
Мамандарға ең көп сұраныс әдеттегідей білім беру саласына тиесілі. Мұнда 15 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылған. Сондай-ақ қызмет көрсетудің басқа түрлеріне 10,7 мың, құрылыс саласына 8,5 мың жұмысшы іздеген. Сұраныс негізінен ірі қалалар мен агроөнеркәсіптік аймақтарда шоғырланған. Өткен айда орта білікті мамандардың тапшылығы байқалған. Сұраныс ұсыныстан 16 пайызға асып түскен. Сонымен қатар жоғары білікті лауазымдарға жұмыс іздеушілер тарапынан бәсекелестік күшейді.
Жұмыс берушілердің көптігі жөнінен Астана қаласы алда тұр. Елорда жыл сайын кеңейіп, көркейіп, зәулім ғимараттар салынып жатқанын, халық саны көбейгенін ескерсек, жұмысшыларға сұраныстың көп болуы заңдылық. Электронды еңбек биржасында тіркелген барлық бос жұмыс орындарының 11,5 пайызы осы қалаға тиесілі. Астанадан кейін Түркістан (7,5 пайыз), Павлодар (7,1 пайыз) облыстары тұр. Бірқатар өңірде бос жұмыс орындар санының төрттен бірі қысқарған. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында – 36, Алматыда – 35, Маңғыстауда – 34, Ұлытауда 25 пайызға азайған.
Жұмыс іздеушілердің ең белсенді санаты – бұрынғыша, яғни 34 жасқа дейінгі азаматтар. Олар барлық түйіндеменің 44 пайызын құрайды. Орта жастағы үміткерлердің түйіндемелері – 37 пайыз. Жұмыс іздеушілердің 52,8 пайызын әйелдер, 47,2 пайызын ерлер құрайды. Жұмыс іздеушілер белсенділігінің төмендеуі Алматы қаласында (-28 пайыз) байқалды.
Сұранысқа ие мамандықтардың ішінде тәртіп сақшыларына 1,8 мың бос орны ұсынылған. Сол секілді мейіргерлерге 1,7 мың орын, жүргізушілерге 1,5 мың жұмыс орны тіркелген. Жалақы жөніндегі ең көп ұсыныс тау-кен өнеркәсібіндегі басшының орынбасарына түскен. Мұнда жалақы орта есеппен 788 мың теңгеден басталады. Сол секілді бас құрылысшыға 662 мың, бұрғылаушы-инженерлерге 605 мың теңге төлеймін деген жұмыс берушілер болған. Жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақы күтетін ұшқыштар екен. Олар орта есеппен 2,3 миллион теңгеден жоғары жалақы сұрайды. IT жобаларды әзірлеу бөлімінің басшылығына 1,2 миллион теңге, өндіруші саладағы учаске басшылығында 1,1 миллион теңге жалақыға жұмыс істеуге дайын азаматтар бар.
Жалпы кейінгі кезде жұмыс берушілердің ғана емес, жұмыс іздеушілердің белсенділігі төмендегені байқалады. Бұрынғыша жұмысшы мамандық иелері, жүргізушілер, күзетшілер, медицина қызметкерлері сұранысқа ие мамандардың алдыңғы шебінде қала береді.
Сәндібек АСАНӘЛІ,
журналист