
Олардың арасында кезінде «Елім, жерім!» деген ниетпен өмір сүргенімен, шетелдегі жайлы өмірге бойы үйренгеннен кейін сол жақта қалып қойып жатқандары да бар. Жайлы өмір сүрудің жолын іздегендерді айтпағанда, тіпті соңғы онжылдықта шетелге оқуға кеткен қазақстандық жастардың арасында да білім алған елінде қалып қойып жатқандар жиілепті. Бұл әрекетке қазірден бастап баса назар аударып, мемлекеттік деңгейде дабыл қақпасақ, ертеңгі күні бармағымызды тістеуге тура келеді.
Ресми деректерге сенсек, жыл сайын 10 мыңнан астам жас шетелдегі оқу орындарына түседі екен. Оның көпшілігі Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, АҚШ, Германия және Ұлыбритания елдерін таңдайтын көрінеді. Әсіресе «Болашақ», «Erasmus+», «Chevening», «Fulbright» секілді халықаралық бағдарламалар арқылы немесе ата-анасының қаржысына оқуға түскендердің барған елінде қалып қоюға бейім келетіні анықталған. 2023 жылы «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің 14 пайызы елге уақытында оралмаған.
Қазақстандық жастардың елге оралмауына не себеп екенін «Болашақ» бағдарламасымен Чехияда білім алған Ақлима Исабекова айтып берді.
– Шетелде жастарға, жас мамандарға жақсы жағдай жасалған. Оқу бітіргенде бірнеше мекемеден жұмысқа шақырту алдым. Бірақ алған білімімді өз елімнің дамуына пайдаланамын деп Қазақстанға қайтқан болатынмын. Алайда елімізде алған біліміме лайықты жұмыс таба алмадым. Ашығын айтқанда, Қазақстанда жас маман ретінде ойда-жоқта жұмысқа тұрып кетуің екіталай. Табылса да айлығы аз, тек күнкөріске ғана жетеді. Сол себепті шақырту алған жұмыс орындарына қайта хабарласып, Чехияға бір күнде көшіп кеттім. Бұл жақта біліміңе сай еңбек, өмір сапасы, әлеуметтік қорғау, еркіндік мәселесі бізге қарағанда әлдеқайда жоғары. Сол себепті жастар өз саласын толық меңгеру үшін шетелде қалуға мәжбүр. Өзімнің таныстарым да, достарым да басқа мемлекетте білім алып, жақсы ұсыныспен сонда қалған болатын. Болашақта елге қайта оралу ойымда бар, себебі Қазақстанның дамуына да өз үлесімді қосқым келеді, – дейді ол.
Негізі «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлектері елге қайтып, бірнеше жыл жұмыс істеуге міндетті. Алайда кейбіреулер айыппұл төлеп, шартты бұзып кетіп жатады. Расында, бұл – Отан алдында берген уәдеңді орындамау, сенімді ақтамау, жүйеге деген сенімсіздік белгісі. Көптеген түлек шетелден келген соң әкімшілік қызметке ілінуді ғана ойлап, ғылыми не кәсіби дамуын тоқтатуға мәжбүр болатыны да шындық.
Шетелде оқыған жастарды еңбек нарығына бейімдейтін нақты жүйе керек. Ғылыми және шығармашылық орта қалыптастыру маңызды. Жастар үшін мұндай мүмкіндіктің мол болуы оларды туған жерге қайтарудың басты амалы екенін ұмытпауымыз керек. Елге оралған жастардың айтар сөзін тыңдап, олармен ашық диолог құрып, Қазақстанның даму жолына күш салуымыз керек.
Жастар шетелге қашып жатқан жоқ, оларды біз соған итермелеп отырғандаймыз. Олар тек мүмкіндікті пайдаланып жатыр. Егер сол мүмкіндік туған жерде болса, олар ешқайда кетпейді.
Нұрсая САҒЫМБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 3-курс студенті