
2022-2023 жылдары облыста «Тараз қаласындағы қауіпсіздікті және жол қозғалысы трафигін талдаудың зияткерлік жүйесін енгізу» жобасы аясында 1 250 бейнебақылау камерасы және «Сергек» кешенінің 48 бекеті орнатылыпты. Бұл бастама қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, жол апаттарының алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау секілді маңызды бағыттарда нақты нәтиже беруде.
Облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалхар Амантұровтың айтуынша, бұл жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы жүзеге асырылуда.
– 2025 жылы келісімге №6 қосымша әзірленіп, 800 бейнебақылау камерасы мен 96 жаңа кешен орнатылады. Сонымен қатар, полиция департаментінде 8 жаңа операторлық орын жасақталады. Сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен қала ішінде өртке қарсы мониторингтік камералар пилоттық режимде іске қосылды. Мұндай камералар автоматты түрде түтінді анықтап, дер кезінде өрт туралы хабар беріп, салдарын азайтуға көмектеседі, – деді Шалхар Болатұлы.
Цифрландыру саласының келесі маңызды бағыты – денсаулық сақтау саласына жасанды интеллектті енгізу. 2025 жылдан бастап облыстың 22 медициналық мекемесі бірыңғай радиологиялық ақпараттық жүйеге біріктіріліп, флюорография, рентген, МРТ (магниттік-резонанстық томография) және КТ (компьютерлік томография) секілді медициналық бейнелерді өңдеуде жасанды интеллект технологиясы қолданыла бастапты.
– Жасанды интеллект адам көзінен жасырын қалатын ұсақ өзгерістерді анықтайды. Диагноздардың 95 пайызы автоматты жүйе арқылы нақтыланады. Сонымен қатар, медициналық қызмет көрсету фактісін растау үшін Face ID технологиясы енгізілді. Осы арқылы жалған жазбалар мен бюрократияның алдын алуға мүмкіндік туды. Бұл жүйе Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, пациенттерді сәйкестендіруде «Цифрлық құжат» және Face ID қолдануға рұқсат береді. Облысымызда бүгінде бұл технологияны 91 медициналық ұйым қолдануда, – деген басқарма басшысы экология саласын цифрландыру бағытында taraz.botsad.kz платформасы арқылы Тараз қаласындағы жасыл желектер дерекқоры жасалғанын жеткізді.
Платформада әр ағаштың түрі, күтімі, орналасқан жері, тіпті кесу, суару уақыты да көрсетілген.
– 2023 жылы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті, облыс әкімдігі және «Astana Hub» халықаралық технопаркімен бірлесіп «ZhambylHub» аймақтық IT-хабы құрылды. Бұл бастама өңірде стартап жобаларды дамыту мен қолдауға, дарынды жастарға жол ашуға бағытталған. «ZhambylHub» арқылы біз өңірлік IT стартаптарға қолдау көрсетеміз. Жастарымыз енді өз идеясын іске асырып, «Astana Hub» арқылы республика деңгейінде мойындала алады. Білім мен бизнестің байланысы осы жерден басталады, – дейді Шалхар Болатұлы.
Ал e-Jambyl.kz геопорталы – өңірдің цифрлық айнасы іспетті. Ашық картада 124 қабат, жабық картада 700-ден астам қабат орналастырылған. Бұл жүйе түрлі саладағы шешім қабылдау процестерін жеңілдетеді.
Мұндағы маңызды қызметтердің бірі – «Әулиеата жастары» бағдарламасына онлайн өтінім беру. 3 жылда 1 778 өтінім қабылданып, 260-тан астам жас отбасы баспаналы болды.
Сондай-ақ сайлау учаскесін анықтау, табиғи монополия қызметтеріне өтінім беру, «Smart Mine» жобасы арқылы жер қойнауын пайдаланушылардың онлайн есебі сияқты қызметтер сәтті іске қосылған. Бұл жобалар бюджетті және уақытты үнемдеуге, адам факторын азайтуға көмектеседі.
– Облысымызда 2025 жылға дейін мобильді интернет желісінің сапасын жақсарту және талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету мақсатында жол картасы іске асып жатыр. Бүгінде 140 елді мекенде 4G байланысқа қол жеткізілді. 2023-2025 жылдары Тараз қаласында 5G технологиясын енгізу мақсатында «Мобайл Телеком-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан 53 базалық станса орнату жоспарланған. Қазірдің өзінде 32 станса іске қосылып, қалғаны жыл соңына дейін аяқталады, – дейді Шалхар Амантұров.
Халықпен кері байланыс орнату – цифрлық басқарудың басты тетігі. Осы мақсатта жұмыс істеп тұрған «109» қызметі биылғы жылдың басынан бері 25 338 өтініш қабылдаған. Оның ішінде 14 274-і оқиғаға қатысты болса, 404-і – арыз, 52-сі – ұсыныс, 42-сі алғыс ретінде тіркелген. Қалғаны кеңес беру сипатында. Ең көп өтініш сall орталық арқылы түссе, қалғаны «WhatsApp», «Instagram», «Telegram», «Facebook» және «Aikey» арқылы қабылданған.
Цифрландыру – жай ғана технологиялық үдеріс емес, ол – мемлекеттік басқарудағы ашықтық, халықпен кері байланыс, өмір сүру сапасының жаңа деңгейі. Жамбыл облысы бұл бағытта қарқынды дамып келеді.
Айжан ӨЗБЕКОВА