
Қаламын қаруға айырбастаған журналистер үшін алғашқы сынақ арқанмен жартас өткелінен өту болды. Қатысушылар арнайы альпинистік құралдарды тағып, әскери нұсқаушылардың жетекшілігімен биікті бағындырды. Қорқынышқа берілмей, әркім өз мүмкіндігін көрсете білді.
Келесі жауынгерлік тапсырмада журналистер сапер күректері мен пышақтарды нысанаға дәлдеп лақтыруы тиіс болды. Бұл тапсырмада «Тaraz24» телеарнасының операторы мен облыстық «AR-AI» газетінің журналисі Ақтоты Жанабай лақтырған қаруын нысанаға дәл тигізуімен ерекшеленді. Қарулы күш өкілдері олардың шеберлігіне жоғары баға берді. Сондай-ақ әскери тирде «Қалашников» автоматынан ату жаттығуы ұйымдастырылды. Тілшілер 100 метр қашықтықтағы нысаналарды көздеп, бақылау атуларын орындады. Бұл бөлімде де «Тараз24» телеарнасының операторы мен «КТК» телеарнасының журналисі Виктория Савельева мергендігімен көзге түсті.
Жаттығулардың ішіндегі ең күрделісі – бронетехникамен жұмыс. Журналистер окоп ішінде жатып, үстінен МТЛБ жауынгерлік машинасының өтуін бақылады. Кейін шартты граната арқылы шабуылдау тапсырмасын орындады. Барлық қатысушылар бұл кезеңнен сүрінбей өтті.
Тау-егерлік полктің командирі, подполковник Алмас Отыншынов журналистердің дайындығына оң бағасын беріп, олардың батыл әрі тәртіпті болғанын атап өтті.
– Осындай талпынысына қарап отырып тілшілер арасынан да арнайы құрам жасақтауға болады деген ойға қалдым, – деді ол.
Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Нұржан Өмірзақов тілшілерді алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтап, әскери өмірді халыққа жеткізудегі еңбектеріне алғыс айтты.
Іс-шара соңында қатысушылар сарбаздармен бірге дала жағдайындағы түскі астан дәм татып, әскери бөлімнің 25 жылдығына арналған естелік футболкаларға ие болды.
Дина МУХАРИНОВА,
«Тараз» гарнизоны медиа орталығының жетекшісі