
– Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз, – деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында.
Жоғары биліктің агроөнеркәсіп саласына қолдау білдіруінің арқасында түрлі игілікті істер жүзеге асуда. Соның жарқын көрінісі ретінде жақында Шу ауданында №10 Шу колледжінде «Агрономия» мамандығының ресми ашылу рәсімі өтті. Оған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков арнайы қатысты.
– Бүгін біз үшін ерекше, тарихи сәт – №10 колледжінде «Агрономия» мамандығының ресми ашылу рәсіміне куә болып отырмыз. Бұл – тек бір мамандықтың ғана ашылуы емес, бұл – біздің ауданымыздың аграрлық әлеуетін арттыру жолындағы маңызды қадам. Агроном – егіншілік мәдениетін жетік білетін, топырақ құнарын сақтай отырып өнімділікті арттыра алатын, экологиялық тепе-теңдікті ескеретін, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге үлес қосатын тұлға. Бізге осындай жан-жақты, заманауи талаптарға сай мамандар ауадай қажет. Сондықтан осы мамандықтың ашылуы – уақыт талабы ғана емес, ел болашағына салынған инвестиция деп білеміз, – деді Бақытжан Оразалыұлы өз сөзінде.
Осыдан-ақ аталған мамандықтың қажеттілігі өздігінен айқындалып тұр. Мұнан кейін салтанатты жиында «Қызылша жер» компаниясының өкілі Руслан Тұраров сөз алып, ашылып отырған мамандықтың қажеттілігін айтып, ізгі лебізін де арнады.
Аталған оқу ордасында «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер» мамандығы да қоса ашылды. Сондай-ақ осы іске тікелей мұрындық болып отырған «Қызылша жер» компаниясының өкілдеріне облыс әкімдігінің білім басқармасы атынан Алғыс хат табыс етілді.
Тағы бір атап өтер жайт, кәсіптік бағдар беру жұмысын дамыту мақсатында мектептерде 1000 бейіндік сынып құру бағыты бойынша ынтымақтастық орнатылып, №10 Шу колледжінің директоры Тоқжан Мұсаева мен Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің директоры Дархан Татибеков меморандумға қол қойды.
Ауылшаруашылық саласына негізделген бұл қадам агроөнеркәсіп секторына оң ықпал етіп қана қоймай, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосып, мықты агрономдардың шығуына жол ашатыны сөзсіз. Алдағы уақытта осы мамандыққа қарай бет бұрып, ауылшаруашылығына бел шеше кірісетін жастарымыздың қарасы көбейе береріне сенім мол.
Айғаным АСҚАРБЕК,
журналист,
Шу ауданы