Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Басты сағат неге басқа уақытты көрсетеді?

Басты сағат неге басқа уақытты көрсетеді?
Автор
Мекемелердегі қабырға сағаттарының дұрыс уақытты көрсетпей немесе тоқтап қалғанын көбінесе сол ортадағы адамдар ғана көріп, өздері туралап қоя алады. Бірақ, бір қаланың ортасына орнатылған баршаға ортақ мұнаралы сағат тоқтап қалса, оны соған жауапты мекеменің мамандарынан өзге ешкім жөндей алмайтыны айтпаса да түсінікті. Бір жағынан ондай сағаттардың уақытты дұрыс көрсетпейтіні не болмаса мүлдем тоқтап қалғаны көзге ерсі көрініп, көңілге кірбің ұялатады екен.

Олай дейтінім және осы мақалаға арқау болған Тараз қаласының «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі мұнаралы сағат. Бұл сағаттың орнатылғанына көп болмаса да жүргенінен тоқтағаны көп. Оның үстіне ол жерде бір емес, төрт жағында төрт сағат тұр. Төртеуі төрт түрлі уақытты көрсетіп тұр. Сонда халық сол сағаттардың қайсысына қарап дәл уақытты біледі, қайсысына қарап сағаттарын туралайды? Ол ол ма, әрбір 1 сағат сайын қоңырау соғылғанда православ шіркеуінің қоңырауларының сыңғыры естіледі. Сол кезде осы жағына біздің басшылар неге мән бермеген? Мұны ресейлік мамандар орнатқан кезде жай орнатпаған екен. Олар 70 жыл тілдерін үйреткендері аздай, енді бізге өздері ұстанатын дінді де үйреткісі келді ме екен? Осындай бізге жат қоңыраулардың орнына ұлтымыздың төл ән-әуендерін неге орнатпасқа?!

Міне, осы мәселе бойынша аталған сағатқа жауапты Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі мамандарына жолығып едім. Олар: «Бұл сағаттың жиі тоқтап қалатын себебі, біз сағатты тапсырыс бойынша Ресейден алдырғанбыз. Сағат та ресейдікі, оны алып келіп орнатқан да сол елдің мамандары болатын. Қоңыраудың даусын таңдап қойған да солар. Неге екені белгісіз сағат соңғы кезде жиі тоқтайтын болды. Бірақ біз тоқтады екен деп қарап отырмай, ресейлік мамандарды шақырып жөндететінбіз. Керекті бөлшектерін өздері әкеп, өздері жөндеп кететін. Оларды сонау алыс жерден шақыра бергенге аз шығын кетпейтінін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Сондықтан «әрекетке берекет» демекші, өзіміз де қолдан келсе әрекет етейік деп облысымыздан сол сағаттың тілін білетін шебер іздеп едік, бағымызға қарай ондай адам табылып, сағатты жөндеді. Бірақ неге екенін білмейміз өкінішке қарай содан кейін де сағат қайтадан істен шықты. Енді оны қайта жөндетіп, бұдан былай жиі бақылауда ұстайтын боламыз» деді.

Мен, бұл қызметкерлердің сұрақтарыма түсінікті де мәдениетті жауап бергендеріне рақмет айтып, жұмыстарына сәттілік тіледім.

Жазба деректерге сүйенсек және тарихшылар мен өзге де білетіндердің айтуынша, Англиядағы «BIC BEN» және Кремльдегі мұнаралы сағаттар ешқашан уақыттан озып не қалып көрмепті. Тіпті, тоқтамаған дейді. Тоқтаса да белгілі себептермен, яғни профилактикалық жұмыстар жүргізгенде ғана тоқтаған екен. Ал, бұл сағаттардың орнатылған уақыттарына келетін болсақ, жылдар түгіл, тіпті ғасырлар куә. Сонда да мүдірместен қызмет етіп тұр.

