Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Нұрғанаттың арманы – дипломат атану

Нұрғанаттың арманы – дипломат атану
Автор
Жақында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев халықаралық, республикалық білім-ғылым бәсекелерінде топ жарған 132 дарынды оқушымен кездескен болатын. Сол жиында назарымыз жүзден астам озат өреннің арасынан суырылып шығып, аймақ басшысының алдында сөз алған жас тарихшы Нұрқанат Қанат есімді жігітке ауды. Көп ұзамай-ақ білімпаз жаспен жүздесіп, тарих ғылымына деген қызығушылығы қалай оянғаны, жетістіктері туралы аз-кем тілдескен едік.

Нұрғанат Бақытжанұлы Тараз қаласындағы дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатында білім алады. Биыл оныншы сыныпты артқа тастап, бітіруші түлек атануға дайындалып жүр. Он алты жастағы тарихшы жігіттің осы пәнге деген қызығушылығы өзі туып-өскен Меркі ауданы, Аспара ауылындағы №2 жалпы орта білім беретін мектепте оқып жүргенде басталған. Өзінің айтуынша, бесінші сыныпта оқыту бағдарламасына тарих пәні қосылған күннен бастап сабақтарға ерекше ықыласпен, асыға күтіп қатысатын болған.

Алтыншыға көшкен жылы Тараз қаласында орналасқан «Білім-инновация» лицей-интернатына екі кезеңдік іріктеуден өтіп, оқуға қабылданады. Аталмыш білім ордасында білім мен бәсеке қатар жүретіні, шәкірттердің олимпиадалық көрсеткіштері жоғары болуына айрықша мән беретіні белгілі. Нұрғанаттың мектептің білім бәйгесіне қосыла кетуі оңай болмаған екен. Ол бір жыл бейімделуден өтіп, 8-сыныптан бастап өзінің осал оқушы еместігін дәлелдей бастайды.

– Тарих пәнінен олимпиадаларға 8-сыныптан бастап қатысып келемін. Себебі 7-сыныпта өзімді тануға тырысып, «Ғылыми пәндерге көңіл бөлемін бе, әлде қоғамдық-гуманитарлық бағытты таңдаймын ба?» деген сұрақтар бойынша бас қатырумен болдым. 8-сыныпта нақты өзімнің тарих пәнін жақсы көретінімді түсініп, осы бағытта облысымыздың намысын жеткілікті дәрежеде қорғай алатыныма көзім жетті. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда қоғамдық-гуманитарлық пәндерден гөрі IT секілді техникалық ғылымдарға бет бұрып жатқан жастардың қарасы қалың. Ол ел ретінде алға жылжуымыз үшін керек те шығар. Ал мен сан салалы, күрделі болса да осы тарих пәнін жаныма жақын тұтамын. Бұл ғылым маған өз ойымды еркін жеткізуді, әлемдік шежірелер өрбитін пікірталаста өз ұстанымымды қорғауды, түрлі көзқарастарды тыңдап, саралай білуді үйретті. Тарих – тек өткеннің жаңғырығы емес, қазіргі уақытпен де сабақтасып жатқан тірі ғылым. Қазақта «Оқушы – жарқыраған шамшырақ, оны лаулатып жаға білген ұстаз ғана ұта алады» деген нақыл сөз қалыптасқан. Менің мектеп қабырғасындағы жетістікке толы жолымды осы сөзбен суреттеуге болады. Тарихқа деген қызығушылығымды өз ауылымдағы тарих пәнінің мұғалімі оята білді. «Білім-инновация» лицейіне келгеннен кейін дәл қазіргі жетекшім, әрдайым өзінің ақыл-кеңесімен қолдап отыратын Батырхан Құдайбергенов ағайымның да мені зейінді тұлға етіп қалыптастырудағы еңбегі зор, – деген Нұрқанат Бақытжанұлы 2024-2025 оқу жылында дүниежүзі тарихы пәнінен де, Қазақстан тарихы пәнінен де республикалық олимпиаданың алтын медаль иегері атанғанын қуана жеткізді.

Қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихы – екі түрлі пән, екі түрлі ауқым. Сондықтан әрқайсысына жеке бағытпен, өзінше әдіспен дайындалу қажет болды. Әсіресе дүниежүзі тарихы бойынша машықтану кезінде едәуір қиындықтар кездескен. Бұл пәннің күрделілігі – оқиғалардың көптігінде ғана емес, олардың өзара байланысы мен тарихи процестердің сан қырлылығында. Бірақ дәл осы қиындық Нұрқанатты қамшылап, алға жетелеген. Дүниежүзі тарихы бойынша халықаралық олимпиадаларға қатысу үшін ол ағылшын тілін меңгеруге ден қойыпты. Себебі еліміздің атынан шетелде өнер көрсету үшін әлемдік деңгейде мойындалған тілде еркін сөйлеу – бүгінгі заманның талабы ғана емес, білім бәсекесінде жасындай жарқырайтын өнерлі өрендеріміз аз емес екенінің көрінісі.

– Жақындарым менен «Қай тарих жаныңа жақын?» деп сұрап жатады. Алдымен Қазақстан тарихына келсек, бұл – мен үшін тек пән емес, өз тегім, кім екенімді тану жолы. Өз тарихыңды білу – парыз. Қазақтың әрбір тарихи кезеңі, әр тұлғасы – менің рухани тірегім. Дегенмен тарихи оқиғалардың өзара байланысы мен ауқымдылығы жағынан дүниежүзі тарихы кеңірек әрі қызықтырақ. Ол маған тек фактілерді емес, әлемдік ойлау кеңістігін, өркениеттер тоғысын, адамзаттың ортақ тағдырын ұғынуға жол ашты. Көпшілік тарихты зерттегенде соғыстар, атақты қолбасшылардың өмірбаяны немесе мемлекетаралық әскери қатынастар қызықтыратыны анық. Бірақ мен үшін ең ерекше қызығушылық тудырған кезең – Еуропадағы қайта өрлеу дәуірі. Ренессанс дәуірін адамзат тарихын түбегейлі өзгерткен, жаңа ойлау жүйесінің іргетасын қалаған уақыт деп бағалауға болады. Географиялық ашылулар кезеңінде Америка құрлығын алғаш ашқан сәттерден бастап Николай Коперник пен Джордано Бруно сынды тұлғалар қоғамның ағысына қарсы жүзіп, ғылым мен ақиқатты биік қойды. Олар геоцентризм көзқарасының қате екенін дәлелдеп, астрономия мен философияда тың жаңалықтар ашты. Иә, олар өз заманының қысымына ұшырап, кейбірі қайғылы тағдыр кешті. Алайда олардың идеялары кейінгі дәуірлерге айрықша әсер етіп, адамзат өркениетінің дамуына жол ашты. Сондықтан да Ренессанс дәуірі маған рухани төңкеріс, ой бостандығының бастауы ретінде ерекше әсер қалдырды.  Қазақстан тарихынан нақты бір оқиғаны бөліп алып, міне, осы ең маңызды деу қиын. Дегенмен бірін таңдау қажет болса, мен 751 жылы Талас өзенінің бойында, яғни қазіргі Тараз қаласының маңында өткен Атлах шайқасын айтар едім. Себебі бұл шайқастағы арабтардың Қытай әскерімен соғысы Орта Азияның болашақ рухани және мәдени келбетін айқындап берді. Арабтардың жеңісі ислам дінінің осы өңірге кеңінен таралуына себепкер болды. Кейін бұл үрдіс 960 жылы Қарахан мемлекетінің исламды ресми дін ретінде қабылдауына негіз қалады. Тараз – менің туған қалам, әрі тарихқа бай мекен. Бұл қаланы бекерден-бекер «Тарихтың қаласы» демейді. Мысалы, Ақыртас кешені – әлі күнге дейін құпиясын толық ашпаған тарихи ескерткіш. Бір тарихшылар оны ғұн тайпаларының ордасы десе, көпшілік зерттеушілер ортағасырлық Қарлұқ қағанатының резиденциясы болған деген пікірде. Мен осы екінші тұжырымды қолдаймын. Себебі ғарыштық түсірілімдер мен құрылымның архитектуралық ерекшеліктері түркілік үлгілерге сай келеді. Бірақ Ақыртастың нақты не үшін, қандай мақсатта салынғаны, онда қандай іс-әрекеттер жүргізілгені әлі де белгісіз. Бұл кешен терең әрі жан-жақты зерттеуді талап етеді. Бүгінде Ақыртас тек отандық емес, шетелдік тарихшылардың да назарын өзіне аударып отыр. Себебі тарих – үнемі үдерісте болатын ғылым. Мұнда бір ғана адамның пікірімен шектелуге болмайды. Қанша зерттеуші болса, сонша көзқарас бар. Ал әр пікір – жаңа танымға апарар жол, – деп ойымен бөлісті жас тарихшы.

Нұрқанат қолы қалт етсе  көпестер қаласы атанған Тараздың ортағасырлық тарихи кешендері мен Қазақстан тарихының тағылымды оқиғаларымен танысқанды жөн көреді. Сол секілді Василий Радлов, Михаил Массон сынды ірі ғалымдардың еңбектерін оқып, білімін кеңейтуде. Жас зерттеуші ретінде ол өңір тарихының нақты нысандарына – Тектұрмас, Айша бибі, Қарахан баба сынды археологиялық-ғылыми кешендерге барып, тарихи орындарды өз көзімен көріп, жеке тұжырымдарын қалыптастырып жүр. Оның пікірінше, көзбен көріп, сол жерде сезіну – тарихты жан-тәніңмен түсінудің ең тиімді жолы.

Қазіргі таңда ол Қазақстан тарихына байланысты теориялық білімін тереңдетіп келеді. Әзірге ғылыми жоба дайындап көрмегенімен, алдағы оқу жылында пәнаралық және республикалық ғылыми жобалар байқауына қатысу жоспары бар. Ол үшін тыңғылықты дайындық пен жетекшімен тығыз байланыс қажет екенін жақсы түсінеді.

Кейіпкеріміз лицей оқушысы болғандықтан және тарих пәнінен олимпиадашы ретінде үнемі түрлі байқауларға қатысып, республикалық, облыстық және пәнаралық олимпиадалардан үш мәрте алтын медаль иеленген. Сонымен қатар Қазақстан білім олимпиадасында үш жыл қатарынан лицейдің намысын қорғап, үздік нәтиже көрсетіп келеді. Ерекше атап өтер жетістігі – 2023 жылдың маусым айында Әзербайжанның Баку қаласында өткен Түркі халықтарына ортақ халықаралық олимпиадада Қазақстан құрамасы сапында ел намысын қорғап, қола жүлде иеленуі. Бұл – Нұрқанаттың халықаралық деңгейдегі алғашқы үлкен табысы. Ол жаңа орта, жаңа мәдениет пен жаңа адамдармен танысу арқылы тек кәсіби емес, тұлғалық жағынан да дами түсті.

 Тағы бір маңызды жеңісі – 2024 жылғы 14 қазанда Астана қаласында өткен дүниежүзі тарихы пәнінен «International Historical Olympiad 2025» іріктеу кезеңінде жеңіске жетіп, алты оқушыдан тұратын Қазақстан құрамасының қатарына қосылуы. Осы жылдың шілде айында Францияның астанасы – Парижде өтетін Дүниежүзілік тарихшылар олимпиадасына қатыспақ.

Нұрқанат – тарихшы ғана емес, сонымен қатар жас ақын. Ол облыстық Мәшһүр Жүсіп, Бауыржан Момышұлы, Дінмұхамед Қонаев, Мұқағали оқуларынан, «Ақберен» байқауынан бас жүлде иеленіп, республикалық кезеңдерде облыс намысын қорғап жүр. Оның айтуынша, әрбір олимпиада – диплом немесе медаль үшін ғана қажет емес. Сайыстар – ең алдымен адамның арманына апарар жолдағы маңызды баспалдақ. Олимпиада арқылы жаңа адамдармен танысу, өзге ел мен жер көру, пікір алмасу  тұлғалық дамуға орасан зор ықпал етеді. Әр жарыс өзінше ерекше, себебі бірі – ойыңды қорғауды, бірі – тарихи эссе жазуды, енді бірі – терең теориялық білім көрсетуді талап етеді. Нұрқанаттың бүгінгі биігі – осы дағдылардың бойында үйлесім табуымен байланысты.

– Биылғы 30 мамырда облыс әкімі Ербол Шырақбайұлы дарынды оқушылармен кездесу өткізді. Әр ауданнан жиналған 132 оқушы – республикалық және халықаралық олимпиадалардың, сондай-ақ ғылыми жобалар жарыстарының жеңімпаздары осы жиында бас қосты. Аймақ басшысы болашағынан зор үміт күттіретін өрендерге өз лебізін арнады. Сол кездесуде облыс оқушыларының атынан сөз сөйлеу мәртебесі маған бұйырды. Бұл – жауапкершілігі жоғары сәт болды. Себебі жүзден жүйрік шыққан, білім бәйгесінде топ жарған қаншама дарынды оқушының атынан сөз сөйлеу – үлкен сенім ғана емес, зор аманат. Әкімге сол бір сәтте барлық оқушының жүрек түкпірінде жатқан ойларын жеткізу менің міндетіме айналды. Сондықтан бұл жауапты миссияны барынша абыроймен атқаруға тырыстым. Облыс әкімімен осымен үшінші рет кездесіп отырмын. Себебі үш жыл қатарынан облыс намысын республикалық деңгейде қорғап келемін. Сондықтан бұл форматтағы жиынның атмосферасы, ондағы орта, әрбір сәттің салмағы маған етене таныс. Аса бір толқыныс болмаса да, артылған сенімді сезініп, бойымда жауапкершілік ұялады. Ол жауапкершілікті лайықты деңгейде атқару – сол күнгі басты мақсатым болды. Осы уақытқа дейін Қазақстан тарихымен қатар  Орта Азия халықтарының тарихы мен дүниежүзі тарихын да өз білімімше зерттеп, зерделеп келемін. Бұл ізденістер мені болашақ мамандығыма – халықаралық қатынастар саласына біртабан жақындата түсті. Арманым – дипломат болу. Еліміздің беделді жоғары оқу орындарының біріне осы мамандық бойынша құжат тапсыруды жоспарлап отырмын. Дипломатия жолында жүріп, ғылым мен білімнің дамуына үлес қосқым келеді. Сонымен қатар қазақ елінің бай тарихын әлемге танытып, қазіргі таңда халықаралық деңгейде толық мойындалмай жүрген ақтаңдақ беттерін зерттеп, дәлелдеп шығу – менің тарихшы ретіндегі азаматтық парызым. Сол парызды өтеу жолында алдағы уақытта да тоқтап қалмай, үздіксіз дайындық жүргіземін. Бұған мен кәміл сенемін, – деді Нұрғанат Бақытжанұлы.

Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков зейінді оқушының өңір мақтанышы екенін айтып, жетістіктерімен аймақтың білім саласына айрықша үлес қосып жүргенін жеткізді.

– Нұрқанат Қанат – болашағынан үлкен үміт күттіретін дарынды оқушының бірі. Жасөспірім бола тұра, ол өзінің терең білімін, табандылығын және еңбекқорлығын дәлелдеп, бірнеше жыл қатарынан республикалық және халықаралық олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Білім басқармасы тарапынан Нұрқанатқа әрдайым қолдау көрсетіледі. Біз бұл дарынды оқушыдан болашақта еліміздің ғылымы мен дипломатиясы саласында үлкен жетістіктер күтеміз. Оның талапты жолы жас ұрпаққа үлгі, ал ұстаздары мен ата-анасы үшін зор мақтаныш, – дейді Нұрбек Әбубекұлы.

Нұрғанат әңгіме соңына қарай әлеуметтік желілерде белең алып жатқан жасанды интеллект көмегімен тарихты түсіндіру үрдісіне де өз көзқарасын білдіргенді жөн көрді. Оның пікірінше, бүгінгі цифрландыру заманында тарихты жас ұрпаққа тек соғыстар мен жылдар, есімдер тізбегі ретінде емес, маңызды дереккөз әрі таным құралы ретінде ұсына білу қажет. Ол үшін түрлі инновациялық тәсілдерді, заманауи жобаларды қолдана отырып, тарихты қызықты әрі шынайы форматта жеткізу – уақыт талабы.

Мәселен, жасанды интеллект арқылы ірі тарихи тұлғалар «тіріліп», өз өмірбаянын өзі баяндап, бір-бірімен сұхбат құратын подкастар мен бейнежобалар жасалуда. Нұрқанат мұндай бастамаларға оң көзқараста. Білімді өреннің сөзінше, егер тарих әділ әрі шынайы ұсынылса, ал анимациялық элементтер оны тартымды ете түссе – бұл үлкен мүмкіндік. Себебі қазіргі өскелең ұрпақ дәл осындай тәсілдерге қызығушылық танытады. Ең бастысы, мұндай жобаларды тарихты терең білетін, кәсіби мамандар жүргізсе, нәтижесі де сапалы болмақ.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар