
Облыс бойынша жасөспірімдер тарапынан жасалатын заңбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылады. Мәселен 2025 жылдың алғашқы 5 айында өткізілген 1456 бірлескен рейдтің 922-сі мектеп маңында ұйымдастырылған.
– 2024 жылы бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын – 141, 2025 жылы 145 қолайсыз отбасы, сондай-ақ былтыр қылмыс пен құқықбұзушылық жасаған – 293, биыл 297 кәмелетке толмаған жасөсіпірім полицияның есебіне алынды. Қазіргі таңда полиция бөліністерінде 380 жасөспірім және 312 қолайсыз отбасы есепте тұр. Есептегі тұрған кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен немесе заңды өкілдерімен жеке профилактикалық жұмыс үнемі жүргізіледі. Одан бөлек олардың үй-жайы, оқу орындары бойынша тексерістер жүзеге асырылады. Осы мәселе бойынша жасөспірімдердің түнде көшеде жүруі мен тәрбиесі жіті қарастырылып, осы мәселені жолға қою мақсатында түрлі шара қолданылуда. Девианттық тәрбиедегі мінез құлқына байланысты 16 жасөспірім арнайы режимдегі мектепке орналастырылды. 53 тұлға ата-ана құқығынан айырылып немесе шектелді. Ал 82 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы 127-бабы бойынша 623 ата-ана әкімшілік жауапкершілігі қаралды. Кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық фактілері бойынша олардың 148 заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Әлішер Қалышев.
Түнгі уақытта қараусыз жүрген жасөспірімдер қылмыс жасауға бейімделуі мүмкін. Бірі қылмысқа тұрмыстық жоқшылық салдарынан барса, енді бірі жасөспірімдерге қосылып, өзінің қалай қылмыс жасап қойғанын байқамай да қалады. Енді бірі тіпті еркінен тыс қылмыстың құрбаны болуы мүмкін. Түнгі уақыттағы бала өмірінің қауіпсіздігі үшін қашан да ата-аналар жауапты болуы шарт. Сол себептен баланы кеш қарайғанда достарымен серуендеуге жалғыз-жарым жіберу өте қауіпті.
– Баланы түнде қараусыз қалдырғаны үшін әке-шеше жауапты. Әкімшілік кодексінің 442-бабына сәйкес кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерісіз жүргені үшін 4194 ата-ананың жауапкершілігі қаралды. Сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында балалардың заңды өкілінсіз болуына жол берген 142 мекеме иелері Әкімшілік кодекстің 132-бабымен жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алу мақсатында оқу орындарында 6 702 құқықтық тақырыпта сөз сөйлеу ұйымдастырылып, оның ішінде 5092 лекция оқылды. Интернет желілерінде және бұқаралық ақпарат құралдарында 1566 мақала жарияланды, 142 «дөңгелек үстел» мен 256 ата-ана жиналысы өтті. Сонымен қатар осы жылдың ақпан айында Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Тәрбиелі жастар – қоғам тірегі», ал сәуір айында «Тараз – қауіпсіз қала. Жастармен бірге» атты кең ауқымды жастар форумдары өтті. Бұл іс-шаралар жастар арасында құқықтық сана мен тәртіпті арттыру, құқықбұзушылықтың және қылмыстың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды. Форумдар аясында жастармен кездесу өткізу үшін елімізге танымал тұлғалар шақырылып, олардың қатысуымен тәрбиелік және мотивациялық бағыттағы әңгіме-сұхбаттар ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралар жасөспірімдерге оң тәрбие беру мен олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға айтарлықтай үлес қосты. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылдың 5 айында кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 42,1 пайызға төмендеді. Бала тәрбиесінде тек білім беру мен құқық қорғау органдары ғана емес, бүкіл қоғамның ұлттық тәлім-тәрбиеге атсалысуы маңызды. Отбасы мен қоршаған ортаның рөлі ерекше, – дейді Әлішер Тиллабекұлы.
Расында ата-ана баланың тұлғасын қалыптастыруда оның бос уақытын қадағалап, немен айналысып жүргенін біліп отырғаны дұрыс. Кіммен араласады, ортасы қандай, достары кім екенін де сұрап алғаны, тіпті қажет болса танысқаны абзал. Одан бөлек қызығушылықтарын бақылауы һәм қажет болса қолдағаны бүгіні үшін де, әрі болашағы үшін де өте тиімді екенін ұмытпаған жөн.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