Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тазалыққа мән берілуде

Тазалыққа мән берілуде
Автор
Тазалық – қоршаған ортаға деген құрметтің көрінісі. Экологиялық мәдениет әрбір азаматтың өмір салтына айналғанда ғана табиғатпен үндестікте өмір сүру мүмкін болмақ. Қоршаған ортаның тазалығы мен көркеюі мемлекеттік бастамалармен қатар, бүкіл қоғамның белсенді атсалысуымен жүзеге асатын маңызды іс. Осы ретте Жамбыл ауданында да қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, тазалықты сақтап, табиғатты аялау мәдениеті біртіндеп қалыптасып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде атқарылған жұмыстар – осының айқын дәлелі.

Жамбыл ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Теміржан Ізтілеуовтың айтуынша, өткен жылы облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілген «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының өңірлік жоспарына сәйкес елді мекендерде абаттандыру және санитарлық жұмыстар тұрақты жүргізілуде.

– Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен 2024 жылдың 20 наурызы мен 20 сәуір аралығында өткізілген «TazaLike» іс-шарасы шеңберінде аудан бойынша 11 түрлі іс-шара өткізу жоспарланып, барлығы жүзеге асты. Атап айтқанда, 15 наурызда «Болашақты бірге отырғызамыз», 19 наурызда «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні», 22 наурызда «Жер сағаты», 23 наурызда «Тазарту күні», 27 наурызда «Таза кәсіп – таза аймақ», 5 сәуірде «Таза жағалау» және «Жасыл аула» акциялары аясында түрлі ауқымды жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 39 256 көшет отырғызылды. Сонымен қатар «Өз ағашыңды отырғыз», «Түлектердің ағашы» акциялары және білім беру ұйымдарында «Қазақстанның экологиясын жақсартуға қандай үлес қосамын», «Табиғат – өз қолымызда» атты шығармашылық байқаулар мен іс-шаралар ұйымдастырылды. Аудан бойынша елді мекендерге кіреберіс жолдар бойындағы қураған ағаштар жиналып, 63 шақырымнан аса арық және каналдар тазаланды. 307 шақырым көшелерді тазалау жұмыстары жүргізіліп, 49 860 шаршы метр саябақтар мен скверлер көріктендірілді, 410,5 тонна кездейсоқ күл-қоқыс шығарылды, – дейді Теміржан Серікұлы.

Ауданда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу деректері бойынша 2025 жылдың алғашқы 3 айында 225 құқықбұзушылық тіркеліп, барлығына ескерту берілген екен. Аталған жұмыстарды үйлестіру және бақылау мақсатында барлық ауылдық округтерге жауапты штаб мүшелері бекітіліп, жоспарға сәйкес екі рет штаб отырысы өткізіліпті. Екі айлық тазалық іс-шаралары барысында жеті рет сенбілік ұйымдастырылып, шамамен 3 мыңға жуық адам атсалысқан. Сенбіліктер аясында ауыл ішіндегі көшелер мен ауыл маңдарын күл-қоқыстан тазарту, арықтарды ашу, талдарды әктеу және басқа да жұмыстар жүргізілген.

Аудан аумағын абаттандыру мен санитарлық тазалықты сақтау мақсатында 2025 жылдың 12 сәуірінде облыстық маңызы бар «Тараз – Аса» автомобиль жолы бойында бөлімдер мен мекемелер өздеріне бекітілген аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, арықтарды күл-қоқыстан тазартып, талдарды әктеп, бағаналарды сырлап, абаттандыру жұмыстарын жүзеге асырған. Нәтижесінде 522 ағаш көшеті отырғызылып, 11 шақырымнан аса арық және каналдар, 84 шақырым көше тазаланып, 11 540 шаршы метр саябақтарды абаттандыру, 82,6 тонна кездейсоқ күл-қоқыс шығару жұмыстары атқарылған екен. Осы іс-шараларға 1 296 адам қатысып, 14 техника жұмылдырылған. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан 2 жүкартқыш пен 2 «КамАЗ» автокөлігі тартылыпты.

– Аудан әкімдігі көгалдандыру жұмыстарын 2021-2025 жылдарға арналған ағаш отырғызу өңірлік жоспарына сәйкес жүзеге асыруда. 2024 жылы 17 гектар жерге 20 мың ағаш көшетін отырғызу жоспарланып, осы мақсатта 23 миллион теңге қаржы қарастырылды. Мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде жалпы құны 10 883 928 теңгеге «Сәттілік сыры» мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігімен келісімшарт жасалып, тиісті жұмыстар атқарылды. Ащыбұлақ ауылына – 2 800 көшет, Тастөбеге – 2 300, Бірлесу-Еңбекке – 2 800, Айша бибіге – 1 169, Шәкен Ниязбековке – 2 000, Бесағашқа – 1 300, Гродековоға – 3 931, Ерназарға – 1 200, Қызылқайнарға – 1 200, Тоғызтарауға 1 300 көшет отырғызылды. Аудан әкімінің 2024 жылғы 30 мамырдағы №31 өкімімен құрылған жұмыс тобы отырғызылған ағаш көшеттерін зерделеу барысында өнбей қалған көшеттер анықталып, «Сәттілік сыры» қоғамдық бірлестігіне өнбеген көшеттің орнына жаңасын қайта отырғызу туралы сотқа дейінгі ескерту жолданды. Мердігер тарапынан жауап болмағаннан кейін 2024 жылдың 9 тамызында Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз беріліп, 2024 жылғы 11 қарашадағы сот шешімімен мердігер 2025 жылдың наурыз айында өнбей қалған көшеттерді қайта егіп беруге міндеттелді. Осыған сәйкес биыл 4 сәуірден бастап мердігер Сарыағаш қаласынан көшет әкеліп, қайта отырғызу жұмыстарын бастап, қазіргі таңда толық аяқтады, – деген Теміржан Ізтілеуов биыл аудандағы 13 ауылдық округтің әрқайсысында 2 мыңнан, барлығы 26 000 түп қара тал көшеті 1,2 гектарға отырғызылғанын жеткізді.

Бұл жұмыстарды іске асыру үшін әр ауылдық округ Жамбыл ормандары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесімен 437 мың теңгеге келісімшартқа отырып, жерді айдап тегістеу, тал егу және оны суарып күтіп-баптау, қоршау жұмыстарына кірісіпті. Қазіргі таңда қоршау жұмыстарына 10 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылып жатыр екен. Аудан аумағындағы 13 ауылдық округтің үшеуінде (Аса, Көлқайнар, Ерназар) талдар қоршау ішіне отырғызылса, қалған 10 ауылдық округте (Тоғызтарау, Өрнек, Жамбыл, Қызылқайнар, Қаракемер, Қарасу, Ақбастау, Айша бибі, Бесағаш, Гродеково) көшеттерге арналған қоршаулар орнатылған.

Теміржан Ізтілеуовтың сөзіне сүйенсек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүргізілген кешенді экологиялық және абаттандыру жұмыстары тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, қоршаған ортаға деген мәдениетті көзқарасты қалыптастыруға ықпал етіп отыр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар