
– Әңгімемізді журналистиканың бүгінгі келбетінен бастайықшы, деңгейіміз өсіп жатыр ма, өшіп жатыр ма?
– Журналистиканың бүгіні және кешегісі деп салыстырудың қажеті жоқ деп санаймын. Меніңше БАҚ саласы заман ағымына сай дамып жатыр. Цифрлық технология дәуірінің игілігін ізімізді басып келе жатқан әріптестеріміз де көріп отыр. Бұрын қалай еді?! Қойын дәптер мен қаламсап «жансерігіміз» болатын. Мүжілген қойын дәптеріміз бен қаламсабымызды алып жиналыстарға барып, мамандармен, басшылармен сұхбат құратынбыз. Қазір кез келген журналистің алдында – компьютер, қолында – ұялы телефон, қалтасында – диктофон. Керегіңнің бәрі ұялы телефонның ішінде тұр. Қалаған адамыңа сұрағыңды жөнелтесің, тиісті ақпарат, мәліметіңді аласың. Бұл – дамудың белгісі емес пе?
Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі жас журналистер өте білімді, жан-жақты. Дейтұрғанмен, айтпай кетуге болмайтын бір мәселе бар. Қазіргі журналистер мақаласына қажетті барлық ақпаратты ғаламтордан алады. Сөз жоқ, интернеттен керегіңді табуға болады. Біз қызмет еткен уақытта мәселені терең зерттеп жазғымыз келсе, бірнеше кітапты ақтарып отыратынбыз. Ал қазір қолында цифрлық технологияның мол мүмкіндігі бола тұра дайын баспасөз парағын ақпаратқа айналдыра алмайтындар да бар. Оқырман оның басын түсінсе, аяғын түсінбейді.
Телеарналарда еңбек етіп жүрген көп журналистің сөздік қоры тым жұтаң екенін байқаймын. Ойын дұрыстап жеткізудің өзі мұңға айналғанда тақырыптың толық ашылмайтыны түсінікті ғой. Қысқасы материалының бір қайнауы ішінде қалып жатады.
Сөз басында айтып өткенімдей, заман талабына журналистика да өзгеріске ұшырап, дамып келеді. Журналистердің сол ағымға ілесе алғаны маңызды.
– Кейінгі жылдарда газет-журналдардың таралымы азайып, сайттар мен әлеуметтік желілер үстемдік құра бастады. Демократиялық, халықтық журналистика деген желеумен өздерін кәсіби журналиске балайтын блогерлер көбейді. Бұл журналистиканың кәсібилігіне, сапасына әсер етпей ме?
– Қазіргі баспасөздегі ең өзекті мәселе жастардың, орта жастағылардың газет-кітап оқымайтындығы деуге болады. Мұны қасіретке баласақ та артық емес. Шынын айтсам, айналып келгенде осы жағдай қазақ баспасөзінің күйреуіне алып келе ме деп қорқамын. Жаңа айтқанымдай, басым көпшілігі күнделікті ақпараттарды әлеуметтік желілерден, сайттардан оқиды. Тереңдетіп оқуға, ізденуге уақыт жоқ.
Оқырманға арнап газет шығарып жатқан соң, оның көп таралғаны жақсы. Газет оқырманымен бай, оқырманымен өтімді. Жүз немесе мың данамен шығарған газетіңнің ешкімге қажеті жоқ. Ол өзін-өзі ақтамайды. Ақтамақ түгілі өз шығынының бір бөлігін де жаба алмайды. Оқырман қызықпайтын газетке жаныңды салудың керегі қанша? Дегенмен бәріне халықты кінәлей беруге де болмайды. Журналистер қауымы ел қызыға оқитын газет шығаруымыз керек. Әлі де болса оқырмандар тарапынан «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» секілді басылымдарға сұраныс бар. Өйткені аталған газеттерде рухты көтеретін, дүниетанымыңды кеңейтіп, рухани байытатын мақалалар жазылады. Оқып отырып, рухани ләззат аласың.
Мәселенің тағы бір жағы бар екенін ұмытпауымыз керек. Бізде басылымдар, телеарналар жұмыс істеуі үшін мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында заң талаптарына сай конкурс арқылы қаржы бөлінеді. Тапсырысқа сай белгілі бір тақырыптарды жазып, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуі керек. Ақыры аяғында газеттер талапқа сай жазамын деп ресмилікке бой алдырады, бірін-бірі қайталай бастайды. Аудандық, облыстық газеттер бір-бірінен аумайтын мақалаларды жариялайды. Мемлекеттік ақпараттық саясат десек те, оның мазмұнын өзгертіп, түрін құбылтып оқырмандарға қызықты етіп жеткізуге болады. Билік бір жағынан, шығармашылық ұжым екінші жағынан мәселені ескеріп, шешімін табуға тырысуы қажет қой деп ойлаймын. Басылым деңгейінің төмендеуінің бір себебі осында жатыр.
Әлеуметтік желі деп те шулай беруге болмас. Ол заманның бізге берген жаңалығы. Әлеуметтік желінің жақсысын алып, жаманынан қашуымыз керек. Дегенмен, блогерлер ешқашан журналист бола алмайды. Мұны нық сеніммен айта аламын. Жазушылық қабілет адамға қанмен берілетін Құдайдың нығметі. Екінің бірі «жазуың керек» десеңіз хат та жаза алмайды. Көркемдеп, әдемілеп, елдің жүрегіне жететіндей етіп жазу – талант. Блогерлерді жаман үйретіп отырған біздің билік. Жұмыс болған соң кемшіліксіз болмайды. Ол үшін ешкім-ешкімнің басын кесіп алмайды. Оны Мемлекет басшысынан бастап қарапайым халыққа дейін түсінеді. Алайда блогерлер әкім-қаралардың жұмыстарынан кемшілік табады да, сол арқылы атқамінерлерді айтқанына жүргізіп, айдауына көндіргісі келеді. Әкімдер де «Осылар тыныш болсыншы» деп блогерлердің ықпалында болады. Біз осыны түсінуіміз керек. Журналистер жаңалықтың жаршысы десек, блогерлер әлеуметтік желідегі сенімді дереккөзге айнала алуы керек.
– Талай журналисті тәрбиелеп шығарған ұстаз ретінде айтыңызшы, жоғары оқу орындарында тілшілерді даярлау ісіне көңіліңіз тола ма?
– Баяғы кезеңді айтпайын десем те, тағы да өткенге қайта оралу керек болып тұр. Өйткені жастық шағымыз, еңбек еткен кезіміз, өмір жолымызда көргеніміз, үйренгеніміз сол уақыт қой. Біздің кезімізде Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бір ғана факультеті бүкіл Қазақстанға журналист мамандарды даярлайтын. Қазіргі классиктердің, ұлы жазушылардың, танымал журналистердің бәрі де осы факультеттің түлектері. Ол кезде қазіргі кездегідей бұқаралық ақпарат құралдары көп емес. Керек десеңіз біздің жас кезімізде облыстық телеарна да болған жоқ. Тек республикалық, одақтық арналар болды. Екі тілде жарық көретін аудандық бір газет, облыстық екі газет және республикалық газеттер жұмыс істеді. Дегенмен радио қызметі жанданып тұрды. Ауданда бір ғана радио ұйымдастырушысы деген штат болатын. Солардың барлығына бір оқу орны маман даярлады. Тәуелсіздік алдық, заман өзгерді, ақпарат ағыны асып-тасып жатыр. Өмірге тәуелсіз басылымдар, тәуелсіз телеарналар келді. Қазір облыс орталықтарындағы университеттердің, республикалық деңгейдегі оқу орындарының көбінде журналистика факультеті бар. Саны болғанымен сапасы жоқ. Рас өңірлік оқу орындарында журналистік білім алғандардың бірлі-жарымы жарқырап шығып жатыр. Алайда олар танымал болуды мақсат етіп, телеарналардың табалдырығын аттайды. Мұнда олар басылымдардағыдай қиындық көрмейді. Сөйлемнің құрылымы, тіл заңдылығы дегендей ескермейді. Әріптестеріміздің көңіліне келмес, бірақ көзіміз көріп жүрген жағдайды ашық айтпасақ тағы болмайды.
Ал енді газеттің тілшісі болу оңай жұмыс емес. Десе де қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Мәселен, газетте журналист бір мақала жазса бөлім басшысының, бас редактордың орынбасарының, ең соңында бас редактордың қарауынан өтеді. Ол лауазымда отырғандар белгілі бір деңгейде журналистиканың сатыларынан өткен азаматтар. Сондықтан газетке шыққан әр ақпарат сүзгіден өтіп, зерделенеді. Осы тұрғыдан басылымдар оқырмандарға шынайы, дұрыс ақпарат беріп жүр деп сеніммен айта аламын.
– Қазір сайттар, порталдар рейтинг қуады. Желі қолданушыларының назарын аудару үшін олар небір қитұрқы әрекеттерге барады. Көпшіліктің осындай «көпірме» әрі көшірме дүниелерге құмарлығын немен байланыстыруға болады?
– Дұрыс айтасың, сайттар, ақпараттық порталдар оқырман тартамын деп жеңіл нәрселерді, болмаған жайтты жазып жатады. Кейбір журналистер апат болғанын, адам өлгенін, дауыл тұрғанын қалап тұратындай. Дегенмен мүның бәрін дее алаулатып-жалаулатпай-ақ оқырманға жеткізуге болады ғой. Меніңше қайғыдан қызық іздеу қате тірлік. Ә-дегеннен жаға ұстатарлық жаңалықты сүйінші сұрағандай етіп жеткізетіндер көбейіп кетті. Елді жамандықпен шошыта беруге де болмайды. Тақырып таңдау журналистің өзі еркі. Солай екен деп, асыра сілтеу кәсіби этикаға жат дүние.
– Жалпы бұрынғы журналистика мен қазіргі журналистикада айырмашылық бар ма? Бүгінгі таңда газет-журналдар қандай қиындықтан шыға алмай жүр?
– Жаңа айтып өткенімдей, журналистиканы бүгінгі-кешегі деп бөліп алып қарауға болмайды. Себебі бәріміздің илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы. Журналистикадағы аға буынның да, жас тілшінің де мақсаты ортақ. Яғни шындықты бүкпесіз, боямасыз айту. Қазір барлық сала секілді журналистикада технологияның тиімді тұсын кәдесіне жаратып келе жатыр. Толассыз ақпараттық ағынына төтеп беру үшін «Кім жылдам?» сайысына түскендер «Не? Қайда? Қашан?» деген сауалдардың айналасын шиырлап жүр. Біздің кезіміздегідей очерк, талдамалы мақала жазылмайды. Әрине қысқа ақпаратпен елдің рухани сұранысын қанағаттандыра алмаймыз. Сондықтан жас журналистеріміздің талдамалы, сын мақалаларға көңіл бөлгені дұрыс қой деп санаймын. Сын деп қалдық қой, қазір сын жазып жатқан журналисті көп байқай бермейміз. Жазған күнде де оған селт ететіндер де байқалмайды. Есесіне блогерлердің шимай-шатпағы сауатты журналистің жан-жақты талдап жазған дүниесінен өткірлеу болып тұр.
Өздерін блогер санайтындардың көбіне сауат жетіспейді. Не орысша, не қазақша дұрыстап жаза алмайды. Бұл туралы өздеріне айтудай-ақ айтып жүрмін. Тек мен емес, Жамбыл журналистикасында ойып алар орны бар Көсемәлі Сәттібайұлы, Асқарбек Сейілхан сынды азаматтар да әлеуметтік желіде сол блогерлерге «қатесіз жазсайшы қарағым-ау, не жазғаныңды түсінбедік қой» деп сын-ескертпесін айтып жатады. Бірақ одан түзеліп, әр әрпін екшеп жазған ешкімді көрмедік.
Журналист ретінде мені бұқаралық ақпарат құралдарынының абырой-беделі алаңдатады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «оқитын ұлт қалыптастырамыз» деп ұран тастады, ал қоғам оқудан ажырап қалды. Қазақ баспасөзіне сұраныс азайды. Бұл мәселеде аға буын журналистердің кемшілігі бар ау деп ойлаймын.
