Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Озық ойлы оқушылардың олжасы

Озық ойлы оқушылардың олжасы
Автор
Бүгінде дарынды оқушылар ғылыми жобалары арқылы еліміздің дамуына үлкен үлес қосуда. Тараз қаласындағы №66 орта мектептің оқушылары Әмір Болат пен Ерсұлтан Тұрарбектің жобалары – осының жарқын дәлелі. Бірі – ұлттық мұра мен цифрлық технологияны үйлестіріп, тарихи ескерткіштерді виртуалды кеңістікке көшірсе, екіншісі – малшаруашылығына арналған ақылды құрылғы жасап шықты.

4-сынып оқушысы Әмір Болат «Тараз қаласындағы мәдени ескерткіштерді цифрландыру: панорамалық сурет арқылы тур жасау» атты ғылыми жобасында тарих пен заманауи цифрлық әдістерді ұштастыра білді. Бұл жобада ол Тараз қаласындағы үш бірегей ескерткішті – Айша бибі, Қарахан және Тектұрмас кесенелерін таңдаған. Жас зерттеуші тарихи деректер мен халық аңыздарын жинақтап, оларды панорамалық 360 градустық форматта виртуалды тур ретінде ұсынды.

– Жобаны жасағанда Таразға келгісі келетін, бірақ келе алмай жүрген адамдар туралы ойладым. Солар тарихи жерлерді алыстан-ақ көре алса екен дедім. Ең қызығы – ескерткіштердің айналасын айналдырып көруге болады. Сыртқы келбеті ғана емес, олардың тарихын да айтып беретін мәтіндер қосылды, – дейді Әмір Болат.

Жобаның ғылыми жетекшісі, бастауыш сынып мұғалімі Динара Қарымсақова оқушысының еңбекқорлығына ризашылығын білдірді.

– Болат – өте зерек, ізденімпаз бала. Оның тарихи мұраны сақтауға, жаңаша танытуға деген ынтасы ерекше. Біздің мақсатымыз – балалардың бойында ұлттық құндылыққа деген құрметті қалыптастыру ғана емес, соны заманауи әдістермен жеткізуге үйрету. Бұл жоба сондай мақсаттардың орындалған нақты мысалы болды, – дейді ұстаз.

Болаттың бұл жобасы – тек ғылыми жұмыс қана емес, мәдени мұраны көпшілікке қолжетімді етудің үлгісі. Бұл – өткен мен бүгінді байланыстырып, болашаққа жол ашатын көпір іспетті.

Ал 8 «Е» сынып оқушысы Ерсұлтан Тұрарбектің «NomadTrack» атты жобасы биылғы «INFOMATRIX-ASIA 2025» халықаралық ғылыми жобалар байқауында алтын медаль жеңіп алды. Бұл – Қазақстандық оқушының ауылшаруашылығы саласына арнап жасаған инновациялық құрылғысы әлемдік деңгейде мойындалды деген сөз.

«NomadTrack» – GPS, температура мен жүрек соғысын өлшейтін датчиктері бар, малдың жағдайын нақты уақыт режимінде бақылайтын ақылды мойынтұмар. Құрылғының көмегімен малдың жоғалу көрсеткіші 23 пайыздан 5 пайызға дейін төмендейді. Ауруларды ерте анықтау мүмкіндігі артады, ал фермердің шығындары шамамен 30 пайызға дейін азаяды.

– Менің аталарым малшаруашылығымен айналысқан. Қазір де ауылдағы таныстарым мал ұстайды. Олардан малдың жоғалатыны, ауырып қалатыны жайлы көп естимін. Сол үшін осы мәселені шешкім келді, – дейді Ерсұлтан.

Қазір жобаны ауыл шаруашылығы кооперативтерімен бірлесіп сынақтан өткізу, мемлекеттік қолдауға ие болу және жасанды интеллект мүмкіндіктерімен жетілдіру жұмыстары қолға алынуда.

Қос жоба – екі түрлі бағытта, бірақ бір мақсатта – елге пайдалы, заманауи әрі ұлттық болмысқа сай болашақ қалыптастыру. Бұл жобалар бір ұстаздың жетекшілігімен жүзеге асқанын ескерсек, Динара Қарымсақова секілді жанашыр педагогтардың еңбегі ерекше екенін түсінеміз.

– Біз балаларды тек оқуға емес, ойлауға, қоғамға пайдасын тигізетін істерге тартуға тиіспіз. Болат пен Ерсұлтанның жобалары – соның дәлелі. Бірі – тарихты сақтап, заманауи үлгіде таныстырса, екіншісі – ауылшаруашылығы саласына цифрлық серпіліс әкеліп отыр, – дейді Д.Қарымсақова.

Айжан ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар