Енді мен бұл жолы «сұмырай келсе су құриды» тіркесіне тоқталғым келді.
Біздің елде бұл сөз жиі айтылып жатады. Мысалы, біреу келгенде су тоқтап немесе жарық сөніп қалса, ал біреу керек затын дүкенге немесе базарға іздеп барғанда соның алдында ғана бәрі сатылып, яғни бітіп қалған болса, қасындағылар оған «Сұмырай келсе су құриды» деп қағыта сөйлеп, қалжыңдайтын кездер болады.
Егер түпкі мағынасына үңілсек, бұл сөз адамға айтылмаған екен. Бірақ көпшілік «сұмырай» деген сөзді айтылған мағынасында қабылдап, солай қолданып кетсе керек.
Мен бұл жөнінде ерінбей әрі әдейі халықтың пікірін білмек ниетпен сұхбат жүргізіп көріп едім, қарттары да, жастары да, оқығандары да, оқымағандары да жоғарыда айтып өткенімдей жауап берді. Ал бір үлкен кісі маған: «Сонда сен мені сол сөздің мағынасын білмейді дейсің бе, әлде сынап тұрсың ба?» – деп реніш танытып еді. Дегенмен ол ағамыздың да жауабы жаңағылардікіндей болды. Кейбіреулері болса, «Бұл сөздің мағынасын асықпай ойланып көру керек екен» деп те қалды.
Ал енді оқырмандарды да ойландыра бастаған аталмыш сөздің негізгі мағынасына келер болсам, бірде бүкіл қазаққа аты мәшһүр қаз дауысты Қазыбек би Бала би атанған Қыдыралыны алдына шақырып алыпты да, амандық- саулықтан кейін бала биге дана би:
– Сұмырай келсе – су құриды,
Сүмбіле туса – су сасиды.
Қаһарланса – өң суиды,
Қар жауса – көң суиды...
Осы сөздердің мән-мағынасы не? – деп сынай қарапты.
Сонда Қыдыралы:
– Су тартыларда тасқын болар,
Аз күн алашапқын болар.
Су шіркінде не жазық бар?!
Қара суға ұрық шашатын,
Су тасыса кері қашатын,
«Сұмырай» деген балық бар.
«Сұмырай келсе су құриды...»
деген сөз содан қалған халықта...
Сұмырайдың да сұмырайы бар,
Сөз түйіні балықта емес,
Қалыпта...
Сүмбіледе күн жылымшыланып,
Түн салқындап, қырау түседі.
Топырақ-судың өлең-төсегі,
Топырақ суынған соң,
Су суымай не етеді?!
Көңілі тарылса – жүрек суынар.
Суынған жүрек ызғары өңге шабар.
Жүректі жылытатын
Мейірім мен пейіл болар...
Ал енді «Қар жауса – көң суиды...» дегеннің мәнін ұқпадым, Би-баба! Көң қатса қалыбына емес пе? – деп іркіліпті.
«Е... е!..» – деп күрсінген Би баба:
«Тақпақшыл бидің ойы таяз,
Сөзі жайдақ келеді,
Айтарын сайлап келеді.
Жайдақ сөз – айбат та,
Айғақ та емес.
Кесімді сөз қысқа болар,
Әрі нұсқа болар...
Тақпақтасаң да,
Тапқырлық таныттың.
Ақылыңа тұшындым!
Айтуыңа қанықтым!
Шешіліп сөйлесең де,
есіп сөйлеме,
Кесіп сөйле!
Ақ пен қараны шешіп сөйле.
Тақпақтап сөйлеп
Бала би атандың,
Тауып сөйлеп, дара би атан...
Таптап сөйлеп, дана би атан. Әумин!» – деп қол жайып, Қыдыралыға батасын берген екен.
«Естімеген елде көп» деген. Мінекей, бұл сөздің ежелден келе жатқан мағынасы осындай екен. Ал біздің бір-бірімізге айтып жүрген «сұмырай» сөзі балықтың аты болып шықты.
«Адам жүрген сайын көре береді, оқыған сайын біле береді» деген сөзді ата-анамнан да, өмір көрген өзге кісілерден де естуші едім бала кезімде. Сол рас екен. Мұны айтып отырған себебім, мен бүгін тілге тиек еткен сөз туралы нақты деректі жақында ғана оқып бітірген «Ұлылық қалғыса, ұлт ұйқыға кетеді» деген 385 беттен тұратын үлкен кітаптан алдым.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің бағдарламасы бойынша дайындалып, 2007 жылы шыққан бұл кітапқа өз халқымыздан бөлек, көне замандағы гректің ұлы ойшылдарынан бастап, әлемнің әр елінен шыққан дүниежүзіне танымал ғұламалардың, ғалымдардың, ақыл нақылдары мен қанатты сөздері топтастырылған.
«Кітап – ақылына ақы сұрамайтын асыл қазына» деп Әлішер Науаи айтқандай, бүгінде сондай асыл қазыналардың біріне айналған аталмыш кітапты білім мен ғылым жолында жүргендерге де, қарапайым халыққа да оқуға кеңес бергім келеді. Және бұл кітаптың ішінен әркім өзіне керегін алатынына да, білімдері мен ақыл-ойларының дами түсетініне де сенімім мол.
Ойымды Абайдың сөзімен түйіндейтін болсам,
«Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге».
Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ, журналист




