Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Баланың есепшотын бұғаттауға бола ма?

Баланың есепшотын бұғаттауға бола ма?
Автор
Жеке кәсіпкер болып тіркелген азаматтар салық төлеу туралы есептілігін өткізбеген жағдайда банк есепшоттарының бұғатталатыны белгілі. Алайда мұндай жағдайда оның жақындарының немесе туған-туысқандарының жеке есепшотын бұғаттайтыны туралы естіген емеспіз. Жақында Тараз қаласының тұрғыны Елмира Тұрлыбаева өзінің емес, 12 жасар баласының есепшоты бұғатталғанын айтып, редакциямызға хабарласқан еді.

Мұндай жағдайға бірінші рет тап болып отырмын. Салық есептілігін өткізбеуіме байланысты жеке есепшотымның бұғатталатыны туралы хабарлама алғаным рас. Алайда өзімнің есепшотымды емес, 12 жасар баламның есепшотын бұғаттағанын түсіне алмай отырмын. Есепшот менің атымнан балаға ашылғанымен оны бұғатқа қоюдың ешқандай тиімділігі жоқ екені белгілі. Себебі баламның шотында ақша айналымы өте төмен, өзінің арнайы шегі де бар. Салық есебін өткізгеннен кейін баламның есепшоты толық ашылды. Осы орайда неліктен өз есепшотымды емес, баламдыкін бұғатқа қойғандарын білгім келеді,– дейді Е.Тұрлыбаева.

Тұрғын өтінішін назарға алып «не себепті кәсіпкер болып тіркелген азаматтың жеке есепшоты емес баласыныкі бұғатқа қойылады?» деген сауалды тиісті мекемелерге жолдап көрдік. Ең әуелі облыстық кірістер департаментінің мамандарымен тілдестік. Аталған департаменттің түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлнұр Абдалиева жеке кәсіпкер болып тіркелген тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) арқылы бұғаттау бойынша банкке хабарлама жіберілетінін айтады.

– Банк сол ЖСН арқылы тіркелген барлық есепшоттарға бұғат қояды. Қазір көп ата-аналар балаларына өз жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы есепшот ашып береді. Яғни ол есепшот сол кәсіпкердің ЖСН-і арқылы ашылғандықтан оны да бұғатқа қоюға құқылы болады. Демек біздің тараптан бұғаттау туралы банкке хабарлама жіберіледі. Бұғаттау ісімен тікелей банк жұмыс істейді. Сол себепті ата-ананың өзінің жеке есепшоты емес, баласының есепшотын бұғатқа қойғандығы туралы банк қызметкерлері тікелей жауап береді, – дейді Г.Абдалиева.

Жалпы банктер жеке кәсіпкердің есепшотын қай кезде бұғаттай алады? Осы сұраққа жауап бере кеткен жөн болар. Әдетте банк прокуратура, салық органы сияқты уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың немесе сот орындаушылар сияқты лауазымды тұлғалардың шешiмдерi бойынша ғана есепшоттардағы операцияларды тоқтатады. Дейтұрғанмен кейде банк өз шешімі бойынша да мерзімі өткен несие қарызы болған жағдайда есепшоттарды бұғаттауға құқығы бар. Қай банктен алғаныңыз маңызды емес, ақша несие беруші банк пайдасына есепшоттан алынады.

Сол секілді банк кәсіпкерге қарызға байланысты бұғаттау және оны өтеу талабы туралы хабарлама жібереді екен. Оны сот орындаушысына бергенге дейін төлеген дұрыс, өйткені үстінен жеке сот орындаушы  қызметтерін де төлеуге тура келеді. Жоғарыда айтылған тұрғын мәселесі аясында «Kaspi Bank» қызметкерлеріне де қоңырау шалып көрдік. Кеңесшілер жауап бермегеннен кейін «Атшабар» тұрғын үй кешенінде орналасқан банк бөлімшесіне арнайы барып, басшысын әңгімеге тарттық.

– Алдымен салық органдары тұтынушыларға ата-анасының немесе баласының есепшотын бұғатқа қою туралы хабарлама жібереді. Сол хабарламаға сәйкес бұғатқа қойылатын есепшот анықталып, банк тарапынан автоматты түрде жүйеленеді. Бізде осы күнге дейін мұндай жағдай кездескен емес. ЖСН-ге тиесілі барлық есепшот бұғатталады. Есепшотты баласыныкі немес ана-анасыныкі деп бөліп қарамаймыз. Салық органдары қандай есепшотты бұғатқа қою керектігі туралы хабарлама жіберсе, біз сол есепшоттың жұмысына шектеу қоямыз. Сонымен қатар жеке сот орындаушылары да банк келісімінсіз есепшоттарды арестке қоя алады. Бұғатқа қойылғандығы туралы кәсіпкер иесіне хабарлама келуі тиіс. Сол хабарламада банк немесе сот орындаушысының арестке қойғандығы нақты көрсетіледі. Тағы да айта кетейін, салық есебін өткізбегені үшін есепшот жұмысын тоқтату ісімен тікелей салық органдары айналысады. Біз сол заң өкілдерінің берген хабарламасы аясында тұтынушыға қатысты шешім жасаймыз. Осындай оқиғаға тап болған азаматтар «Kaspi Bank» бөлімшелеріне барып, мән-жайды нақты анықтап алуы керек. Біз де көмек көрсетуге әрқашан дайынбыз, – дейді «Kaspi Bank»-тің осы бөлімшесінің басшысы Шынар.

Осы мәселеге қатысты 2024 жылы 20 жылдық тәжірибесі бар бухгалтер Айжан Қыдырманова жеке кәсіпкер ретінде тіркелген тұлғалардың шотының бұғатқа түсу себептері мен оны ашу жолдарын түсіндіру мақсатында Jusan.kz сайтына арнайы жазба жариялаған еді. Оның айтуынша банк, салық органы және сот орындаушылары әрқайсысы өз себептері бойынша кәсіпкердің ағымдағы есепшотын бұғаттауы мүмкін. Яғни кәсіпкер салық, айыппұлдар мен өсімпұлдарды төлемеген кезде салық органы есепшоттарды бұғаттайды. Барлық жұмыс есепшоттары бірден бұғатталады, бірақ тек қарыз мөлшеріне қарай жүзеге асады.

Сонымен қатар есепшот декларацияны уақытылы тапсырмағаны үшін бұғатталуы мүмкін. Бұған қоса егер сіз есептілікті тапсыру мерзімін кешіктірсеңіз, есепшот бірден бұғатталмайды. Алдымен салық органы 10 күн ішінде хабарлама жібереді, содан кейін оны орындауға 30 күн уақыт береді. Бұғаттауды болдырмау үшін хабарламаға жауап беріп қана қоймай, оны берілген мерзімде орындау керек, яғни қажет форманы тапсырып, қарызды төлеу керек.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар