
Жолдауда әсіресе туризм саласына баса назар аударылды. Президент бұл салада бірқатар түйткіл барын ашық айтып, ең әуелі кәсіби кадрлардың тапшылығын атап өтті.
«Тағы бір маңызды мәселе, бұл – туризм. Жалпы, бұл салада біраз түйткілді мәселе бар.
Мен шілде айында туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма бердім. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда. Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды. Міндеттердің ара-жігін ажыратып алған жөн. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады.
Ал шетелден туристер тарту мәселесі және отандық туризм саясатын заң тұрғысынан қамтамасыз ету орталық органдардың назарында болады» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы сондай-ақ тау туризмі мен тау шаңғысы туризміне баса тоқталды. Қазіргі таңда бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу. Егер осы міндетті ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның беткеұстар ұлттық бренді болмақ.
Жолдауда сонымен қатар білім беру саласына айрықша мән берілді. Президент атап өткендей, экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту жаңа міндеттер жүктейді, ал оны жүзеге асыруда басты рөл білім жүйесіне тиесілі. Мемлекет басшысының айтуынша, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 мектеп салу жоспарланған болса, соның 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр, қалғандары жақын арада пайдалануға беріледі. Атқарылған ілкімді істер өңірлердегі білім инфрақұрылымын жақсартып, балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік жасайды.
Әлемдік еңбек нарығының өзгерісін ескерген Президент маңызды құжатта жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру қажет екенін айтты. Осы мақсатта оқушыларға арналған жасанды интеллект негіздері бағдарламасы әзірленіп, ұстаздардың да жаңа технологияларды меңгеруіне жағдай жасалмақ.
Сонымен қатар қашықтан оқыту тәсілдері мен жасанды интеллектке негізделген «Qazaq Digital Mektebi» үлгісін құру ұсынылды. Бұл бастама ауылдық жерлердегі оқушылардың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Жоғары білім мен ғылым саласында да нақты міндеттер белгіленді. Ғылымды басқару тәсілдерін жетілдіріп, министрлік пен Ғылым академиясының үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету, университеттерге көбірек дербестік беру маңызды екені айтылды. Дарынды зерттеушілерді қолдау, білікті мамандарды елге қайтару және шетелден тарта білу – кадрлық әлеуетті арттырудың негізгі тетіктері ретінде көрсетілді.
Жалпы алғанда Жолдау білім, туризм, цирфландыру секілді маңызды салаларды жаңа деңгейге көтеруге жол ашып отыр.
Оразкүл ДОСЫМОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің
«Туризм және сервис» кафедрасының аға оқытушысы