Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Робот айналасына қауіп төндіре ме?

Робот айналасына қауіп төндіре ме?
Автор
Технологиялардың қарқынды дамуымен бірге адамзатқа төнетін қауіп-қатерлер де күн өткен сайын артып барады. Адам мен саналы құрал қатарласа өмір сүріп, бір мақсатта қызмет етсе қауіптің көбейетіні сөзсіз. Күтпеген апаттар, техникалық ақаулар болуы мүмкін.

Мысалы 2021 жылы АҚШ-тың Техас штатындағы «Tesla» компаниясының «Giga Texas» зауытында адамға робот шабуыл жасаған. Роботтардың өшірілгенін тексеріп жүрген инженер үшінші роботтың әлі де іске қосулы екенін байқамай қалады. Нәтижесінде робот жұмысшының арқасы мен қолын жарақаттаған.

2023 жылдың қараша айында Оңтүстік Кореядағы зауыттардың бірінде робот қолынан қызметкер мерт болған. Робот бұрыш салынған қораптарды паллеттерге орналастыруға арналған болатын. Алайда сенсор жүйесіндегі ақауға байланысты робот адамды көкөніс қорабы деп шатастырып, конвейер лентасына жаншып тастаған. Ауыр жарақат алған ер адам ауруханада көз жұмған.

Зерттеулер көрсеткендей, роботтандырылған өндіріс орындарында жарақат алу қаупі әлдеқайда жоғары. Мысалы, «Tesla»-ның «Giga Texas» зауытында 2023 жылы әрбір жиырма бірінші қызметкер жұмыс барысында жарақат алған.

Медициналық роботтар да соңғы жылдары көптеген елде кеңінен қолданылуда. Хирургиялық роботтардың дәлдігі, анатомиялық тұрғыдан күрделі аймақтарға қол жеткізу мүмкіндігі жоғары бағаға ие болуда. Әйтсе де, бұл технологияның жетістіктерімен қатар елеулі қауіптерін де айтпай кетуге болмайды. Нақтырақ айтар болсақ, 2012 жылы АҚШ-тың Орегон штатында жүргізілген роботтандырылған хирургиялық операция кезінде «da Vinci» атты хирургиялық роботтың бір бөлігі науқастың іш қуысында қалып қойған. Бөлшек 7 ай бойы іште қалып, пациент қатты ауырсыну сезімін бастан кешірген. Кейін бұл оқиға бойынша өндіруші компанияға қарсы сот ісі қозғалған. Және 2021 жылы Флоридадағы Baptist Health Boca Raton Regional Hospital ауруханасында «da Vinci» хирургиялық роботының көмегімен ішек обырына ота жасалған. Сандра Султцер есімді науқас робот құралдарының электр оқшаулауының жеткіліксіздігі салдарынан ішкі күйік алып, кейіннен көз жұмды. Сот материалдарына сәйкес, бұл жарақаттар операция кезінде орын алып, кейіннен қосымша медициналық араласуларды қажет еткен. Сандраның күйеуі Intuitive Surgical компаниясына қарсы талап-арыз түсіріп, оның өлімін хирургиялық роботтың ақауымен тікелей байланыстырған. Бұған қоса, аталған компанияға қатысты осындай сипаттағы бірнеше талап-арыз АҚШ-тың әртүрлі штаттарында қаралып жатыр.

Мамандар ең үлкен қауіп әскери роботтардан төнетінін айтады. Себебі олар адамның тікелей басқаруынсыз нысананы анықтап, шабуыл жасай алады. Бұл жүйелердің басты қаупі – басқарудан шығып кетуі мүмкін немесе нысанды қате анықтауы ықтимал. Мәселен, автономды дрондар белгілі бір бағдарламалар арқылы шешім қабылдайды. Бірақ күрделі және тез өзгеретін соғыс жағдайында бұл шешімдер қателікке ұрындыруы ғажап емес. Сонымен қатар, кибершабуылдар арқылы әскери роботтарды сырттан басқару немесе бұзу болжамы жоғары. Бұл өз кезегінде апатқа немесе жазықсыз адамдардың өліміне әкелуі мүмкін. 2020 жылы Ливиядағы қақтығыс кезінде БҰҰ баяндамасына сәйкес, жауынгерлік дрон адам бұйрығынсыз автономды түрде әрекет етіп, нысанаға шабуыл жасаған. Бұл жағдай тарихта алғаш рет автономды қару адамның тікелей басқаруынсыз адам өмірін қиған оқиға ретінде тіркелді.

Қазіргі заман – адам мен машинаның аражігі жойылып, екеуінің ортақ кеңістікте қызмет ететін дәуірі. Технологиялық ілгерілеу – адамзат ақыл-ойының шексіз мүмкіндігін дәлелдегендей көрінгенімен, бұл жетістіктің бағасы – қауіпсіздік пен жауапкершілік сынды ұғымдарды қайта қарауды талап етеді. Роботтандыру үрдісі қоғамның барлық саласына енген сайын, «қауіпсіздік» ұғымы жай ғана қосымша шарт емес, басты қажеттілікке айналуда.

Бір қарағанда роботтар шаршамайтын, қателеспейтін, бұйрықты бұлжытпай орындайтын құрылғылар секілді. Алайда, шын мәнінде, олар – адам жасаған жүйелер. Демек, олардағы кез келген ақау немесе алгоритмдік сәйкессіздік – адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Әсіресе адам мен роботтың бір кеңістікте қатар жұмыс істеуі кезінде туындайтын физикалық, психологиялық және әлеуметтік қауіптерді елемеу үлкен стратегиялық қателік болар еді.

Осы ретте біз қауіпсіздік мәселесін тек техникалық тұрғыдан ғана емес, адам мен қоғамның рухани және мәдени деңгейімен байланысты ұғым ретінде қарастыруымыз керек. Қауіпсіздік – бұл шектеулер жиынтығы емес, бұл – сенімділікке, адалдыққа және бір-біріне деген құрметке негізделген жүйе. Инженер қандай құрылғы ойлап тапса да, ол адам өмірінің қадірін сезіне алмаса, ол технология қауіпті болмақ. Заң шығарушы қандай норма бекітсе де, егер жұмысшының өзі жеке қауіпсіздігін басты құндылық санамаса, ол ереже қағаз жүзінде ғана қала бермек.

Роботтандыру мен автоматтандыру үдерістері елдің экономикалық қуатын арттыруға, еңбек өнімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Бірақ осы өрлеу, осы серпін адам өмірін құрбан етумен, не болмаса адам қадірін төмендетумен жүзеге аспауы керек. Демек, технологиялық прогрестің шынайы өлшемі – оның адамға қаншалықты қауіпсіз әрі пайдалы екенімен бағалануы тиіс.

Мадина МҰСАБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің
3-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар