Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Келешек» бағдарламасының көмегі көп

«Келешек» бағдарламасының көмегі көп
Автор
Елімізде биылғы жылдан бастап «Келешек» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл – баланың жоғары біліміне қаржы жинауға бағытталған бағдарлама. Мемлекет 5 жасқа дейінгі балалардың ессепшотына 60 АЕК немесе 235 920 теңге көлемінде бастапқы білім беру капиталын аударады. Ал ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға 120 АЕК көлемінде ақша аударады. Оны сақтап қалу үшін отбасына жыл сайын кемі 24 АЕК немесе 94 368 теңгені аталмыш депозитке аударып тұрулары қажет.

«Келешек» бағдарламасы «Ұлттық қор балаларға» жобасы аясында 2024 жылдан бастап іске асырылып келеді. Алғашында «Ақыл» депозиті болып ашылып, жобаға биылғы жылы бірқатар өзгеріс енгізіліп, «Келешек» бағдарламасымен біріктірілген.

Бағдарламаның негізгі шарттары бойынша 18 жасқа дейінгі немесе кез келген Қазақстанның азаматы бағдарламаға қатысып, өзіне «Ақыл» депозитін аша алады. «Ақыл» депозитін ашу үшін бастапқыда шотыңызда 11 800 көлемінде ақша болуы керек. Сол соманы салған уақытта ғана депозит ашылады. Шот ашылғаннан кейін мемлекет бастапқы капиталы, яғни 235,9 мың теңге құяды. Ал ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға 471,8 мың теңге, яғни екі есе көп көлемде сыйақы аударылады. Содан кейін әр жылы тоқсан 5 000 теңге салып отыру керек. Дегенмен бұл биылғы жылдың көрсеткіші. Келесі жылы айлықтық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты төлем жасау мөлшері де өзгеруі мүмкін.

Облыс бойынша 2024 жылдан бері «Ақыл» депозиті негізінде 4953 жеке шот ашылып, тұтынушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Жеке шот ашу онлайн және банкке тікелей бару, сондай-ақ арнайы кеңесшілерге жүгіну арқылы жүзеге асады. Мәселен «Отбасы банк» акционерлік қоғамының облыс бойынша 4 кеңесшісі бар. Бағдарламаның нақты шарттары мен тиімділігін білу мақсатында біз де кеңесшілердің кеңесіне құлақ түріп, тілдескен едік. 4 кеңесшінің бірі Нұржан Есіргеновтің айтуынша, бағдарламаның тиімділігі өте орасан.

– «Келешек» бағдарламасының басты мақсаты – баланың болашақ білім алуына қаржы жинау және мемлекет тарапынан қосымша сыйақы беру арқылы ата-аналарға қолдау көрсету. Мемлекетттің 235 мың теңге білім капталы тек 5 жастағы балаларға ашылған шоттарға түседі. 5 жастан асқан балаға мемлекеттің төлемі түспейді. Ал баланың жасы 5-ке толмаса, білім капиталы бала 5-ке толғанда ғана аударылады. Енді бағдарлама аясында балалар бұл ақшаны өзінің білімі үшін қазақстандағы немесе шетелдік жоғары оқу орындарында оқуға жұмсай алады. Немесе бала грантта оқып жатқан болса, ол ақшаны үй алуға, тағы да басқа шоттарға аударуға мүмкіндік бар. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға шот арнайы жарнасыз да ашыла береді. 11 800 теңге салу салу міндетті емес. Бұл санаттағы шотты ашу үшін «Отбасы банктің» орталық филиалына бару міндетті. Сондай-ақ біздің кеңес беру орталықтарына да жүгінсе болады. Тағы да айта кетерлігі, біздің көшпелі кеңесшілеріміз де бар. Егер де банкке бару мүмкіндігі болмаса біздің кеңесші мамандарымыз сіздердің жұмыс орындарыңызға немесе үйлеріңізге барып, консультация беріп, бағдарламаны толыққанды түсіндіріп, шотты ашып беру мүмкіндігін қарастырады. Жеке басым «Келешек» бағдарламасы аясында 8 азаматқа жеке шот ашып бердім,– дейді Нұржан Атаубайұлы.

Маманның айтуынша, кеңесшілер өзімен бірге арнайы планшет алып жүреді. Планшет арқылы сіздің жеке куәлігіңіз немесе балаңыздың құжаттары арқылы жеке шот ашуға болады. Жеке шот ашылғаннан кейін «Отбасы банк» АҚ-ның қосымшасын ұялы телефонға орнатып, сол қосымша арқылы шоттағы түсімдерді, шығындарды қарап, бақылап отыра аласыз.

– Жыл сайынғы төлемнің төменгі шегі 95 000 мың теңгені құрайды. Төлемді жүргізіп келіп, екінші жылы төлем салмасаңыз мемлекет бастапқы салған капиталын кері қайтарып алуға құқылы. Бұл қаражат банктің емес, мемлекеттік қаржыдан бөлінген ақша болғаннан кейін депозит ашылған уақытта кеңесшілер бұл мәселе аясында толық түсіндіріп өтеді. Жеке шот ашылғаннан кейін ешқандай карта берілмейді. Бірақ сізге балама код беріледі. Сол код арқылы төлемдер жасап, қосымша арқылы бақылап көріп отыруға мүмкіндік бар. Ол тек цифрлық жүйе болғандықтан депозиттің ашылғаны туралы келісімшарт негізінде арнайы сертификат берілуі мүмкін. Шоттағы ақша тек баланың білім алуына жиналатын қаржы болғандықтан оны мерзімінен бұрын шешіп алу немесе өзге мақсаттарға қолдану қарастырылмаған. Тек оқыс оқиға кезінде ғана рұқсат етіледі. Бағдарлама мақсаты баланың жоғары білім алуына жағдай жасау болғандықтан арнайы білім беру жүйелері жобаға кірмейді. Дегенмен бұл мәселені қарастыруға болады, – дейді кеңесші.

Баянды бағдарлама облыс тұрғындарына да қуаныш сыйлауда. Мәселен Қордай ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Назерке Қаржауқызы бұл мүмкіндікті жіберіп алмай, екінші ұлына жеке шот ашқысы келетінін жеткізді.

– Әрине мұндай бағдарламаларды бұрын-соңды естісем де тәуекелге барып, құжат тапсырып көрмеппін. Дегенмен «Келешек» бағдарламасы баланың келешегін кемел ететін жоба болғандықтан мен де балама жеке шот ашқым келеді. Себебі баланың жоғары білім алуы кез-келген ата-ананың арманы екені анық. Қазір пайдасыз нәрселерге де ақшаны оңды-солды шашып жатырмыз. Ал осындай бағдарламаларға қатысып, ақшаны тиімді пайдалансақ, өз игілігіміз үшін құйған инвестиция деп толық айта аламын. Сондықтан да келер аптада банк кеңесшілеріне жүгініп, бес жастағы балама жеке шот аштыруға барамын, – дейді тұрғын.

Мемлекет жыл сайын білім саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Шет елге оқуға түсуді жеңілдету, оған қаржы жинау шоттарын ашу, мектеп қабырғасында жүріп жоғары оқу орнына түсу жолдарын қарастыру секілді оң бастамалар бүгінгі таңда керек-ақ. Сол себепті мұндай жаңашылдықты оңтайлы пайдаланғанымыз абзал.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар