
Балалардың жалғыз һәм қараусыз қалуының соңы орны толмас өкініш пен қайғыға душар етеді. Оған дәлел мен дәйек жеткілікті. Өмірден алынған түрлі жағдайлардан мысал келтіретін болсақ, баланы жалғыз қалдырудың немесе оның тағдырына немқұрайды қараудың аяғы қандай қауіпті екеніне кім-кімнің болсын көзі жетері анық. Алайда бала тағдырына жауапсыз қарайтындар аз емес екендігі өкінішті.
Бірде тау бөктеріне достарымен бірге демалысқа шыққан ерлі-зайыптылар ішімдікке сылқия тойып, 5 жасар ұлдарын тауда ұмытып кетеді. Таңертең ес жиып, ұлын іздей бастаған отбасы баласын тауда жалғыз қалдырып кеткендерін ұғып, межелі орынға жылдам жетеді. Алайда жансыз баланың мәйітін ғана тауып алады. Қараңғыда қорқыныштан жер тырмалап жылаған балғынның тырнақтарының көбесіне дейін сөгілгені мәлім болады. Тас қараңғылықта жалғыз қалған баланың жүрегі қорыққаннан жарылып кеткен екен.
Тағы бірде есік алдында ойнап жүрген кішкентай бала шұңқырға түсіп кеткен. Ата-анасы ауыл болып іздеп таппайды. Екінші күні ғана үй іргесіндегі ойыққа үңілген үлкендер баланың әкесі «құдық үшін» деп қазған шұңқырдан әлгі баланың денесін тауып алған.
Осыдан бір апта бұрын ғана орын алған Атырау облысына қарасты Құлсары қаласында жоғалып кеткен 8 жасар қыздың тағдырына әлеуметтік желі арқылы бүкіл қазақстандықтар алаңдаған болатын. Балауса қыз түске таман үйінен шығып, қайтіп оралмаған. Туыстары полицияға сағат 21:28 шамасында хабарласқан. Іздестіру жұмыстарына төтенше жағдайлар қызметі қосылып, барлық бейнебақылау камералары тексеріледі. Өкінішке қарай 6 маусымға қараған түні сағат 02:19-да қыздың денесі Құрсай арнасынан табылған.
Жалғыз-жарым жүрген балаларды психикалық ауытқуы бар адамдардың, педофилдердің төңіректейтіні де анық. Әлеуметтік желілерде белгісіз ер адамдардың жас балаларға азғындық жасау мақсатындағы теріс іс-әрекеттері жайлы жиі айтылады. Сондай оқиғаның бірі бейнебақылау камерасына анық түсіп қалған болатын. Ондағы видеода ер адамның оқушы қызды аңдып жүргені және үйдің жанында күтіп тұрғаны таспаланған.
– Ол қыздың жанына келіп, әурет жерін ұстай бастаған. Балалар үйге аң-таң күйде келді. Қызым қорқып қалғаны сонша бірнеше күн бойы үйден шыға алмай қалды. Бұл оқиға оқуышылар демалысының алдында, яғни балалар мектепке барып жүрген кезде орын алған. Қызым далаға шығуға қорқып қалған соң, «тәртіп сақшылары ол ер адамды ұстап, түрмеге қамады» деп өтірік айтуға тура келді – дейді қыздың анасы.
Негізі қыздың анасы оқиға орын алған күні-ақ полицияға арыз жазғанын айтады. Алайда полицейлер күдіктіні ұстауға асықпаған деп ашынады әйел.
– Міндетті түрде қайғылы оқиға болуы керек пе? Ол бұған дейін қанша қорғансыз балаға тиіскенін Құдай білсін. Жүрегім қан жылайды. Полиция бөлімінің қызметкерлерімен сөйлестім. Ұстаған күннің өзінде оған тек айыппұл салынады. Бұл дұрыс па? Мен бейнежазбаны өзім таптым. Бет-әлпеті көрініп тұр. Егер қаласа, бірінші күні-ақ табуға болатын еді, – дейді қыздың анасы.
Осы оқиғаға қатысты пікір білдірген аталған облыстағы полиция департаментінің қызметкерлері күдіктінің анықталып, ұсталғанын мәлімдеген. Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 124-бабы 1-бөлігі, яғни «Жас балаға қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау» бойынша тіркеліп, нақты жаза тағайындалған.
Баланы түрлі қауіп-қатерден қорғап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай жеткізу, жетілдіру үлкенге міндет һәм парыз екені анық. Десек те өмірде түрлі жағдай болып тұрады. Тұрлаусыз тіршіліктің түрлі теперішінен шаршап-шалдыққандар немесе ішкіліктің буына елітіп, нашақорлыққа салынып, баласын қараусыз қалдыратындар бүгінгі қоғамда жетіп артылады.
Өз бастарын алып жүре алмайтын сүлесоқ тағдыр иелері баласына қалай жағдай жасай қойсын? Бала тұрмақ өз өміріне жауап бере алмай, қаңғып жүргендер балаларына қалай жауап берсін? Оларды қайтіп асырамақ? Алайда өмірде ерлі-зайыптының ортасындағы отбасылық шаң-шұң, ұрыс-керістен кейін өшін ұл-қызынан алатындар да кездеседі.
Алматы қаласында болған мына қос оқиға жан түршіктіріп, жаға ұстатады. 28 жастағы Алматы қаласының тұрғыны өзінің 3 бірдей бүлдіршінін 9 қабаттан лақтырып, соңынан өзі секіріп кеткен. Балалардың алды 6 жаста болса, кішісі 2 жаста екен. Кейін әйелдің жазған хаты табылған. Ол хатта әйел күйеуіне өкпелі екенін жеткізген. Ал мұндай жағдайда балалардың не кінәсі бар еді дегеннен артық ойыңа ештеңе келмейді.
Бір ер дам өзiнiң төрт жасар жалғыз ұлын бесiншi қабаттағы балконнан лақтырып жiбергені туралы түрлі қауесет әлеуметтік желіде желдей ескен болатын. Кейін анықталғандай, әкесі баласын алимент төлемеу үшін ғана солай жазалаған болып шықты. Ал маскүнем бір ана сәбиiн балалар үйiне өткiзiп жатып, бiр шөлмек арақ алу мақсатында ақша талап еткені ше? Өз құрсағынан шыққан баласының құнын бір жартылықпен өлшеген әйелден не үміт, не қайыр?!
– Адам түрлі күйзелісті басынан кешірген сәтте тығырықтан шығар жол іздейді. Ондай уақытта тіпті көзі қарауытып, айналасының барлығы жауыз болып көрінуі де мүмкін. Ерлі-зайыптының ортасындағы жанжалдың бір ұшына сөйтіп кейде балалар ілініп кетіп жатыр. Әрине олар бейкүнә бала ғана. Алайда бір-бірін бұрын сүйген, бүгінде бір-бірін иттің етінен жеккөретін екі адамның ортасын жалғап тұрған сол бала болғандықтан ашу үстінде перзентін кінәлі санайтындар жеткілікті. Сол үшін сол бала бәріне кінәлі көрінеді. Кез келген адамға психологиялық көмек қажет. Әсіресе мінезі кекшіл әрі үнемі ешкімді кешіре алмай, кек алғысы келіп жүретін жандар өте қауіпті келеді. Мәселен, әйелдер кейде күйеуінің өшін баласынан алса, кейбір ер адамдар да әйелінің өшін баласынан алады. Сөйтіп бүгінгі қоғамда балаларын тұншықтырып өлтіріп немесе балконнан лақтырып жіберетіндер шығып жатыр. Адам бір бірін толық танып-білуі үшін 3 ай уақыт қажет. Сол уақытта ғана адамдардың шынайы бет-бейнесі ашылып, бір-біріне деген көзқарастары анықталып, екі жастың мінезі сай келе ме, бір-біріне жараса ма, жоқ па, белгілі бола бастайды. Сол үшін алдымен сөйлесіп, танысып, білісіп барып бас қосқан дұрыс. Кей адамдар бір-бірін танымай жатып қосылады. Сөйтіп аз уақытта қосылғандықтан жараспай, бірінің сөзін бірі көтермей, түрлі жағдай орын алады. Отбасы құрғаннан кейін бір-бірін түсіне алмайтын, сондай ауыр уақыттарды еңсере алмай, бір-бірінің мінезін көтере алмайтын екі адамның ортасын әрине әлсіз һәм бүйкүнә балалар жалғап тұрады. Сондықтан екі бөтен адамның арасын жақындатып тұрған нәркес балалар зиян шегеді. Қоғамда сондай жағдайлардың орын алып жатқаны өте өкінішті. Енді бірде тұрмыстың төмендігі де титықтатып жібереді. Сол кезде тағы да балалар жапа шегеді. Бала өз құқығын қорғай алмайды. Ата-анасынан қашпайды, жамандық күтпейді. Керісінше бар ықыласымен жақсы көреді. Ал ашудан өз-өзін тоқтата алмай қалатындар осындай жағдайда қорғансыз балаларға обал жасайды ,– дейді психолог Алуа Манатбайқызы.
Жуырда біз де бір келеңсіз оқиғаға куә болдық. «Қаратау» ықшамауданындағы базардың айналасы адамға лық толы. Бірі сатушы, енді бірі алушы болғандықтан, сауда қыз-қыз қайнап тұр. Бірақ жаяу жүргіншілерге арналған асфальт жолдың қақ ортасында бүк түсіп жатқан 6-7 жасар қызға ешкім көңіл аудармады. Сүлесоқ жатқан қыз баланың қасына жақын барып, мән-жайды анықтауға талпындық. Бір де бір сұраққа жауап бере алмайтын қыз бала күннен көзін көлегейлеп, бетімізге жәутеңдеп қарай берді.
Шашы ұйпа-тұйпа. Кірден қоңырқай тартып кеткен ақ футболкасы, өсіп кеткен тырнақтары оның қараусыз қалған қыз екенін айғақтап тұр. «Атың кім?» деген сұрақ та жауапсыз қалды. Тек «Су ішем» дей берді. Сусыны мен басқа да керек-жарағын әперіп, бәйек болдық. «Екі сағат болды осы жерде жатқанына. Бірақ жөн сұрауды ойламаппыз» деді бір сатушы әйел. «Анда-санда көріп тұрамын. Өстіп көшеде жүреді кір-қожалақ қыз» деді екінші әйел. Ал жанымыздан өтіп бара жатқан бір келіншек қыздың қай ықшамауданда, қай үйде тұратынын тәптіштеп айтып берді.
Біз дереу тәртіп сақшыларына қоңырау шалып, болған жайды баяндадық. Араға 20 минут салып жеткен полиция қызметкерлерінің көлігіне отырып, қызды үйіне жеткізуге асықтық. Полиция қызметкері «Мына бала да Т.Рысқұлов ауданы, Луговой ауылынан екен. Таңғы 10-нан түскі 14.00-ге дейін автобустарға мініп, қала аралаған. Соңында бір қоғамдық көлік жүргізушісі баланы бізге тапсырды» деді күнқағарын маңдайына түсіріп алып үнсіз отырған баланы нұсқады.
«Кімсің? Қайдан жүрсің? Ата-анаң біле ме Таразға кеткеніңді?» деген сұраққа бала бірден жауап бере бастады.
– Анам мені ауылдағы бір үйге жұмсаған болатын. Мен Тараз қаласына баратын автобусқа мініп кетіппін. Сөйтіп қаланы қызықтап жүре беріппін. Кейін мені бір автобус жүргізушісі полиция ағайға тапсырды. Әке-шешем «сол ағайдың қасында бол. Қазір алып кетеміз» деді. Ата-анамды күтіп жүрмін, – деді бала.
Ал ең сорақысы 4 сағат бойы жоқ болып кеткен баланы ата-анасының іздемегені еді.
Сол сәт біз де қыздың мекенжайына жеттік. Қыз тұратын үйдің бірінші қабатындағы дүкеннің сатушысынан оның анасының нөмірін алып, тысқа шығуын өтіндік. Жүрісі баяу, бет-аузына опа-далап жаққан сылқым келіншек көзінің астымен ғана асықпай қарап, қасымызға келді. «Қызыңыз ба? Іздемедіңіз бе?» деп жатырмыз жан-жақтан.
– Бұл қыз шаршатты әбден. Өзі сөйлей алмайды. Мұндай жүрісіне үйреніп қалғанбыз. Бірде полиция алып келеді, енді бірде басқа балаларым тауып келеді. Аутизммен ауырады. Жалғызбасты анамын, – деп жатты әйел.
«Неге жалғыз жібересіз далаға?» дейміз біз. «Не болыпты жүрсе? Ауру бала болған соң жүреді де солай. Үйде іші пысады, сосын өзі далаға шығып кетеді» дейді анасы.
Сөзге араласқан көрші-қолаң кезектесіп: «Қызға қарамайды. Кір-қожалақ болып жүреді әр жерде. Ұялмайсың ба?» деп жан жақтан қаумалай бастады.
Жәутеңдеп анасының құшағына тығылған қыз баланың көздерінен анасын жақсы көретіні жазылып тұр еді. Ең құрығанда шомылдырып, алдағы уақытта қараусыз қалдырмауын өтіндік.
Мен кетерде артымнан жүгіріп келіп, құшағыма тығылған жәутеңкөз қыздың жанарынан тілімен жеткізіп айта алмаған алғысын оқып қойдым. Қолымды қысып қойып, анасына қарай қайта жүгіре жөнелген бейкүнә қыздың болашағына бақыт тілеп кете бардық.
Жесірін қаңғытпай, жетімін жылатпауға ұмтылған қазақ қоғамында бүгінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алатындардың саны көбеюде. Олардың бірі балаға туған ата-анасындай мейірім беріп, қамқорлықпен аялай қараса, енді бірі көзге шыққан сүйелдей түртпектейтін көрінеді.
Жуырда Талас ауданында 35 жастағы ер адам асырап алған 10 жасар қызын өлтірді деген күдікке ілінген. Қыз өлер алдында аяусыз соққыға жығылғаны анықталыпты. Жуалы ауданында тұратын бұл отбасы төрт баланы асырап алып, тәрбиелеп отырғаны мәлім болды. Қайғылы оқиға кезінде олар Таласта болған. Бүгінде тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция күдіктінің қамауға алынғанын мәлімдеді.
Облыс бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Дәурен Бақжановтың айтуынша, күдіктіні оқиға орын алған күні кешке аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қамауға алған.
– Отбасының қамқорлығында бірнеше бала бар. Оларға қатысты балаларды отбасынан алу туралы шұғыл шешім қабылданды. Қазір олар мемлекеттік мекемеде мемлекеттің қорғауында. Бұл іске қатысты қосымша ақпаратты әскери тергеу басқармасы ғана ұсына алады. Өйткені күдікті – әскери қызметкер, – деді Дәурен Бақжанов.
Жас баланың өліміне себепші болған аталмыш оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні оқиға орнында ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамапты. Қазір іс бойынша тергеудің толықтығын, объективтілігін және жан-жақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған барлық қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатса керек.
«Бөтен бала болмайды», «Балалы үй – базар, баласыз үй қу мазар» дейді қазақ. Иә, бала – бақыт бастауы емес пе? Әлде кей бала толыққанды бақытты өмір сүру үшін біреуге кедергі келтіріп жүр ме? Қорғансыз һәм бейкүнә бала тағдыры үлкендердің ойыншығына айналмаса екен...
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