Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Аква өсіру саласындағы жаңа кезең

Аква өсіру саласындағы жаңа кезең
Автор
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетіне Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) мен ауылшаруашылығы саласындағы жетекші мамандарынан құралған делегация ресми сапармен келді.

Іссапардың негізгі мақсаты – Қазақстан мен Жапония арасындағы білім, ғылым және ауылшаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, тәжірибе алмасуды дамыту. Осы мақсатта өткізілген кездесу мен келіссөздер екі ел мамандары арасында өзара түсіністік орнатып, ортақ мүдделер мен даму бағыттарын нақтылауға мүмкіндік берді. Атап айтсақ, білім саласында жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ұтқырлықты дамыту, студенттер мен оқытушылардың білім алмасу бағдарламаларын енгізу, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер мен халықаралық конференциялар ұйымдастыру сияқты маңызды бастамаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде екі елдің білім беру жүйесінің сапасын арттырып, ғылыми ынтымақтастықты тереңдете түсуге жол ашуда. Ғылым саласына келсек, екі тарап инновациялық жаңа технологияларды қолдану, зерттеу жобаларын бірлесіп жүзеге асыру, зертханалық инфрақұрылымды жетілдіру мен кадрлық әлеуетті дамыту мәселелерін талқылады. Мұндай қадамдар ғылыми жаңалықтардың практикалық қолданысын арттырып, ортақ зерттеулер арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізуге септігін тигізеді.

Ал ауылшаруашылығы бағытында жапониялық озық тәжірибе мен технологияларды Қазақстан жағдайына бейімдеу, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру, экологиялық таза өнім өндіру мен оны шетел нарығына шығару мәселелері бойынша екіжақты ынтымақтастықты дамыту көзделді.

– Іссапар барысында делегация университет әкімшілігімен және профессорлық-оқытушылық құраммен кездесіп, біздің зертханалар мен оқу базаларымен танысты. Біз өз тарапымыздан арнайы презентация ұйымдастырып, қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар мен зерттеулер туралы жан-жақты ақпарат ұсындық. Жапониялық мамандар тарапынан бірқатар нақты сұрақтар қойылды. Кездесу барысында делегация біздің аквакультура орталығына және жаңадан іске қосылған балық өсіру зауытына барды. Қонақтар ғылыми-өндірістік базамыздың заманауи жабдықталуын, суды тазарту және қайта пайдалану жүйелерін, сондай-ақ балықтардың биологиялық жағдайын бақылау тәсілдерін жоғары бағалады. Бұл сала әлемде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, табиғи су көздеріне түсетін салмақты азайтудың және экологиялық тепе-теңдікті сақтаудың тиімді жолдарының бірі ретінде танылып отыр. Қазақстан үшін аквакультураны дамыту – елдің агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бағыты. Себебі, еліміздегі ішкі су ресурстары мен табиғи жағдайлар бұл саланың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді «Аквакультура» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, PhD доктор Венера Арыстанғалиева.

Жалпы іссапар нәтижесінде тараптар нақты іс-шаралар жоспарын жасап, ұзақ мерзімді әрі тиімді әріптестікке негіз болатын келісімдерге қол жеткізді. Осындай ынтымақтастықтың нығаюы екі ел арасындағы достық байланыстарды одан әрі тереңдетіп, өзара тиімді серіктестіктің жаңа кезеңіне бастау болатынына сенім мол.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар