінін жақсы білгендіктен нақты шешімдер қабылдады.

Әлеуметтік серіктестік қағидаттары да ерекше тоқталуды қажет ететін тақырып. Еліміз еңбек қатынастарын реттеуді, жұмысшылардың құқықтарын қорғауды және еңбек жағдайларын жақсарту мәселелерін айтарлықтай күшейтті. Әлеуметтік серіктестік аясында жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы диалогті нығайту мәселелері мен еңбек құқықтарын қорғау және өндірістік дауларды шешу тетіктерін жетілдіру маңызды орын алады.

Әлеуметтік саланың ең негізгі тірегі саналатын денсаулық сақтау және білім жүйесі де түбегейлі реформаға ұшырады. Аталған сала мамандарының жалақысын екі есеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Бұл шешім білікті де әрі жас мамандардың салаға келуіне жаңаша серпін берді. «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Заманауи жайлы мектептер мен балабақшалардың саны артып, қолжетімділігі жақсарды. Ғылымның дамуына айрықша көңіл бөліне бастады. Ұлттық ғылым академиясы өзінің тарихи тұғырына қайта қонып, мемлекеттік мәртебеге ие болды.

Жоғарыда аталған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күллі реформасының өзегінде «Заң мен тәртіп» ұстанымы тұр. Шын мәнінде, Әділетті Қазақстан осы екі түсінік үстемдік құрмай тамыр жая алмасы анық.

Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханның «Заң адам үшін жазылады. Адам заң үшін тумайды» деген сөзі бар. Еліміз қабылдаған барлық заңдар мен нормативтік құқықтық құжаттар ең әуелі азаматтарымыз үшін, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, оларды кертартпа қоғамдық кеселдерден сақтау үшін жазылған.

Мұның бәрі жаңа қоғамды, Әділетті Қазақстанды нық орнатуға бағытталған қадамдар. Президент ұсынған реформалар өз миссиясын орындап келеді.

Елімізде атом злектр стансасын салу да ел ертеңі үшін жасалатын маңызды қадамның бірі болды. Бұл Қазақстан үшін энергетикалық болашақ тұрғысынан шешуші кезең болмақ. Бұл үздіксіз электр энергиясын өндірудің ең озық тәсілінің бірі. Елде атом электр стансасын салу қоғамда қызу талқыланды. 2024 жылы 6 қазанда АЭС құрылыс бойынша референдум өтіп, халық өз таңдауын жасады. Бұл референдум елдің стратегиялық шешімдер қабылдаудағы халықтың пкірін ескеру бағытында жасалған нақты қадам болды. Осылайша энергетикалық қауіпсіздікке және экологиялық тұрақтылыққа бетбұрыс жасалынды.

Әділетті Қазақстан құру жолындағы Президентіміз қолға алған реформалар ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын жаңа құндылықтар тізімін, яғни адал азаматтың бейнесін айқын көрсетті. Себебі адал азамат – ескі жүйеге оралмаудың кепілі, әділеттілік құндылықтарының қорғаны.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылығымен еліміз алты жылды еңсерді. Бұл ұзақ жылдар бойы сірескен саяси жүйені серпілткен алты жыл болды. Қордаланған әлеуметтік мәселелердің түйінін шешкен, экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету үшін батыл ұмтылыс жасаған жылдар болды. Ең бастысы, жоғарыда айтқан реформаларды қолға алған, қоғам жылдар бойы күткен әділеттілікті төрге оздырған кезең болды.

Реформалар аясында бұдан бөлек жастарды дамыту, қайырымдылық қызметті ынталандыру, омбудсмен туралы заң қабылдау, қоғамдық бақылау жүйесін жетілдіру сияқты шаралар қолға алынды.

Жастар саясаты Президент тоқталған өзекті мәселенің бірі еді. «Депутаттар «жастардың әлеуметтік қызметтері» деген ұғымды заң жүзінде рәсімдеуі керек. Әлемдік тәжірибеге сәйкес Қазақстанда Жастардың даму индексін енгізген жөн. Жергілікті атқару органдарының жастар саясатын жүзеге асыруға қатысты жұмысы соның негізінде бағаланады» деген Мемлекет басшысы алдағы уақытта бұл бағытта да едәуір қозғалыс болатынын байқатады. Иә, шынында да жастарға жүйелі түрде жүргізілетін және оң нәтижелерге бағытталған мемлекеттік саясат қажет ететіндігі даусыз. Өскелең ұрпақ қабылданған осындай шаралардың нәтижесінде батыл шешім қабылдауды үйреніп, ертеңге деген сенімі артады. Жастарға арналған бағдарламалардың нәтижесінде көптеген жобалар іске асып, жастарға берілетін гранттардың қатары ұлғайды. «Жас маман» бағдарламасының ауқымы кеңейді.

Саяси реформалардың келесі бір жиынтығын енгізу арқылы квота нормасы заңнамалық тұрғыда бекітілді. Құқық қорғаушылардың құқығын сақтау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылданды. Шынында, Президенттің қолға алған саяси реформаларының нәтижесін халық айқын сезініп келеді. Әрі оның жүзеге асырылуына әрбір қазақстандық шама-шарқынша үлес қосып жүр.

Адалдық, теңдік сияқты принциптерге негізделген бұл реформалардың түпкі мақсаты Президент айтқан «Жаңа және әділетті Қазақстанды» құру екені ешқандай талас тудырмайды.

Аталған реформалар елдің саяси жүйесін жаңғыртуға, қоғамның саяси өмірге белсенді қатысуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға жол ашты. Түптеп келгенде, бұл ауқымды шаралар Әділетті Қазақстанның нықтап орнығуына мүмкіндік берді.

Алдағы уақытта жоғарыда біз атап өткен әділеттілікке негізделген әлеуметтік және экономикалық саясат қағидасы – еліміздің қуатының, халқымыздың әл-ауқатының негізгі сенімді күші болып қалатыны даусыз.

Осы реформалар арқылы Қазақстан демократиялық құқықтық мемлекетке, азаматтардың қатысуына негізделген басқару мен әлеуметтік қолдауды жүйелі түрде нығайту бағытында ірі қадамдар жасады. Әр сала бойынша нәтижелілікті арттыру үшін заңнамалық және институционалдық жаңалықтар енгізілуде.

Президент айтқандай, мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес.

Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Біздің барлық бастамамыз осыған бағытталуда. Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жеттетін боламыз.

Асан ТІЛЕМІСОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар