
Дегенмен еліміздің түкпір-түкпірінде жастарға өнеге боларлық еңбек адамдары аз емес. Солардың бірі – бала күнінен маңдай терімен адал нәпақа табуға үйренген Жуалы ауданына қарасты Боралдай ауылдық округі, Көлтоған ауылының тұрғыны Дәулен Бәйтіков.
Дәулен Бәйтіков 1963 жылы Талас ауданының Көлтоған ауылында дүниеге келген. Алайда ол үш жасқа толғанда ата-анасы Жуалы ауданының Көлтоған ауылына қоныс аударған екен. Балалық шағы мен жастық кезеңі осы ауылда өтті. 1980 жылы орта мектепті тәмамдаған соң Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Т.Рысқұлов ауылында орналасқан сол кездегі гидромелиорация техникумына оқуға түсіп, «Ауылшаруашылығы механизаторы» мамандығын игереді. Алайда 1982 жылы оқуды уақытша тоқтатып, әскери борышын өтеуге аттанады.
– 1982-1984 жылдар аралығында Отан алдындағы борышымды Ресейдің Куйбышев қаласындағы авиациялық әскери бөлімшеде өтедім. Әскери бөлімде радиостансада радиомеханик-электрик қызметін атқардым. Міндетім – ұшақ апатқа ұшыраған жағдайда «қара жәшік» кассеталарын жинап, пломбалау. Сондай-ақ әскери базада жарық сөнген сәтте арнайы техниканың маторын қосып, әскери базаға жарық беретінмін. Менің мехнизатордың оқуын оқығанымның әскерде пайдасы көбірек тиді. Мәселен, бір жолы кезекті мәрте электр жарығы өшкенде бар болғаны бір минут ішінде әскери бөлімді электр жарығымен қамтамасыз еткенім үшін марапатталып, он күнге елге демалысқа келіп-кеттім. 1982 жылы ефрейтор шенімен әскерден оралдым. 1985 жылы аталған техникумдағы оқуымды аяқтап, ұжымшарға мехнизатор болып жұмысқа тұрдым. Алдымен слесарь болып еңбекке араласып, бір айдан кейін тракторшылар бригадирі болдым. 1989 жылы автобөлшектерді үнемді пайдаланғанымыз үшін біз еңбек ететін №1 тракторшылар бригадасы бірінші орынды жеңіп, марапатты ауданның атқару комитеті хатшысының өз қолынан алдық. Ол кезде ұжымшарды Сәбит Қадыров есімді азамат басқаратын. Ол кісі еңбегімді елеп, Венгрияға демалысқа жолдама берді. 1993 жылы ұжымшар таратылуға ыңғайлана бастағанда бригадирлікті өткізіп, ұжымжарға келген су жаңа «Беларус – 80» тракторын үш жыл жүргіздім. Сол кезде ұжымшар таратылып, мен «Көлтоған ырысы» ұжымының төрағасы болып 2008 жылға дейін еңбек еттім. Осы шаруашылық тарағаннан кейін «Хайырбек» шаруа қожалығының сол кездегі төрағасы Исағали Қайырбеков механизаторлыққа жұмысқа шақырды. Қазір ол ағамыз өмірден өткенімен, шаруашылықты інісі Сағынғали Қайырбеков басқарады. Сол жерде тракторды да, комбайнды да тізгіндеп жүрмін, – деді Дәулен Әбенұлы.
Кейіпкеріміз өмір жолында өзіне сенімді серік, отбасына сүйеніш болар жанды жолықтырып, 1987 жылы шаңырақ көтерген. Жан жары бүгінде отбасының берекесі мен ұйытқысы болып отыр. Осы орайда еңбек адамының жұбайы Меруерт Бәйтіковамен де сұхбат құрудың мүмкіндігі туды.
– Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, қатарынан қалдырмай өсірдік. Тұңғышымыз Данияр отбасын құрған. Қолымызда келініміз бар. Бүгінде алты бірдей немеренің қызығына бөленіп отырмыз. Одан кейінгі қызымыз Шапағат та өз шаңырағын көтеріп, ата-ананың үмітін ақтаған бала. Ал кенжеміз – Бақтияр. Отағасының табысы орта есеппен айына 250 мың теңге шамасында. Ауылдық жерде тіршілік еткен соң азын-аулақ мал ұстаймыз. Ол да күнделікті қажетімізді өтеуге жарайды. Өзім ұзақ жыл бойы «Боралдай» балабақшасында аспаздық қызмет атқарып, адал еңбекпен зейнетке шықтым. Бүгінгі күнге жетіп, ұрпақ өсіріп, төрімізден немере күлкісі үзілмей отырғаны сол бір маңдай термен келген еңбектің өтеуі деп білемін, – деді Меруерт Каналқызы.
Кейіпкеріміз адал еңбек адамды бақытқа жетелейтінін айтады.
– Менің өмірде бір нәрсеге көзім анық жетті, ол адамды алға жетелейтін, шын бақытқа жеткізетін – адал еңбек. Жұмыстың ауыр-жеңілі жоқ, егер кімде-кім өз міндетін шын ниетпен атқарса, оның босағасына бақ байланып, шаңырағы шаттыққа, берекеге кенеледі. Мен өзім механизатор мамандығын таңдадым. Техниканың тілін жетік меңгеріп, өз мамандығымды сүйгендіктен еңбекте табысты, ұжымдық ортада абыройлы болдым. Кейбір жастар мамандық маңызды емес деп ойлауы мүмкін, бірақ мен олай айтпас едім. Әркім өзі таңдаған ісін сүйіп, өз ісіне ар биігінде қараса, жүзі жарқырайды, беделі де биік болады, елдің де көркеюіне үлес қосады. Бастысы – мамандығыңды қадірлеу, жұмысыңа жауапкершілікпен қарау. Себебі қоғамда мінезі біртоға, артық сөзі жоқ, өз ісіне адал, елгезек адамға ғана сұраныс болады. Сондықтан жас буынға «Не істесең де шын ықыласпен істе. Сонда ғана өмірің мәнді, еңбегің нәтижелі болады» деп айтар едім, – дейді Д.Бәйтіков.
Мемлекет басшысы айтқандай, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұстанымы – бір-бірімен тығыз сабақтасқан, бөлінбейтін өмірлік қағидаттар. Бұл үштаған қоғамның іргетасын нығайтатын, мемлекетті өркениетке жетелейтін негізгі құндылықтардың бірі. Шын мәнінде, осы ұғымдар табысты, әділетті және өркендеген ел болудың алтын арқауы саналады. Сондықтан жас ұрпақтың санасына адалдық, еңбекқорлық пен маңдай термен келетін ризықтың қадірін сіңіруге көңіл бөлуіміз тиіс.
Кейіпкеріміздің де өмірлік ұстанымы дәл осы тұжырыммен үндесіп жатыр. Оның пікірінше, әр адам өзіне жүктелген істі адал атқаруға тиіс, себебі елдің ертеңі де, берекесі де еңбекке сүйенген азаматтардың адалдығында. Жастарға бағыттап айтқан жүрекжарды тілегі мен өмірден түйген ақылы Мемлекет басшысының сөзінен алшақ емес. Бұл да бекер емес, өйткені адал еңбек еткен адамның сөзі — өмірдің өзінен алынған шындық.
М.ЖАМБЫЛҰЛЫ