«Тараздағы «BIC BEN» деп Жамбыл жұртшылығы атап кеткен өзіміздің мұнаралы сағатымыздың орнатылған уақыты құжат бойынша 2020 жылдың мамыр айы екен. Ал, биіктігі 37 метр болатын мұнаралы сағаттың жалпы келбетіне келсек, сөз жоқ әдемі. Алыстан менмұндалап көз тартып, көңіл сүйсінтеді. Бұл стелла «Көне Тараз» кешеніне ғана емес, шаһарымызға да шырай беріп тұр. Ол да Астанадағы «Бәйтерек» секілді жамбылдықтардың символына айналған. Біз, мұндай дүниемізбен де мақтана аламыз. Және еліміздің басқа облыстарымен қатар, алыс-жақын шетелдерден келген туристер мен өзге де қонақтарға ұялмай көрсетуге болады. Тек, тұғырдағы басты сағатымыз басқа уақытты емес, өз уақытымызды дұрыс көрсетіп әрі тоқтамай тұрса болғаны.

Бір сөзбен айтқанда, мұндай сәулетті орын қаламыздың өзіндік брендіне айналуы үшін сол кешеннің көркіне көлеңке түсірмей, бірінші көзге түсетін аталмыш сағаттың мінсіз жұмыс істеп тұрғаны абзал.

Бұған дейін бұл сағаттың орнында көп жыл бойы жыр алыбы Жамбылдың ескерткіші тұрғаны баршаға аян. Жамбыл бабамыздың ескерткіші алынып, өзге жерге қойылды. Сосын ескерткіштің орнына мұнаралы сағат орнатылды. Бәлкім, рухы мықты, қасиеті зор бабамыздың әруағы мен киесі әсер етіп, сағат қанша жаңа болғанымен жиі-жиі «жүрегі соқпай» қалатыны содан да шығар. Мен осыған ұқсас бір-екі оқиғаны қазыналы қарттарымыздан естіген едім. Және ертеректе баспасөз беттерінен де оқығаным бар.

Халқымыздың ырымы бойынша тарихтағы танымал тұлғалардың ескерткіштері мен сол кісілерге қойылған үлкенді-кішілі белгілердің орнын ауыстырғанда немесе жаңартқанда алдымен Алланың разылығы үшін, сосын сол адамның әруағының ризашылығы үшін мал сойып, құран оқытып, кешірім сұрап барып кірісуші еді. Мүмкін осы жағы да жетіспей тұрған шығар, кім білсін? Мысалды алыстан іздемей-ақ, тіпті өзіміздің өңірде болған мына бір жайтты нақты дәлел ретінде айта кетер болсам, 1937 жылы облысымызға Жамбыл Жабаевтың есімі берілгенде көзі тірі жыр жампозы Қарахан кесенесіне барып:

«Атыңнан айналайын, Әулиеата,

Атыңды ап қойды деп болма қапа!» деп кешірім сұрай келе, әулие бабаның рухына құран бағыштағаны тарихта бар шындық.

Кісілігі мен кішілігі қатар жүрген көнекөз Жәкеңнің мұндай іс-әрекеті кейінгі ұрпаққа үлгі әрі ұлағат.

Алдағы уақытта да қаламызға өзге өңірлер мен алыс-жақын шет елдерден келіп-кететін қонақтар Тараздағы мұнараға сүйсініп қарағанда қабырғасындағы сағаттар қай уақытты көрсетіп тұрар екен?

Дегенмен, менің ғана емес, көпшіліктің көкейінде жүрген бұл сағатымыздың алдағы уақытта қайта іске кірісіп, себепсіз тоқтамай жүретініне сенгіміз келеді.

«Өлең деген тумайды жайшылықта,

Өлең деген тулайды қайшылықта» деп Мұқағали ақын жырлағандай, бұл мақаланы жазу барысында жүрегімнен жыр да туды. Енді осы ойтүрткі мақаламды сағат туралы өлеңмен түйіндегенді жөн көрдім.

Әрбір күннен әлемге шуақ тарап,

Жетелейді биікке мұрат, талап.

«Уақытын кім қалай өткізер?» деп,

Сағат тұр, сыртылымен сынап қарап.

 

Ой салады және де сыртылымен,

Әрбір минут тамшылап тұр тілінен.

Тоқтап, қайта жүргені сағаттардың,

Қазақтардай мың өліп, мың тірілген!

Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
ақын-журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар