
Алғашқы қоржыншалар Ежелгі Мысырда шамамен біздің заманымызға дейінгі 2600 жылдары пайда болған. Олар сазбалшықтан жасалып, шошқа немесе арыстан сияқты жануарлар пішінінде жасалған. Алайда нақты авторы немесе ойлап шығарушысы әлі күнге дейін айтылған емес. Орта ғасырларда қоржыншалар Еуропада кеңінен таралған. Олар тек жинақтау құралы ғана емес, сонымен қатар отбасының берекесі мен байлығының символы ретінде де қарастырылған.
Ал XIX ғасырда алғашқы механикалық қоржыншалар пайда болды. Олар ақшаны жинауға және жинақталған соманы есептеуге арналған арнайы механизммен жабдықталған еді. Бұл адамдарға қанша ақша жинағанын бақылауға және қандай соманы жинау керектігін түсінуге көмектесті. Бүгінгі таңда елімізде бұл бұйымды қолданушылар сиреп барады. Осы мәселе аясында облыс тұрғандарымен тілдесіп, сауал жолдап көрдік. Мәселен студент Анар Советова мұндай ақша жинау түрі қазір қалып кеткенімен бала күнінде бұл ойыншық түріне қатты қызыққанын айтып өтті.
– Қортықпаға бала күнімде қызығатынмын. Себебі ата-анамның артық ақшасын жинап жүргенін көретінмін. Кейін бәріміз оны санап, қызықтаушы едік. 12 жасқа толып, туған күнімді атап өтіп жатқан кезде ағам осындай бұйымды сыйға тартты. Ал атам соғыс жылдарында туған. Талай жылын ауылдық савхозда қызмет етуге арнап, түрлі тиын түрлерін жинауды ұнатқан екен. Сол себепті атам зейнетақысын алған сайын маған үнемі ақша беріп отыратын. Кейін әпкем тағы бір қоржынша сатып алып берді. Біреуіне қағаз ақшаларды жинап, екіншісіне ұсақ тиындарды жинап отырдым. Әрине ол кезде екі жүз теңгеліктің қағаз түрі қолданыста еді. Сол себепті жинаған қағаз ақшамның басым бөлігі екі жүз теңгеліктер болды. Анам да, әкем де, бауырларым да артылған майда тиындарын, ақшаларын маған беретін. Келесі туған күніме дейін жинадым да, ішіндегі ақшамды санауға асықтым. Ұсақ тиындардың саны бес мың теңге, қағаз ақша 8 мың теңге болды. Алғашқы жинаған ақшамды ата-анама бердім. Кейін де бірнеше мәрте жинап, оқуға қажетті дүниелерімді алып жүрдім. Қазір жұмысқа тұрып, өз қолым өз аузыма жеткеннен кейін осы ақша жинау құралына ірі ақшаларды салатын болдым. Биыл екі жылға жуықтады, әлі ашқан жоқпын, – дейді Анар Советова.
Балаларға арналған қоржыншалар түрлі пішіндер мен бейнелерде шығарылады. Әдетте олар ашық түстерде жасалып, жануарлардың, мультфильм кейіпкерлерінің немесе ертегі кейіпкерлерінің бейнесімен безендіріледі. Қоржыншалар әртүрлі материалдардан – пластик, металл, керамикадан жасалып, тиын салуға арналған тесікпен және ішіндегі жинаққа қол жеткізу жолымен жабдықталады. Ал бүгінгі таңда банктік жүйе дамығаннан кейін, қоржыншалар ақша жинаудың негізгі әдісі болудан қалды. Банктер қаржыны сақтауға және басқаруға ыңғайлы әртүрлі шоттар мен қызметтер ұсынды.
– Қазір барлығы онлайн жүйеге ауысып жатыр. Ақша жинайтын арнайы қоржынның цифрлы өзгерісі депозит екені анық. Мен де ақшамды депозитке салып, бір жыл өткеннен кейін шешіп аламын. Қазір жеке депозит және мемлекет бағдарламасымен үй алу үшін ашылатын арнайы банктік депозиттерге ақша жинау үстіндемін. Егер оңтайлы сәт түсіп жатса баспаналы боламын деген ниеттемін. Әрине бала күнімізде ұсақ тиындарды қортықпаға жинайтынбыз. Солайша өз қажеттіліктерімізге жұмсайтынбыз. Сол сияқты өсе келе арман мен мақсаттарың ұлғайған сайын ақша жинау тәсілі де өзгереді екен. Депозитке салудың тағы бір тиімді тұсы өздерінің қосатын арнайы пайыздық жарналарының бар болуында. Солайша салған ақшаға қосымша қаржы қосылады. Дегенмен мұның да өз кері тұсы болатыны анық. Себебі ақша көз алдыңда тұрғаннан кейін оны шешіп алып, жұмсап жіберу де оңай. Ал баспана алу үшін ашылған депозиттен ақшаны арнайы мерзімге дейін шешіп ала алмайсың. Әйтсе де ақша жинаудың ұтымды тұсы депозит ашу деп білемін, – дейді қала тұрғыны Жәнібек Жиеналиев.
Баламен ақша жинаудың маңыздылығы жайлы сөйлесіп, жинау мақсатын және қажетті соманы анықтауға көмектесу керек. Алғашында бала қарапайым нәрсеге, арзан ойыншыққа немесе киноға баруға ақша жинауы мүмкін. Осыдан кейін ол қоржыншаға ақша сала отырып, бір сәттік қалауын кейінге қалдырып, шыдамдылықты, алдағы әрекеттерін жоспарлауды, тәртіптілік пен өзін-өзі бақылауды үйренеді. Ол мақсатына біртіндеп жетуді меңгереді. Ақша жинау процесінің өзі балаға тәуелсіздік пен өз бетінше шешім қабылдау сезімін береді, себебі ол жинаған ақшасын өзі қалай жұмсауды таңдай алады. Ең бастысы – бұл ысырапшылдықтың алдын алуға және қарызға батпауға үйретеді. Ересек адамдар үшін де дәл солай. Қаржылық сауаттылығы төмен деңгейде болса қортықпаға ақша жинап бастауы керек. Яғни артық шығынды азайтуы тиіс.
Ал арнайы мерзімге жетіп, ішіндегі ақшаға өзіне қажетті дүниелерге қол жеткізсе ақша жинау әдісін толық меңгеруіне себепші болады. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей мұндай бұйымды қолдану да өз көмегін тигізеді.
Аян ШАДЫБЕКОВ,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің
3 курс студенті.