Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шамамен 539 хадисті риуаят еткен сахаба

Шамамен 539 хадисті  риуаят еткен сахаба
Автор
Ислам тарихында хазіреті Омар ибн Хаттабтың алатын орны ерекше. Ол әділеттілігімен, саяси және әкімшілік қабілетімен ғана емес, сонымен қатар діни ғылымдарға, әсіресе хадис риуаятына қосқан үлесімен де танымал.

Ислам дінінің бастапқы кезеңінде хадистердің дұрыс әрі сенімді түрде жеткізілуі ерекше маңызды болған. Бұл тұрғыдан алғанда, хазіреті Омар хадис жеткізу ісінде сақтық пен сенімділік қағидатын ұстанған тұлға ретінде көзге түседі. Ол хадис риуаят еткен сахабалардың ең беделді өкілдерінің бірі болды. Хазіреті Пайғамбардан (с.ғ.с) жеткен хадистердің нақты әрі бұрмаланбай жеткізілуі үшін көптеген сақтық шараларын қабылдады. Оның хадис рәуилерінен куә талап етуі, мәліметтің сенімді рәуиден келгенін тексеруі – оның бұл мәселеге қаншалықты байыппен қарағанын байқатады.

Хазіреті Омардың мұндай қатаң ұстанымының себебі – Құран мен хадис мәтіндерінің шынайылығын сақтап қалу қажеттілігі. Ислам үмбетінің дұрыс діни түсінігін қалыптастыруы үшін сенімді дерекке сүйенуді талап етті. Сол себепті кейбір сахабаларды хадис жеткізу барысында асығыстық пен дәлелсіздікке ұрынбауға шақырды.

Құран жинақтаудағы рөлі және хадиспен байланысына келер болсақ, хазіреті Омардың хадиске деген қатынасын оның Құран жинақтау ісіндегі белсенді қызметімен қатар қарастыру қажет. Ол Құранның әрбір аятын мұқият сақтап, бір кітапқа біріктіру ісінде жетекші рөл атқарған. Бұл жұмыс барысында Құранды түсіндіретін, яғни тәпсірлік сипаттағы хадистердің де маңызын жете түсінді. Бұл да оның хадис риуаятындағы сақтығының тағы бір дәлелі бола алады.

Зерттеулер бойынша, хазіреті Омар шамамен 539 хадис риуаят еткен. Бұл хадистердің көпшілігі «Кутуб әс-Ситта» атты негізгі хадис жинақтарында кездеседі. Атап айтқанда, оның 81 хадисі Бұхари мен Мүслімнің «әл-Жәми әс-Сахих» жинағында келтірілген. Оның ішінде 26 хадис екі жинақта да бар болса, 34 хадис тек Бұхариде, ал 21 хадис тек Мүслімде ғана кездеседі. Бұл хадистердің мазмұны негізінен ғибадат, муамалат, ғуқубат және құқықтық мәселелерге қатысты.

Хадис риуаятына қатысты ұқыптылықтың маңызына хазіреті Пайғамбар өнегесі жетекшілік етуде. Мұны байқау үшін жалпылама шолу жасап өтейік. Құран аяттары хазіреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) жиырма үш жылға созылған пайғамбарлық қызметі кезеңінде кезең-кезеңімен түсірілді. Алла Тағаладан Жәбірейіл періште арқылы келген бұл аяттарды ардақты Пайғамбардың өзі жаттап алып, уахи жазушыларға жаздырғаны белгілі. Ол уахидің дұрыс жеткізіліп, сақталуы үшін ерекше мұқияттылық танытқан. Бұл мұқияттылық қасиеті Құранның бірнеше жерінде көрініс тапқан («Хижр», 15/9; «Таһа», 20/114; «Қиямет», 75/17). Осы деректер негізінде Құран мәтінінің дұрыс жеткізілуі тұрғысынан елеулі мәселе туындамағаны аңғарылады. Хадистерді жазу ісі болса, Құраннан біршама өзгеше бағытта дамыды. Исламның алғашқы кезеңдерінде Құран аяттары ерекше сақтықпен жазылып отырса, хадистер дәл сондай дәрежеде жүйелі түрде жазылмады. Керісінше, олар Құранмен араласып кетпеуі үшін жазуға тыйым салынған кездер де болды. Дегенмен Құраннан тыс қалған кейбір діни мәліметтер, соның ішінде хадис аз көлемде болса да қағазға түсірілген. Уақыт өте келе, Құран мәтінінен хадисті ажырату мәселесі өз шешімін тапқандықтан хадис жазу дәстүрі кең өріс ала бастады.

Исламның алғашқы ғасырларында хадистер көбіне ауызша риуаят арқылы ұрпақтан ұрпаққа жеткізілді. Осы себепті хадис ғылымы саласында түрлі мәселелер мен пікірталастар туындады. Хадис риуаяты тізбегінде орын алатын әрбір риуаятшының сенімділігі мен нақтылығы ерекше мәнге ие болды. Бұл тұрғыда риуаяттың алғашқы буыны болып табылатын сахабалар, яғни хазіреті Пайғамбармен (с.ғ.с.) тікелей араласқан тұлғалар исламның сенімді түрде кейінгі ұрпаққа жетуінде дәнекерлік қызмет атқарды. Ал хазіреті Пайғамбарға (с.ғ.с.) ең жақын тұлғалардың бірі болған хазіреті Омардың (р.а.) исламның кейінгі буындарға дұрыс жетуіне қосқан үлесі айрықша. Оның әрі сахаба, әрі ислам тарихындағы екінші халифа ретіндегі рөлі хадис риуаяты саласында елеулі із қалдырған.

Камила МЫРЗАБАЕВА,
облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу
орталығының оңалту бөлімінің инспекторы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар