Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Таласта толайым тірлік көп

Таласта толайым тірлік көп
Автор
Уақыт көшінен қалмай, заман ағымымен ырғақты дамып келе жатқан ауданның бірі – Талас ауданы. Қойнауына қазына жасырған қарт Қаратаудың етегінде орналасқан ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы бүгінде біршама жақсарып, жұртшылықтың тұрмысы түзеліп келеді.

ӨНДІРІС ӨРІСІ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ

Талас ауданында жылдың 4 айында 12,9 миллиард теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 105,6 пайызға орындалыпты. Былтыр 11,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілген екен. Тарқата айтсақ, кен өндіру және карьерлерді қазу өнеркәсібі 3,1 миллиард теңгеге, өңдеу өнеркәсібі – 8,5 миллиард, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау – 1,3 миллиард теңге, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі 70,2 миллион теңге тең болған. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 11,3 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 234,9 пайызды құрапты.

Жеке және шағын кәсіпорындардағы бөлшек сауда тауар айналымы 1,4 миллиард теңге болса, нақты көлем индексі 90,7 пайызды көрсеткен.

– Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмен орындалып отыр. Себебі аудан орталығы Қаратау қаласында орналасқан «Technodom» және «Sulpak» супермаркеттерінде сауда айналымы 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда кеміді. Бұл азық-түлікке қарағанда ауданда тұрмыстық техникаға деген сұраныстың төмен болуымен байланысты. Ауданда ауызсу жүйесі, спорт кешендері, жылыту қазандығы, жолдарды орташа жөндеу секілді құрылыс жұмыстары 2,6 миллиард теңгеге жүргізіліп, нақты көлем индексі 233,4 пайыз болды. 3 елді мекеннің және «Флора» саяжайының ауызсу жүйесінің құрылысын аяқтауға 389,6 миллион теңге, Бостандық елді мекеніндегі спорт кешенінің құрылысын жалғастыруға 427,1 миллион теңге, Қаратау қаласындағы қонақүйді әкімшілік нысан ретінде қайта жаңғыртуға 600 миллион теңге, орталық жылыту қазандығының мазут шаруашылығын қайта жаңғырту жұмыстарын жалғастыруға 451,9 миллион теңге жұмсалды. Сол секілді Қаратау қаласындағы жылу жүйесін қайта жаңғыртуға 220,5 миллион теңге, ауылдық елді мекендерді газдандыру жұмыстарына 1259,6 миллион теңге, қала және ауылдық елді мекендердегі көшелерді қайта жаңғырту және орташа жөндеу жұмыстарына 1776,9 миллион теңге қаралған болатын. Аудандағы әлеуметтік мәселелердің бірі – жұртшылықты баспанамен қамту. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жалпы көлемі 7051 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда меже 133,5 пайызға артығымен орындалды. Көрсеткішке артығымен қол жеткізуге Қаратау қаласы мен ауылдық елді мекендердегі жеке сектордағы құрылыс септігін тигізді. Аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуда ауылшаруашылық саласының алатын орнының ерекше екендігі баршаға мәлім. Есепті мерзімде ауылшаруашылық өнімі 4 миллиард теңгеге өндіріліп, нақты көлем индексі 102 пайызға тең болды. Бүгінде инвестиция тарту және жаңа жұмыс орнын ашу бағытында да елеулі жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Осыған байланысты 2023-2027 жылдары құны 31,2 миллиард теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру межеленген. Жобалар іске асырылған жағдайда 450 адам жұмыспен қамтылатын болады. Атап айтқанда, келесі жылы «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құны 25,8 миллиард теңгені құрайтын цианид натрий өндірісін ұлғайту жобасының екінші кезеңі жүзеге асырылады. Ол үшін 5 гектар жер телімі қарастырылған. Жылына 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға дейін цианид натрийін өндіріліп, қосымша 300 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда өндірісте 600 адам жұмыс істеп жүр. «KARATAU CHEMICALS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құны 2,88 миллиард теңгені құрайтын пиросульфат натрий өндіру жобасы арқылы жылына 25 мың тонна өнім өндіру, 30 адамды жұмыспен қамту көзделген. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. «Asia NST» серіктестігінің құны 476,8 миллиар теңгені құрайтын мрамор өндіру жобасы іске қосылып, 12 адам жұмыспен қамтылды. «Жамбыл Недр» ЖШС «Қаратау әктас» ЖШС-нің мүшесі болып, «Жамбыл Недр» ЖШС аумағында қуаттылығы 400 тоннаға дейін 1 және 2 сортты әктас шығаратын әк өндіру зауыты құрылысының инвестициялық жобасын бастады. Қазіргі таңда 1,7 миллиард теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынып, оларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық іске қосылғанда 90 адам жұмыспен қамтылады. Инвестицияның жалпы сомасы 2 миллиард тенгені құрайды. 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында шағын және орта кәсіпкерлік мәртебесімен ауданда 3 823 субъекті тіркелген. Есепті кезеңде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бірыңғай кешенді бағдарламаның «Пайыздық ставканы субсидиялау» бағыты бойынша Қаратау қаласында сауда-саттық, қоғамдық монша, құрылыс саласында құны 127 миллион теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылды. Осы жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша, жалпы мал саны 491 993-ті құрап, өткен жылдың 4 айымен салыстырғанда мал саны 32 854-ке өсті. Ауданда 30 231 мүйізді ірі қара, 443 508 қой-ешкі, 15 994 жылқы, 2 260 түйе бар. Биыл 7 695 бұзау, 56 384 уақ мал, 2 962 құлын, 254 бота, 98 торай ауылшаруышылық жануарларын бірдейлендіру базасына енгізілді. Тірідей салмақта 3265,9 тонна мал және құс еті, 1024,6 тонна сүт өндірілді, – дейді Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков.

 

АСЫРАУШЫ САЛАНЫҢ АДЫМЫ КЕҢ

Биыл 1516,1 тонна тыңайтқыш алу жоспарланыпты. Бүгінгі таңда 694 тонна тыңайтқыш алынған екен. Қалған тыңайтқыш күздік егіс-дала жұмыстары кезінде алынып, қолданылмақ. Барлық егістік жер 22 359 гектар болса, оның ішінде 12 667 гектар суармалы жердің 9 692 гектары жер телімі көрінеді. Негізінде осы суармалы жердің ауылшаруашылық мақсатындағысы 11 590 гектарды құраса, қалғаны үй іргесіндегі жерлер. Бүгінгі таңда 2025 жылдың өнімі үшін барлығы 12 145 гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдары орналастырылыпты. Оның ішінде күздік бидай 4 500 гектар және бұрынғы жылдардағы көпжылдық шөп 4125 гектарды құраған.

Көктем айларында 3 520 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары орналастырылған. Атап айтқанда, 1 050 гектарға жаздық арпа, 635 гектарға мақсары, 10 гектарға күнбағыс, 100 гектарға картоп, 275 гектарға бақша, 165 гектарға көкөніс, 25 гектарға пияз, 85 гектарға қызылша, 910 гектарға көпжылдық шөп және 265 гектарға жүгері себіліп, көктемгі дала жұмыстары толығымен аяқталған. Аудандағы 812 ауылшаруашылық техникасының жетеуі астық комбайны, 323-і трактор, 482-сі қосалқы агрегаттар. Осы жылға 56 ауылшаруашылық техникасын жаңадан сатып алу жоспарланып, 4 айда 108,1 миллион теңгеге 3 трактор және 5 басқа да агрегаттар сатып алыныпты. Көктемгі дала жұмыстарына 433 ауылшаруашылық техникасы тартылған. Нақты айтқанда, осы шаруаларды сәтімен атқаруға 323 трактор, 72 соқа, 20 дәнсепкіш, 17 қопсытқыш, 1 дән улағыш жұмылдырылған.

Биыл 519 гектар егістік алқабына тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісі және лазерлі тегістеуіш қолданылған. Оның ішінде «Зерхат» шаруа қожалығы – 190 гектар, «Рәтбек» – 35, «Нұрдаулет» – 100, «Демеш» – 55, «Мирас» шаруа қожалығы 10 гектарды заманауи әдіс-тәсілмен суаратын болса, барлығы 129 гектарға лазерлі жер тегістеу жұмыстары жүргізіліп, су үнемдеу мен егін өнімділігін арттыруға мүмкіндік жасалыпты.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында Қаратау қаласы мен ауылдық округтерден жалпы сомасы 341,6 миллион теңгені құрайтын 48 жоба жинақталып, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасына ұсынылған. Нәтижесінде 197,4 миллион теңгеге бағаланған 29 жоба қолдау тауып, қаржыландыруы жүзеге асырылыпты. Қалған жобалар 2025 жылдың шілде айынан бастап кезең-кезеңімен қаржыландырылмақ. Салалар бойынша нақтылай кетсек, ауылшаруашылық саласында жалпы 5 жоба мақұлданыпты. Оның ішінде 4 жылыжай мен 1 балық шаруашылығы жобасына 33,5 миллион теңге бөлінген. Тамақ өнеркәсібі саласында 13 жоба іске асырылуда. Оларға 95,8 миллион теңге бағытталыпты. Бұл ретте 5 наубайхананы, бір-бірден кондитерлік өнімдер цехы, кофе ішетін орын, ұлттық сусын өндіру жобасы, жайма өндірісі мен 4 қоғамдық тамақтану орнын қажетті құрал-жабдықтармен қамту көзделген. Құрылыс материалдарын шығару саласында жалпы 7 жоба қаржыландырылған екен. Оның ішінде 2 кірпіш зауыты мен темір өңдеу, дәнекерлеу цехы және 3 жиһаз өндірісі цехына 46,8 миллион теңге бөлінген. Қызмет көрсету саласында 23 жоба қолдау тауыпты. Атап айтқанда, 2 техника жөндеу орталығы, 6 тігін цехы, 4 медициналық, 2 мультимедиялық оқу орталығы, спорттық тренажер залы, компьютерлік қызмет көрсету нүктесі, баспа қызметі, садақ ату клубы, жабдықтар жалға беру орны, жөндеу шеберханасы, күзет агенттігі, балабақша және дауыс жазу студиясы жобаларының жалпы сомасы 165,5 миллион теңгені құраған.

 

ЕЛДІ МЕКЕНДЕР ТОЛЫҚ ГАЗДАНДЫРЫЛАДЫ

– Құрылыс саласы бойынша Қаратау қаласы А.Шейн көшесінің №15 нысанындағы қонақүйді әкімшілік нысан ретінде қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 600 миллион теңге бөлінген болатын. Қазіргі уақытта қосымша 1 миллиард теңгенің облыстық бюджеттен бөлінуі күтілуде. Бүгінгі күнге мердігер анықталып, «Агроспецстрой» серіктестігі қайта жаңғырту жұмыстарын бастады. 1 мамырда 1 271 адам тұрғын үй кезегінде тұрған. Оның ішінде 248-і көпбалалы отбасылар болса, 607-ісі әлеуметтік осал топтағылар, 415-і бюджеттік қызметкерлер, біреуі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала. Ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамту бойынша жұмыстар тиісті деңгейде атқарылып, 2024 жылы қайта жаңғыртылған 185 пәтерді құрайтын үш көпқабатты тұрғын үй сатып алынды. Бүгінгі таңда осы тұрғын үйлердегі пәтерлерді кезекте тұрған азаматтарға табыстау жұмыстары жүргізілуде. Ауданда 23 елді мекен болса, онда 19 745 адам тұрады. 15 100 тұрғын өмір сүріп жатқан 17 елді мекен газдандырылған. Бұл жалпы таластықтардың 73,9 пайызы көгілдір отынмен қамтылғанын көрсетеді. 2027 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Майтөбе және Қожағаппар елді мекендеріне газ құбырларын салу жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 704 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жалғасуда. Мердігер – «АқБарыс-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сонымен қатар Қасқабұлақ, Есейхан және Қараой ауылдарын газбен қамтамасыз ету бойынша жеткізуші газ құбырының құрылысына республикалық және аудандық бюджеттен 555,6 миллион теңге бөлініп, «Газ-Сервис» серіктестігі мердігер болып анықталды. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, жоба құны 2176,9 миллион теңгені құрайды. Нысан құрылысы келесі жылы аяқталады. Аталған ауылдарға ішкі кварталдық газ жүйесінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленген, жоба құны – 995,8 миллион теңге. Көктал ауылының газ тарату желісінің құрылысына да жобалық-сметалық құжаттама әзірленген, жоба құны 1261,0 миллион теңгені құрады. Бұл жобаларды іске асыру мақсатында республикалық бюджеттен қаражат қарастыру үшін бюджеттік өтінім берілді. Қаратау қаласындағы мазут шаруашылығын қайта құру жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 451,9 миллион теңге бөлініп, бүгінгі күні қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Нысан өткен жылдан өтпелі. Қаратау қаласындағы №1 жылу желісі мен тұрғын үй нысандарын жаңғырту жобасы жайлы айтсақ, балалар мен жасөспірімдер орталығынан Байтұрсынов мектебіне дейінгі жылу желісі мен «Тамды-Аулие» көшесіндегі №3 тұрғын үйді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жоба облыстық бюджеттен қаржыландырылып, 225,5 миллион теңге бөлінген. Мердігер – «Тараз Даниял и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында аудан көлемінде бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жұмыстар қолға алынуда. С.Шәкіров ауылындағы Қонаев, Шәкіров-1, Шәкіров-2 және Жылымбетов көшелері, Аққұм ауылындағы Сейфуллин, Тоқтықожаұлы және Рысқұлов көшелері, Ойық ауылындағы Т.Рысқұлов көшесі, Ақкөл ауылындағы Шәкіров және Қонаев көшелері, сондай-ақ Бостандық ауылындағы Абай Құнанбаев пен Байжанов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 212,4 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүзеге асырылуда. Жалпы бұл жұмыстар 12 көшені қамтиды және тұрғындардың талап-тілегінен нәтиже шығаруға бағытталған. Сонымен қатар, мәдениет ошақтарын жаңғыртуға да назар аударылуда. Ойық ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратын қайта жаңғыртуға 111,1 миллион теңге бөлініп, жобаның жалпы құны 277,9 миллион теңгені құрады. Сондай-ақ Үшарал ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратын жаңғыртуға 141,2 миллион теңге қаржы бөлініп, жоба құны 471,3 миллион теңгеге бағаланды. Аталған құрылыс жұмыстарын «Компания Сырым Блеке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Бұл нысандар 2026 жылы аяқталады. Одан бөлек, 2024 жылдан өтпелі болып есептелетін Бостандық ауылындағы спорт кешенінің құрылысына 427,1 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмыстар белсенді жүргізілуде. Спорт нысанының жалпы құны 562 миллион теңгеге бағаланса, оның ішінде 2024 жылы 111,1 миллион теңге қарастырылды. Құрылыс жұмыстарын «Әл-Мансұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Спорт кешені аудан тұрғындарының салауатты өмір салтын қалыптастыруға және жастардың спортпен айналысуына мол мүмкіндік беретін маңызды нысан болып саналады, – дейді Нұрбол Әбдімәжитұлы.

Қазіргі таңда аудан аумағындағы 23 елді мекеннің ішінде 20 елді мекен, яғни 19 104 тұрғын немесе 96,8 пайызға жуық халық орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіліпті. Осы жылы Қожағаппар ауылында су құбырының құрылыс жұмыстары толық аяқталып, халық игілігіне берілген көрінеді. Бұл жұмысты мердігер «Темір-Строй Сервис и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Сол сияқты Сейілбек елді мекенінде де су құбырының құрылысы толық аяқталып, жергілікті тұрғындар сапалы ауызсумен қауышқан. Бұл нысанды «Пырақ Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сәтті жүзеге асырды. Қараой ауылында су құбырының құрылысы жалғасуда. Бұл мақсатқа 267,2 миллион теңге бөлініп, жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жақын арада аяқталып, ауыл тұрғындары орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілетін болады. Мердігер – «Байсын-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сонымен қатар Арал және Қайыр ауылдарын сумен жабдықтау мәселесі де шешімін табуда. Бұл елді мекендерге кері осмос технологиясы қолданылған модульдік кешенді блоктар орналастыруға облыстық бюджеттен 72,4 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары былтыр басталғанымен оның аяқталуы 2024 жылдан кейінгі кезеңге жоспарланған болатын. Қаратау қаласындағы Флора саяжайын орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 50 миллион теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Бұл нысанды да «Темір-Строй Сервис и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Аталған жоба да 2024 жылдан өтпелі. Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуі аудан бойынша тұрғындарды таза ауызсумен қамту мәселесі назарда тұрғанының жемісі болса керек.

 

ЖОЛ САПАСЫ ЖАҚСАРУДА

Жол – экономиканың күретамыры. Әсіресе, аудан тұрғындарының күнделікті тыныс-тіршілігі, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасы жолдардың жай-күйіне тікелей байланысты. Осы орайда биыл аудан аумағындағы автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары ауқымды қарқын алып отыр. Аудан көлемінде жалпы ұзындығы 587,59 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары бар болса, оның ішінде 394,1 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар санатында. Ал 193,49 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар. 2024 жылы елді мекендердің ішкі жолдарын, яғни қала мен ауыл көшелерін орташа жөндеуге аудандық бюджеттен 868,1 миллион теңге қаржы бөлініпті. Қаратау қаласының ішкі көшелерін жаңғыртуға биыл ерекше назар аударылып отырса керек. Оған осы моноқаладағы 10 көшені орташа жөндеуден өткізу жұмысы қолға алынуы дәлел. Атап айтқанда, жөндеуден өтетін көшелер қатарында Ш.Өмірзақұлы, Есейхан, К.Берікбайұлы, Геолог, Қ.Сүгірбаев, Ғ.Мұратбаев, Ш.Смаханұлы, Н.Ақынбекұлы, Ә.Жангелдин, Ә.Момбеков көшелері бар. Аталған көшелерді жөндеуге аудандық бюджеттен 329,6 миллион теңге бөлініп, «Тараз Көлік Жолы» ЖШС мердігер мекеме ретінде анықталыпты. Жөндеу жұмыстары маусым айында басталған.

Ауыл көшелерінің жайын сөз етер болсақ, Бөлтірік шешен, Майтөбе, Көктал, Қызыләуіт, Есейхан, Тамабек ауылдарындағы 14 ауылішілік көшеге орташа жөндеу жүргізілмек. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 538,5 миллион теңге бөлініпті. Қазіргі таңда 13 көшені жөндеуден өткізу үшін мердігер ретінде жоғарыда аты аталған «Тараз Көлік Жолы» серіктестігі тиісті жұмыстарды қолға алған. Ал Бөлтірік шешен ауылындағы бір көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп жатқан көрінеді. Сонымен қатар Қаратау қаласындағы Панфилов, Тамды Әулие, Арбатас көшелерінің жолдарын қайта жаңғырту бойынша да ірі жобалар жүзеге асырылуда. Жалпы құны 1 миллиард 133 миллион теңге болатын бұл жоба 2024 жылдан өтпелі нысан ретінде тіркелген. Аталған көшелерді жөндеуге 2025 жылға республикалық және облыстық бюджеттерден 696,4 миллион теңге бөлініпті. Қорыта айтқанда, аудан жолдарын жөндеуге биыл айрықша көңіл бөлінген. Аудан әкімі жоспарланған жұмыстар толығымен орындалса, өңірдегі жол инфрақұрылымының сапасы едәуір жақсарады деп отыр.

«Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында ауданда жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықты нәтижелі жұмыспен қамту бағытында бірқатар нақты жұмыстар жүзеге асырылуда. 2025 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында аудан бойынша 1 133 адам тұрақты жұмысқа орналасып, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылыпты. Осылайша халықты жұмыспен қамтудың жылдық жоспарының 35 пайызы орындалған екен. Тарқата айтар болсақ, 296 азамат тұрақты жұмысқа орналасса, 81 адам «Жастар тәжірибес» бойынша түрлі мекемеге жолдама алыпты. Сол секілді әлеуметтік жұмыс орындарына – 43, ақылы қоғамдық жұмыстарға 485 тұрғын жіберілген, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен 2 адам қамтылса, «Күміс жас» жобасы бойынша 97 азамат жұмысқа тартылған екен. Бір айта кетерлігі, жоспарда 60 адам көрсетілгенімен, әзірге кәсіптік оқыту курстарына ешкім жіберілмеген. 20 жұмыссызды жұмыс орнында кәсіптік оқыту қажет болғанымен, бұл шаруа да алдағы уақытта қолға алынбақ. Онлайн оқыту курстарынан әзірге 96 таластық өтсе, 33 тұрғын «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқытылған.

Осы жылы әлеуметтік көмек түрлерін төлеуге 483,6 миллион теңге қаржы қойылыпты. Оның ішінде төрт айда 67 миллион теңгесі нақты тағайындалып, тұрғындарға төленген екен. Атаулы әлеуметтік көмекке 38,1 миллион теңге бөлініп, 845 адамнан тұратын 161 отбасыға көмек алған. Кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға 4,2 миллион теңге бөлініп, 126 отбасыдағы 248 балаға берілген. Тұрғын үй көмегі 9 отбасындағы 32 азаматқа 0,2 миллион теңге көлемінде көрсетіліпті. 235 адам 24,5 миллион теңгенің біржолғы әлеуметтік көмегін алған. Отын сатып алуға ауылдық жерлердегі әлеуметтік салада қызмет ететін 1700 маманға 33,4 миллион теңге қаралған.

Ауылдық жерлерді жас мамандармен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы да биыл өз жалғасын табуда. Осы жылы бағдарлама аясында 45 маманға көтерме жәрдемақы ретінде 17,694 миллион теңге қарастырылыпты. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу үшін 10 маманға 78,640 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатса керек. Бүгінгі күнге дейін 15 маманға жалпы көлемі 5 миллион 898 мың теңге көтерме жәрдемақы төленген екен. Әрбір маманға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 393 200 теңгеден үлестіріліпті. Жәрдемақы алғандардың ішінде 9-ы білім беру саласының маманы болса, үшеуі мемлекеттік қызметкер, екеуі денсаулық сақтау, біреуі спорт саласының маманы.

Біз сөз еткен ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың реті осындай. Әсіресе мұнда еңбекке қабілетті халықтың жұмыссыз қалмауына баса назар аударылуда. Сондықтан түрлі мемлекеттік бағдарламаларға халықтың қатысуы қамтамасыз етілуде.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар