
Мәселен, жуырда Тараз қаласындағы «Кеңесхан қажы» мешітінде мектеп оқушыларына арналған дәстүрлі «Имани жаз – 2025» жазғы сауат ашу курсы жұмысын бастады. Жазғы демалысты тиімді әрі рухани пайдалы өткізуге негізделген курс аясында 30-ға жуық шәкірт діни білімнің әліппесімен танысып, тәлім алуда.
3 аптаға жоспарланған бағдарлама барысында жасөспірімдерге Құран әліппесін оқу, исламның бес парызы, пайғамбарлар тарихы, иман негіздері, көркем мінез (ахлақ) сынды тақырыптар бойынша сабақтар өтуде. «Кеңесхан қажы» мешітінің тәжірибелі ұстаздары балаларға тек білім беріп қана қоймай, олардың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіруге де айрықша көңіл бөлуде. Курс барысында шәкірттер Аллаға деген сүйіспеншілікті, дініміздің асыл мұраттарын түсініп, мұсылмандық мінез-құлықтың маңызын бойларына сіңіруде. Мұндай игі бастамалар өскелең ұрпақтың рухани иммунитетін қалыптастырып, саналы да салиқалы азамат болып қалыптасуына үлкен ықпал етеді.
Жуалы ауданының «Толымбай тегі Зиябек» мешітінде де «Имани жаз» жазғы сауат ашу курсы басталды. Курсқа қатысушы балалар Құран әліппесін үйреніп, намаз негіздерімен, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмір жолымен, ислам этикасы мен адамгершілік тәрбие қағидаларымен танысуда.
Мешіт жанындағы лагерьде шәкірттерге «Құран әдебі», «Дұғалар» тақырыптарында арнайы тапсырмалар беріліп, оларды есте сақтау және қолдану жолдары үйретілуде. Тәрбиелік ойындар мен пайдалы іс-шаралар арқылы балалардың таным көкжиегі кеңейіп, ұжымдасу, тәртіп сақтау, ізгілік көрсету секілді қасиеттерді бойларына сіңіруде.
Курстың бір ерекшелігі – Құрбан айт мерекесіне орай ұйымдастырылған рухани дастарқан. Оқушыларға тәттілер таратылып, ислам мерекесінің мән-маңызы кеңінен түсіндірілді.
Тараз қаласындағы «Һибатулла Тарази» орталық мешітінде де жүрекке иман нұрын сеуіп, руханиятты дәріптеген игі іс-шара өтті. Бұл жолы қасиетті Құранды оқып-жаттауды меңгерген 100 қыз-келіншек салтанатты түрде Құранға түсті. Бұл – олардың діни білім жолындағы алғашқы әрі аса жауапты белесі болды.
Салтанатты жиынды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша әйел-қыздар секторының жетекшісі Жазира Иманалиева мен мешіт ұстазы Аружан Талғатқызы ұйымдастырды.
– Қасиетті Құран – мұсылманның өмірлік жолын, мінезін, жүріс-тұрысын айқындайтын баға жетпес рухани қазына. Құранға түсу – үлкен жетістік қана емес, Алланың сөзіне берілгендіктің, жауапкершіліктің белгісі. Бұл қыз-келіншектер тек әліппені меңгеріп қана қоймай, оны жүрекпен қабылдап, амалға асыруға ниет білдіріп отыр. Бүгінгі рухани кеш – тәрбиенің, сабыр мен ізденістің нәтижесі. Осы арқылы біз ана тәрбиесін, әйелдің отбасындағы және қоғамдағы рухани рөлін күшейтуге ықпал етеміз. Иманды әйел – иманды ұрпақтың анасы. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысымыз тұрақты түрде жалғаса береді, – дейді Жазира Иманалиева.
Іс-шара барысында әсерлі уағыздар айтылып, жүрек тебірентер діни әндер шырқалды, Алла елшісіне салауаттар жолданды. Сондай-ақ шағын сахналық қойылымдар қойылып, көпшілік қауымды тебіренткен сәттер орын алды.
Құранға түскен шәкірттерге арнайы тәж кигізіліп, лайықты құрмет көрсетілді. Қасиетті кітаптың әліппесін толық меңгерген бұл жандарға қари болу жолында табандылық таныту, Алланың сөзімен өмір сүру үлкен міндет екені насихатталды.
Жалпы жазғы сауат ашу курстары мен рухани іс-шаралар – жастарды ізгілікке, адалдыққа, тәртіпке тәрбиелейтін рухани мектеп іспетті. Бұл бастамалар жасөспірімдерге ғана емес, тұтас қоғамға пайдалы. Себебі дін мен дәстүр үндестігінен нәр алған ұрпақ – ел болашағының берік іргетасы.
Облысымыздағы әр мешітте өткізіліп жатқан осындай тағылымды сабақтар – иманды қоғам қалыптастыру жолындағы сәтті қадам. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай курстар алдағы жылдары да дәстүрлі түрде жалғасады.
Айжан ӨЗБЕКОВА