
Әр адам өмір жолында дұрыс пен бұрысты, адалдық пен арамдықты таңдау сәтіне тап болады. Осы таңдаулар адамның кім екенін көрсетеді. Адал адам дегеніміз - өз ісінде әділ, сөзіне берік, шындықты ту ететін, елінің мүддесін өз пайдасынан жоғары қоя білетін тұлға.
Қазақ халқында «Адалдық – адамның ең бағалы қасиеті» деген нақыл бар. Шынында да адалдық – адамгершіліктің негізі. Адал азамат тек заңға ғана емес, ең алдымен, ар-ұятына бағынады. Ол өтірік айтпайды, ұрлық жасамайды, ешкімге қиянат келтірмейді. Мұндай адамға халық сенім артады, ел құрметтейді.
Тарихқа көз жүгіртсек, ұлтымыздың адал азаматтарының бірі – Абай Құнанбайұлы. Ол шындықты ашық айтып, қараңғылықпен күресті, елінің рухани толысуына жол ашты.
Қазіргі заманда да адал азамат болу - қоғамға үлгі көрсету. Мысалы, мұғалімдердің адалдығы – білім беру сапасының кепілі. Дәрігердің адалдығы – адамның өмірі үшін маңызды. Мемлекеттік қызметкердің адалдығы елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатына әсер етеді. Ал жас буынның адалдығы қарапайым істерден бастау алады. Сабақта шыншыл, досқа адал болу, үлкенге көмектесу – осының бәрі үлкен адалдықтың бастауы.
Адал азамат болу – бір күндік емес, өмір бойы сақталатын қасиет. Қиын сәтте де тура жолдан таймай, әділетсіздікке қарсы тұру – нағыз ерліктің белгісі. Бұл – өз болашағыңа, ұлтыңа, ата-бабаңның аманатына деген адалдық.
Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде:
– Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деп Абай Құнанбаев айтқандай, арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасауға тиіс, – деп атап көрсеткен болатын.
Әр қоғамның адалдық пен парасаттылық жайында өзіндік түсінігі бар.
Ұлы Абай да заманында толық адам туралы айтқан. Ғұламаның толық адам деп отырғаны – дәл осы адал адам. Арада бір ғасырдан артық уақыт өтсе де бұл мәселе өзектілігін жойған емес. Мәселен, Ұлы Абай адалдықты «толық адам» десе, кейініректе «кемел адам» тіркесін көбірек пайдаланып жүрміз. Негізінде «кемел адамның» өзі араб тілінен аударғанда толық адам деген ұғымды білдіреді. Діни көзқараста кемел адам – кісілікке жат қылықтардан тазарған, жандүниесі ағарып, рухани қасиеті артқан асыл адам. Адал жолды таңдаған адам әрдайым адасқандарға жол нұсқаушы, әділдікке бастаушы. Тарихшы-ғалымдар мен әдебиеттанушылардың айтуынша, кемел адам ұғымының арғы төркіні сонау Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанынан тамыр тартады. Демек, Мемлекет басшысы көтеріп отырған «Адал адам» концепциясы ата-баба өсиетінің қайта жаңғыруы, рухани өрлеу.
Жалпы адалдық деген не? Адал азамат қандай болуы керек?
Адалдық – шыншылдық, айнымастық, әділдік сияқты игі қасиеттер. Қазақ пайымында адам бойындағы адалдық – ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді тағы басқа асыл қасиеттердің жиынтығынан тұрады.
«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», – деген данышпан Абай адам баласын бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болуға шақырады.
Ал адал азамат болу кез келгеннің қолынан келе ме? Ондай асыл қасиет бүкіл адам баласына тән болғанымен, сол ізгі мұратты біз өн бойымызға сақтап, жүрекке, санаға сыйдыра аламыз ба деген сұрақ кез келгенімізді ойландыратыны анық.
Расында, Абай айтқандай, «толық адам» болу деңгейiне көтерiлу – ұзақ және күрделi жол. Бұл – адамның бiр деңгейден екiншi деңгейге бiртiндеп көтерiлуінің жолы. Бүгінде қоғамға ізгілік керек, адалдық қажет. Ал ізгілік әр адамнан көрінуге тиіс. Бұндайда тағы ұлы Абайға сүйенеміз. Абай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», – дейді. Адам баласын «бауырым» деп сүйген адам жан-жағына, бауырға, тіпті жұмыстас, қызметтес ортаға құрмет, сүйіспеншілікпен қарайды. Адалдық жолы – тура жол. Әділетті қоғам орнату үшін, ең алдымен, адам адал болуы керек. Бір адамның адалдығы қоғамға аздық етеді. Бүкіл қоғам әділетті болса, заң үстемдік құрады. Заңның алдында қара да, хан да бірдей. Сондықтан Әділетті Қазақстанды адал азаматтар ғана дамыта алады.
Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында осыны айтты.
Қазақ тілінде адал деген сөздің синонимі әділ деген ұғыммен ұштасып жатыр. Егер тек ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қадірлейтін, қылмысқа, қоғамға жат қылықтарға бармайтын, ешкімнің ала жібін аттамайтын, үлкенге де, кішіге де ізетпен қарайтын адамдардан тұрса, Президент бұл мәселені көтермес еді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында: «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз», – деген еді.
«Жастай берген тәрбие – жас шыбықты игендей» деген сөз бар. Бала тәрбиесіне жастайынан тек ата-ана, мұғалім ғана емес, қоғам болып атсалысуымыз керек. Оқушылар мен жастарға зиялы қауымның, ақсақал-абыздарымыздың сөзі өтімді болуы тиіс. Сондықтан балалар мен жастарды адалдыққа баулу өте маңызды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы «Адал адам» концепциясының білім ошақтарына да тікелей қатысы барын нұсқап: «Балалар арасында жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, Адал азамат болып шығуы керек», – деді. Яғни әділеттілік пен адамгершілікті баланың бойына мектеп жасынан сіңіріп, олардың болашақта адал еңбекпен елге қызмет етуін бала жастан қамтамасыз ету, өмірдің ащысы мен тұщысын әлі сезіне қоймаған, ақ қағаздай таза беттен басталатын жас ұрпақтың санасына адалдықты мызғымастай етіп құю – біздің басты парызымыз.
Біз барлық салада цифрлы өркениеттің озық стандарттарына сай болуымыз керек. Қазіргі таңда жастарымыздың әлеуеті мен қарым-қабілетіне қарасақ, қарышты қадам жасауға біздің толық мүмкіндігіміз бар екені байқалады. Басқасы басқа, бірақ дәл осы жерде батыл қимылдап, құлашымызды кең сермеуден қорықпаған абзал. Бұл ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы негізгі бағыт-бағдар бола алады. Еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы осының бәрін түгел қамтиды. Сонымен қатар бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатқандықтан біздің осы іргелі құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіре беруіміз қажет.
Қоғамның ақ пен қара, жаман мен жақсы деген сияқты қарама-қайшылықтардан тұратыны қалыпты нәрсе. Бірақ әр нәрсе шектен шықпай, өз орнымен болғаны жөн. Қазіргі қазақ қоғамында болып жатқан жантүршігерлік оқиғаларды көргенде немесе естігенде «Бүгінде бойын арамдық билеген, ниеті бұзық адамдар неге көбейіп барады?» деген ойға қаласың. Ал енді Президент айтқан қоғамды арам адамдардан қалай тазартып, адалдыққа жетеміз?
Оның жолы біреу-ақ сияқты. Ол – тәрбие. Тәрбие болғанда, ең алдымен, отбасы тәрбиесі, мектеп және қоғамдық орта тәрбиесі. Бүгінде көптеген отбасы бала тәрбиесінен ажырап барады. Өйткені қоғамда отбасы тәрбиесінен гөрі қоғамдық орта тәрбиесі басым. Бүгінгі бала кітап оқымайды, ертелі-кеш көретіні ұялы телефон, компьютер, одан қалса телеарна, оның да оңып тұрғаны шамалы, атыс-шабыс, бірін-бірі өлтіру, сайқымазақ. Балалар ата-аналарын жүре тыңдайды немесе тыңдамайды. Сондықтан отбасы, мектеп және қоғамдық орта тәрбиесін барынша дамыту – уақыт талабы.
Уақыт көші алға жылжып бара жатыр. Күн айналып айға, ай айналып жылға ұласуда. Өркениет көші тоқтамайды. Озығы алға жылжып, тозығы қала береді. Елдің де, ұлттың да дамуы солай. Мемлекеттің әлемдегі орны, ең әуелі, ұлттың сапасына байланысты. Адам баласына тән адалдық әр азаматтың бойынан көрініп тұрса, ұлттың сапасы сонда ғана айқындалады. Заманауи көштен қалған ұлттың, елдің өндірісі де, экономикасы да дамымайды. Сондықтан ұлттың да, мемлекеттің де тірегі адал азаматтар болмақ.
Жоғарыда айтқандай, адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Тәрбие басы – отбасы, мектеп, қоғамдық орта. Тәрбиемен берілген білім – өлшеуі жоқ қазына. Осы орайда шығыстың ұлы ойшылы, ғұлама Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп тектен-тек айтпаған.
Иә, адалдық бүгінгі қоғамға ауадай қажет. Әсіресе жастарды шыншылдыққа тәрбиелеп, туған жердің топырағына мейлінше қалтқысыз қызмет етуге баулу мақсатында еліміздің барлық өңіріндегі мәдениет ошақтарында «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылды. Бұл орталықтардың жас ұрпақты отаншылдық және патриоттыққа тәрбиелеудегі маңызы зор болмақ.
Шын мәнінде, ықылым заманнан адалдық, адал еңбек, адал адам қоғамды алға сүйреп келе жатыр. Ол – қай кезеңде де ең өзекті тақырыптардың бірі. Адалдық қағидаттарының, әділеттілік ұстанымдарының бұзылуынан қоғамның қожырауы басталатыны белгілі.
Адалдық, әділеттілік бұзылған жерде алды мұз, баратын бағыты бұлыңғыр болатыны белгілі. Сондықтан Абайдың ерекше көтерген тақырыбы – еңбекқорлық, әділеттілік және адалдық мәселесі. Ол жалпы адамгершілік мәселелерінің барлығы осы үш ұғым аясына сыятынын атап көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та үш негізгі ұғымды – адал адам, адал еңбек және адал табыс – елдің табысты болашағының негізгі кілті деп атады.
Президенттің бастамасымен қолға алынған «Адал азамат» тұжырымдамасы – қоғамда адалдық, ашықтық және жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған бастама.
«Адал азамат» тұжырымдамасы қоғамдағы мінез-құлық этикасын қалыптастыру, отбасылық құндылықтарды нығайту (зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеу), еңбекқорлық пен кәсіпқойлық, жастардың экологиялық мәдениеті мен патриоттық рухын қалыптастыру сияқты міндеттерді қамтиды. «Адал азамат» тұжырымдамасы – патриотизм, әділдік, кәсіпқойлық, үнемшілдік, еңбекқорлық, өз елі мен отбасы алдындағы жауапкершілік сияқты ең асыл қасиеттерді дәріптейді.
Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни ол адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Өзінің іс-әрекетінде, сөзінде және өмірлік ұстанымында шынайылықты ұстанады. Ол заңды құрметтеп, ар-ұжданына қарсы келмей еңбек етеді. Адалдық – тек бір ғана адамның қасиеті емес, тұтас қоғамның дамуы үшін маңызды қағида. Адал табыс – бұл адамның маңдай тері мен жанкешті еңбегінің нәтижесі. Адал жолмен табыс табу кейде қиын болуы мүмкін, бірақ ол адамның беделін көтереді, абыройын асқақтатады. Әрбір адал азамат өз еңбегімен, жауапкершілігімен қоғамның дамуына үлес қосады, өзгелерге өнеге болады. Адал адамның жолы қиын болғанымен, оның жүрегі таза, өмірі мәнді. Мұндай адам табысты адал еңбектен тауып, ұрпаққа үлгі болып қалады.
Ұрпаққа үлгі болар адал азамат – қоғамда үлкен құрметке ие, адамгершілік қасиеттерімен, әділдігімен және жауапкершілігімен ерекшеленетін адам. Мұндай азаматтың өмірі мен әрекеттері жас ұрпақ үшін бағыт-бағдар боларлықтай терең мағыналы. Ол өз ісімен, сөздерімен және жүріс-тұрысымен өзгелерге өнеге көрсетіп, болашақ ұрпаққа дұрыс тәрбие берудің негізгі ұстанымдарын қалыптастырады.
«Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деп айтқан дана халқымыз дүйім жұртқа үлгі болар азамат адамгершілігі мол тұлға болуы керек екенін өнеге ретінде айтып кеткен. Үлгі болар азамат – қоғамдағы адамдармен қарым-қатынасында әрдайым сыпайылық пен ізеттілік танытады, ешкімді алаламай, барлығына бірдей құрметпен қарайды. Адамгершілігі жоғары азамат ешкімге қиянат жасамайды, әрдайым адалдықты ұстанып, өз іс-әрекеттерімен шыншылдықтың үлгісін көрсетеді. Мұндай қасиеттері оны тек өз ұрпағына ғана емес, бүкіл қоғамға үлгі етпек.
Ел алдында жүретін адал азаматтың бойында болатын келесі қасиет – әділдік. Әділдік – қоғамның негізгі тірегі, ал әділ азамат – сол қоғамның ең маңызды тұлғасының бірі. Үлгі болар азамат әділдікті сақтап, әрдайым заңға бағынады. Өзінің қызметінде немесе жеке өмірінде болсын, ол әділетсіздікке жол бермейді. Жауапкершілік те азаматтың басты қасиеттерінің бірі. Жас ұрпаққа сенімді, жауапкершілікті азаматтың бейнесін көрсету арқылы оларды да қоғам алдындағы міндеттерін адал орындауға тәрбиелеуге болады. Мұндай азамат өзінің еңбекқорлығымен және табандылығымен де ерекшеленеді. Ол мақсатқа жету үшін қажырлы еңбек етудің маңыздылығын түсініп, жас ұрпаққа сол қасиетті үйретеді. Қиындықтарға мойымай, әрдайым алға ұмтылып, табанды болуды үлгі етеді. Еңбекқор азамат ешқашан жеңіл жолды таңдамайды, өз еңбегінің нәтижесімен мақтанады және осы арқылы өзінен кейінгі ұрпаққа дұрыс бағыт көрсетеді.
Ұрпақ тәрбиесінде отбасының орны ерекше. Адал азамат өз отбасына да үлкен жауапкершілікпен қарайды. Балаларын адалдыққа, жауапкершілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеп, оларға дұрыс бағыт-бағдар береді. Отбасындағы тәрбиенің басты негізі – сүйіспеншілік пен құрмет. Азамат өз отбасында осы құндылықтарды сақтап, балаларын да солай тәрбиелейді. Өз ұрпағына қоғамға қызмет етудің маңыздылығын да үйретеді. Ол қоғамның дамуына өз үлесін қосып, қоғамдық істерде белсенділік танытады. Өзінің іс-әрекеттерімен басқаларға көмектесу, қайырымдылық жасау, қоғамның әл-ауқатын жақсартуға ұмтылу секілді құндылықтарды насихаттайды. Бұл арқылы ол жас ұрпаққа әлеуметтік жауапкершіліктің маңызын көрсетеді.
Ұрпаққа үлгі болар азамат – қоғамның алтын қазығы. Оның бойындағы жауапкершілік, әділдік және адамгершілік қасиеттері қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттілікті қамтамасыз етеді. Оның өмірлік ұстанымдары мен іс-әрекеттері жас ұрпақ үшін тәрбие мен өнегенің сарқылмас көзі болып табылады.
Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды.
«Адал адам – Адал еңбек ؘؘ– Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш таған озық әрі табысты елге айналудың басты жолы деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек.
Сонымен қатар еліміздің болашақтағы бейнесі сан қырлы, оны әркім әрқалай түсінуі мүмкін. Алайда оның негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген ұғым арқылы да сипаттауға болады.
Президент айтқандай, еліміз стратегиялық бағдарынан ешқашан ауытқымайды. Біз мықты демократиялық институттары және дамыған құқықтық жүйесі бар әділетті мемлекет құрып жатырмыз. Ел ішінде заң мен тәртіп қатаң сақталады. Бұл – ел саясатының тұғырлы қағидаты. Біз баршаға және әрбір адамға бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастырамыз.
Ата-бабамыз ықылым заманнан ұрпағын еңбекке баулыған. Дана халқымыздан «Еңбек етпей, елге өкпелеме, егін екпей, жерге өкпелеме», «Ердің атын еңбек шығарар» деген нақылдар қалған. Қандай қоғамда болсын, адал әрі табанды еңбегімен еліне пайдасын тигізген адамдар ерекше құрметке ие әрі сыйлы. Кім адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленсе, сол адамның өмірі ғибрат. «Еңбек адамды қашанда бақытқа бөлейді» деген сөз бекер емес. Адал адам адал еңбектің арқасында өз бақытын табады. Адал азаматтар табанды еңбегімен еліміздің дамуына өз үлесін қосады. Сондықтан қоғамның әрбір мүшесі шын мәніндегі адал адам болуға тиіс.
Тегінде, адалдық, әділдік – адам бойындағы бағалы қасиет, басты құндылық, өмірдегі шырағы іспеттес. Ал адал азамат – сол шырағданмен жүретін, ар-ұжданына қайшы келетін әрекетке бармайтын, өз ұлтының мүддесін көздеген, соған лайықты қызмет қылатын адам болса керек. Оның салмағы зор, жауапкершілігі де соншалықты жоғары. Біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін осы жауапкершілікпен қатар, санамен түсініп, ұлт болашағына жанашырлықпен қызмет қыларлық жолда болуымыз керек. Себебі мемлекеттің діңгегі – адал азаматтар, ұлт мүддесін жоғары қойған қоғам.
Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген өнегелі сөзі бүгінгі күні аса маңызды болып тұр. Осы сөз әрбір азаматқа бұлжымас қағида болғанда біз армандаған ұйысқан ұлт, өркениет көшіндегі құндылықтары берік, тәуелсіздігі баянды мемлекет боларымыз анық. Бұл жалаң сөз, жалынды ұран емес, іс-әрекетке айналғанда өзімізден кейінгі жас ұрпақ әділ, адал, еңбекқор, білімпаз, отаншыл, жаңашыл әрі жанашыр болады. Президент айтқан «Адал азамат» деген ұғым осы.
Осы орайда Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлтымыздың мемлекетшіл тұлғалары туралы айтқан сөзіне тоқталсақ. Президент алқалы жиында: «Шын мәнінде, жеке мүддесін емес, ел мүддесін бәрінен биік қоятын азаматтар ұрпаққа үлгі болуы қажет. Әсіресе қазіргі геосаяси жағдайда бұл міндет аса маңызды екенін ұмытпаған жөн. Осы орайда мен әйгілі қаламгер, көрнекті мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевты айрықша атап өткім келеді. Ол – руханият саласында, мемлекеттік қызметте ерекше қолтаңбасын қалдырған біртуар тұлға, классик жазушы. Мен Әбекеңмен қызметтес болдым, жақын араластым. Әбіш Кекілбайұлы нағыз тау тұлғалы азамат еді. Ол ішкі мәдениеті өте жоғары жан болатын. Ешқашан біреуді біреуге қарсы қоймайтын, бәріне сүйіспеншілікпен қарайтын. Әр аймақтан өзіне сәлем беруге келген азаматтарға есігі қашанда айқара ашық еді. Онымен тілдескен адамдар рухтанып, қанаттанып шығатын. Әбекең ұсақ-түйек әңгімеге берілмейтін, жалпы адамзатқа ортақ мәселелер туралы ойланып, толғанатын. Бір сөзбен айтсақ, Әбіш Кекілбаев нағыз зиялы адам, кемеңгер тұлға болды.
Сондай-ақ бүгін ортамызда құрылтай мүшесі, аса көрнекті мәдениет қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов отыр. Ілекең де – нағыз мемлекетшіл тұлға, зиялы қауым ішіндегі аса беделді ағамыз. Әрдайым салмақты ой, салиқалы пікірімен елге сыйлы болып жүрген ардақты азамат. Біз халқымыздың осындай перзенттерін, олардың өмір жолын жан-жақты дәріптеуіміз керек, лайықты құрмет көрсетуіміз қажет», – деген еді.
Президенттің пайымдауынша, адал еңбек еткен адам қоғамда лайықты орынға ие болады және табысқа жетеді.
Олай болса, Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, адал азаматтардың қатары көбейіп, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер.
Ұлтымыздың қанындағы адами құндылықтар, барлық қасиеттер адалдық, ар, намыс, ұят, тәрбие, адамгершілік, абырой сияқты ұғымдармен астасып жатыр. «Адамшылықтың, адалдықтың, тұрақтылықтың, тазалықтың түпқазығы – ұят» дейді жазушы Әзілхан Нұршайықов. Ұят деген ұғымның ішіне бар жақсы қасиет кіреді. Тәрбиелі, адал, арлы болайық. Тәуелсіздік жолында ұлт мүддесі үшін ұйысқан, жаңа кезеңге, әділетті қоғамға аяқ басқан елміз. Ұлы жолда ұтылмауымыз керек.
Өз Жолдауында Мемлекет басшысы: «Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе жастар ең жақсы қасиетті бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні осы. «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» ұғымы егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды», – деді.
Дұрыс пайым. Адалдықтың жолы әрқашан түзу. Осыны қорытып, таразылып, өзімізге қабылдап, іске асыру басты міндетіміз болмақ.
Асан ТІЛЕМІСОВ