Қазақстанда әйелдер консультациялары қайтадан жұмыс істей бастайды
- author AR-AY
- 23 маусым, 2025
- 79

Қазақстанда жүкті және гинекологиялық аурулары бар әйелдерге арналған «әйелдер консультациясы» бөлімшелері қайта жұмыс істей бастайды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Жаңа бастама аясында медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) деңгейінде амбулаториялық қызмет көрсететін консультациялар құрылып, әйелдерге көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру көзделіп отыр.
Жаңартылған консультация құрылымында:
- бір күндік клиникасы бар ұрықты сақтау орталықтары,
- отбасын жоспарлау бөлімдері,
- жүктілікті көтере алмауға арналған кабинеттер,
- жоғары қауіп тобына жататын әйелдерді мультидисциплинарлық топпен бақылау кабинеттері ашылады.
- Сондай-ақ, репродуктолог пен балалар гинекологының қабылдауы да қолжетімді болады.
Бүгінде жүкті әйелдердің 99%-ы босанғанға дейінгі бақылаумен қамтылған.
Соңғы үш жылда пренаталдық скринингпен қамту көрсеткіші 8%-ға өсті.Нәтижесінде ұрықтың дамуындағы 7 мыңнан астам ауытқушылық ерте анықталып, 2 мыңнан астам өмірмен үйлеспейтін жағдайдың алдын алу мүмкін болды.
16 перинаталдық орталықта бір күндік клиникалар жұмыс істеп, 100 мыңға жуық жүкті әйел тексерістен өтті. Жалпы, 500 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілді.
Жоба аясында 55 жатырішілік операция жасалып, 86 нәрестенің өмірі сақталды. 25 әйел егіз баланы аман-есен дүниеге әкелді. Сонымен қатар, ағзаны сақтау операциялары 20%-ға артып, 2 мыңға жуық әйелдің бала туу қабілеті сақталды.
Денсаулық сақтау министрлігі 18 облыстық перинаталдық орталықты жаңғыртуға арналған мастер-жоспарларды бекітті. Шалғай өңірлерде медициналық көмекті қолжетімді ету мақсатында көпбейінді мобильді топтар құрылып, телемедицина, онлайн-тексеру және қашықтан кеңес беру жүйелері дамып келеді.