– Жарты ғасырдан астам уақыт журналистика саласында қызмет еттіңіз. Сізге қамқор болған аға-әріптестер туралы айтып берсеңіз...
– Елу жылдан аса жұмыс өтілім болса, оның 40 жылы тікелей журналистикаға арналды. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сырттай оқып, еңбек жолымды Сарысу аудандық газетінде тілші болып бастадым. Содан облыстық газетте қызмет еттім, меншікті тілші атандым. «Еңбек туы» (қазіргі «Аq jol» ) газетінің екі бөліміне басшылық еттім. Он бес жыл аудандық газетте редактор қызметін абыроймен атқардым.
Қазір өткеннің биігінен қарасам, сол жылдарым керемет кезең екен. Талай айтып та, жазып та жүрмін, «Еңбек туы» газетін Баттал Жаңабаев басқарып тұрғанда сол кісінің қарамағына 22 жасымда тілші болып келдім. Бас-аяғы үш-төрт жылда ең күрделі саналатын өнеркәсіп-траспорт бөліміне меңгеруші болдым. Содан кейін тағы бір қазақ журналистикасының кемеңгері Арғынбай Бекбосынұлы редактор болып тұрғанда ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқардым. Ол шақта партия қызметі мықты еді. Болашағынан үміт күттіретін жас мамандарды партия өзіне қызметке тартатын. Мен де біраз уақыт аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі болып тер төктім. Көп ұзамай журналистикаға қайта оралып, Әлдихан Қалдыбаев ағамызбен бірге жұмыс істедім. Алдыңғы толқын ағаларымнан алғаным, үйренгенім көп болды. Кейде ұрысып та алатын, бірақ одан жаман болмадық. Мысалы, Баттал аға қатал басшы болғанымен, редакторлығы, маман тәрбиелеудегі ісіне алдына қара салмайтын. Ал, Арғынбай редактор ретінде газетті адам танымастай өзгертті. Тәуелсіздіктің елең-алаңында, қайта құру заманында бас редактор болды. Заманның жариялылық, демократиялық деген ұстаным көтерілген шақта Арғынбай ағамыз газетті жазықсыз қиянат көріп жатқан Асанбай Асқаров, Дінмұхамед Қонаев сынды тұлғаларымыздың арашасына айналдырды. Осындай ағалардың шекпенінен шыққан өзімізде бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүрміз.
– Күні бүгінге дейін қолыңыздан қаламыңызды тастамай келесіз. Журналистер одағының облыстық филалының төрағасысыз. Одаққа төраға болып сайланған кезден бері нендей жұмыстар атқарылды.
– Ол рас, қандай жағдай болмасын қолымыздан қаламымыз түскен жоқ. Журналист деген халық сол кәсіпті шамасы келіп тұрғанда атқара беретіні аян.
12 жылдан бері облыс ардагерлеріне арналған «Ғұмыр-Дария» деген газетті шығарамын. Шүкір, оқырмандардың алғысына бөленіп жүрміз. Сын-ескертпелер де айтылып тұрады, жылы қабылдаймыз.
Екі жылдан бері Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасымын. Журналистер одағы қоғамдық бірлестік болған соң ұйымда қаржы жоқ. Дейтұрғанмен журналистердің моральді тұрғыда қолдау үшін қолдан келгенше тиісті іс-шараларды ұйымдастырып тұрамыз. Мерекелерде құттықтап, сый-сияпат көрсетеміз. БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі кезінде де лайықты құрмет көрсетуге тырыстық. Облыс әкіміне, орынбасарларына рақмет. Айтқаныма құлақ асып, бастамаларымды қолдап жатады.
– Әңгімеңізге рақмет
Сұхбаттасқан Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Ақпарат майданындағы бесаспап маман
Ұқсас жаңалықтар
Ел тұрғындарының 40 пайыздан астамы спортпен жүйелі түрде шұғылданады
- авторAR-AY
- 30 маусым, 2025