Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өзгерісті өзіңнен баста

Өзгерісті өзіңнен баста
egemen.kz
Қоршаған ортаны аялау, таза күйінде ұстау – әркімнің азаматтық парызы, қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бізде, өкінішке қарай, көп жағдайда «тазалықты сақтау – тек коммуналдық қызметтің жұмысы» деген түсінік қалыптасқан.

Көптеген дамыған елдің қалаларында тазалық пен тәртіп жоғары деңгейде. Оның басты себебі – тұрғындардың жоғары мәдениеті мен заңға бағынуы. Мәселен, жапониялықтар қоқысын өзімен бірге алып жүруге дағдыланған. Қоғамдық орындарда қоқыс жәшігі аз болса да, ешкім қалдықты жерге тастамайды. Мектеп оқушылары сыныптарды өздері тазалайды, бұл оларды кішкентайынан тәртіпке үйретеді.

Сол секілді Сингапурда тазалық мәселесі заңмен қатаң реттелген. Көшеге қоқыс тастаған адамға ірі көлемде айыппұл салынады. Қайталанған жағдайда қоғамдық жұмысқа тартылады. Соның нәтижесінде бұл ел әлемдегі ең таза мемлекеттердің бірі саналады.

Ал біз тазалық мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Біздіңше ең алдымен, отбасынан бастау керек. Әр ата-ана баласына қоқысты жерге тастамауды, тазалықты сақтауды үйреткені жөн. Бұл – баланың азамат болып қалыптасуына әсер ететін маңызды фактор.

Тараз қаласы, «Ұлы дала» ықшамауданының тұрғыны Айдана Сейітова есімді жас ана осы мәселеге қатысты өз ойын ортаға салды. Ол көптеген ата-ананың тазалық мәселесіне немқұрайды қарайтынына қынжылыс білдірді.

– Менің кішкентай балам бар, күн сайын аулаға серуендеуге шығамыз. Бірақ кейде балалар алаңында қоқыс, бос бөтелкелер, темекі тұқылдары жатады. Бұл – өте қауіпті. Балалар бәрін ұстап көреді, тіпті аузына салуы мүмкін. Осындай жағдайларды көргенде қатты алаңдаймын. Тазалық – тек коммуналдық қызметтің емес, әр тұрғынның жауапкершілігі деп ойлаймын. Қоқысты арнайы орынға тастау – қиын емес қой. Егер бәріміз соны түсінсек, ауламыз да, қаламыз да әлдеқайда таза болар еді, – дейді жас ана.

Тағы бір мәселе – тұрғындардың өз жауапкершілігін толық сезінбеуі. Кейде адамдар қоқысты терезеден лақтырып жібереді немесе қоқыс жәшігіне жеткізбей, жол жиегіне қалдырады. Мұндай әрекеттер қоршаған ортаға деген құрметтің жоқтығын көрсетеді. Өйткені таза орта – әр адамның денсаулығы мен жайлы өмір сүруіне тікелей әсер етеді. Зейнеткер Серік Қожамқұловтан осы мәселеге қатысты ойын білгенімізде көптеген ұсыныстарын ортаға салды.

– 2013-2018 жылдары аула тазалаушы болып істедім. Таңғы алтыда жұмысқа шығып, кешке дейін аула сыпыратынбыз. Ең қиыны – адамдардың еңбекті бағаламауы. Кейбір тұрғындар қоқысты жәшікке апармай, терезеден лақтырып жібереді. Таңертең тазалап кеткен жеріміз түске жетпей қайта былғанып жататын. Сондайда «Бұл еңбектің қадірі бар ма өзі?» деп ойлайсың. Негізі тазалық тек аула сыпырушылардың міндеті емес. Әр адам өз ауласын өз үйіндей көрсе, мұндай мәселе болмас еді. Қазір де қарап жүрмін, жағдай қатты өзгере қоймаған сияқты. Мәселені шешу үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Ең алдымен, экологиялық мәдениетті қалыптастыру маңызды. Балабақша мен мектептен бастап балаларға тазалықтың мәнін түсіндіру керек. Бұл – болашақта саналы ұрпақ тәрбиелеудің негізі. Екіншіден, жергілікті билік тарапынан қоқыс жәшіктерінің санын көбейтіп, оларды уақытында тазалау жүйесін реттеу қажет секілді. Қарапайым инфрақұрылым дұрыс болмаса, тұрғындардан не күтеміз. Үшіншіден, заң талаптарын күшейтіп, айыппұл салу тәжірибесін нақты қолдану керек. Бұл адамдарды тәртіпке шақырудың тиімді жолдарының бірі. Төртіншіден, тұрғындардың белсенділігін арттыру маңызды. Аула тазалығына бейжай қарамай, ортақ іске үлес қосу – әр азаматтың міндеті, – дейді С. Қожамқұлов.

Тазалық – ішкі мәдениеттің айнасы. Әр адам өзінен бастаса ғана, қоғам өзгереді. Қарапайым әрекеттерден басталған тәртіп үлкен нәтижеге жеткізеді. Аула таза болса – көңіл де таза, ал таза ортада өмір сүру әркімге жағымды екені сөзсіз.

Фатима САЛИЕВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз

университетінің 4-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар