
Көп жағдайда дінді әлсіздікпен байланыстырып, қиындықтан қашқан адам ғана дінге жүгінеді дейді базбіреулер. Бірақ шын мәнінде, дін – адамның ішкі жандүниесін тазартып, жүрегін бекем ететін күш. Қиындық келгенде жаны құлазымай, сабыр сақтап, үмітін үзбей күресе білетін адам – мықты адам. Осындай күшті дін береді. Құранда айтылғандай: «Алла ешкімге шамасынан тыс ауыртпалық жүктемейді» («Бақара» сүресі, 286-аят). Бұл – әр адамда өзінің көтеретін жүгіне жететін қуат бар деген сенім.
Қорқыныш адам табиғатына тән. Болашаққа сенімсіздік, жоғалтып алудан қорқу, жалғыз қалудан үрейлену – осының бәрі адамды әлсіретеді. Бірақ шынайы сенім жүрекке тыныштық береді. Дін адамға «Сен жалғыз емессің. Сенің арқа сүйер Иең бар» дейді. Мұндай сенім адамның батылдығын арттырып, өмірдің кез келген кезеңінде нық қадам жасауға себеп болады.
Дін тек құлшылық пен дұға ғана емес, ол – әрекет. Шынайы сенім иесі – адал, әділ, жауапты адам. Ол қашанда шындықты айтуға, әділдікке қолдау көрсетуге, әлсізді қорғауға дайын болады. Мұндай қасиеттер тек батыл жүректе болады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) ең ауыр жағдайда да шындықты айтудан, әділеттілікті сақтаудан тайынбаған. Бұл – нағыз батырлықтың белгісі. Адамның таңдаудағы еркіндігі мен жауапкершілігі батылдықпен тығыз байланысты.
Ислам сенім негіздерінде Жаратушы алдында адамның жауапты болуы не болмауы екі тұрғыдан қарастырылады. Біріншісі – адамның қалауымен, яғни ықтиярымен, екіншісі – адамның қалауынан тыс болатын әрекеттер. Егер адамда таңдау мен қалау еркі болмаған жағдайда жауапқа тартылмас еді. Ислам ғұламаларының баяндауы бойынша, адам тек таңдау мен қалау еркіне ие, ал оның қалауына қатысты істі жарату – Алланың құзыретінде. Яғни адамның жасамақ болған ісі Алла Тағаланың құдіретімен жаратылады. Сөйтіп, адам өз ерік-жігерімен, қалауымен жасаған әрбір ісі үшін жауапқа тартылады. Бұған мына аятты дәлел ретінде келтіруге болады. «Саффат» сүресінің 96-аятында: «Алла сенедерді де, сендердің амалдарыңды да жаратты», – делінеді.
Адамның таңдаудағы еркіндігі мен істері төңірегінде адасқан ағымдар да пайда болған. Солардың бірі «Жәбрия» деген ағым. «Жәбр» сөзінің мағынасы араб тілінде «мәжбүрлеу, зорлау» деген ұғымға саяды. Олардың түсінігі бойынша, кез келген нәрсе Алланың қалауымен жүзеге асады, іс-әрекетте пенденің ешқандай рөлі жоқ. Пенде пешенесіне жазылғанды ғана көреді. Батыс ғалымдары бұл ағымға «фатализм» деген ат берді.
Демек, олардың басты сенімі төмендегідей болып шығады: адам маңдайына жазылғанды көреді. Бір істі істеуде ешқандай таңдау еркіндігі, күш-қуаты рөл атқармайды, тек мәжбүрлі түрде істейді. Алла Тағала – күллі дүниені жаратушы ұлы құдірет иесі. Сол себепті Алладан басқа ешкім ештеңені өзгерте алмақ емес.
Жәбрия мәзһабын ұстанушылар өздерінің жолын дұрыс деп көрсету үшін Құранның кейбір аяттарын алға тартады әрі соны ұстанады: «Әнғам» сүресінің 35-аятында: «Егер Алла қаласа, оларды туралыққа жинар еді. Ендеше, сен надандардан болма», – делінген. Ал «Бақара» сүресінің 7-аятында: «Алла олардың жүректеріне, құлақтарына мөр басқан, әрі көздерінде перде бар. Оларға үлкен азап бар», – деген. Яғни бұл аяттан шығатын ұғым – Алла қаласа, пенде дұрыс жолда, қаламаса, тозақтық болады деген сөз.
Негізінде тағдырға бұлай сену – адасушылық. Тағдырға иман етеміз, бірақ тағдырымызға жазылып қойғандықтан іс-әрекетімізді мәжбүрлікпен, ықтиярсыз істемейміз. Алла әуелде шексіз ілімімен біздің не істейтінімізді білгендіктен тағдырымызға солай жазған. Алла пендесін құлтемір (робот) секілді амал ету үшін жаратқан жоқ. Пендесіне жақсы мен жаманды таңдау еркіндігін берді. Сол ерік қалауымен жасаған іс-әрекеттер үшін ақыретте жауап береді.
Бүгінгі қоғамға сенімі нық, жүрегі таза, батыл жандар қажет. Дін – сол батылдықтың негізі. Жандүниесі тыныш, жүрегі бекем адам ғана қоғамға пайда әкеледі. Сондықтан дінді әлсіздік деп емес, керісінше, рухани күш пен батылдықтың қайнары деп қабылдайық.
Темірлан МІРСАБЫРОВ,
облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының
Байзақ ауданы бойынша инспекторы