Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жазғы демалысқа дайындық жоғары

Жазғы демалысқа дайындық жоғары
Автор
Оқушылардың жазғы демалысын қызықты әрі тиімді өткізу мақсатында жазғы лагерьлерде дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Биыл облыста 1-10 сыныптағы 217 757 оқушының 88,5 пайызын жазғы демалыспен қамту көзделіп отыр. Бүгінгі таңда қала сыртындағы 12 лагерьдің жетеуі балаларды қабылдауға дайын. Оның ішінде жыл бойы жұмыс істейтін «Мөлдір бұлақ» орталығы мен маусымдық 6 лагерь бар. Соның бірі – «Жұрындысай» лагері.

– «Жұрындысай» лагерінің іргетасы 1965 жылы қаланып, нақты лагерь ретінде жұмысын 2005 жылы бастады. 2020 жылдан бері «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығының филиалы ретінде жұмыс істеп келеміз. Қазіргі таңда «Жұрындысай» лагері маусымдық лагерь ретінде қызмет атқарады. Бір маусымда 100 бала қабылдаймыз. Жалпы жазғы кезеңде 4 маусым өтеді. Әр маусым – 12 күн. Осылайша жыл сайын 400 бала қамтылады. Балалар 3-сынып пен 9-сынып аралығындағы оқушылар. Талас ауданы әкімдігі білім бөлімі әр маусымға балаларды іріктеп, тізімді бекітіп береді. Балаларды маусымға бөлу барысында әлеуметтік жағдайы төмен, толық емес отбасынан шыққан және озат оқушыларға басымдық беріледі. Лагерьде 5 жатақхана бар. Әр жатақханада 18-30 балаға дейін орналастырылады. Балалардың қауіпсіздігі үшін өзіміздің күзет қызметіміз жұмыс істейді, бөгде адамдар кіргізілмейді. Әр жатақханаға бір-бір тәрбиеші тағайындалады. Тәрбиешілердің үстінен қарайтын аға тәлімгер бар. Тәлімгер барлық іс-шараларды ұйымдастырып, тәрбиешілерге тапсырма береді. Лагерьде тұрақты штатта 9 қызметкер бар. Маусым кезінде қосымша тағы 10-ға жуық қызметкер уақытша жұмысқа алынады. Олардың қатарында тәрбиешілер, аға тәлімгер, сүйемелдеуші, музыкант, денешынықтыру нұсқаушысы, медбике бар. Барлық қызметкерлеріміз балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын қамтамасыз ету үшін атсалысады. Мұнда балалар таңғы сағат 7:00-де оянып, 7:30-да таңғы жаттығуға кіріседі. Таңғы жаттығудан кейін бөлмелерді жинап, таңғы асқа отырады. Одан кейін түрлі ойындар мен мәдени және спорттық іс-шаралар өткізіледі. Түскі астан кейін тағы іс-шараларға қатысады. Бұл кесте 12 күн бойы сақталады. Күнтізбелік жоспар жыл сайын жаңарып, өзгерістер енгізіліп отырады. Маусым барысында түрлі мекемелермен тығыз байланыста боламыз. Мәселен аудандық мәдениет, спорт бөлімдерінің қызметкерлері лагерьге келіп, түрлі концерттер, спорттық ойындар, би, ән кештерін өткізіп тұрады. Сондай-ақ, төтенше жағдай бөлімі және өрт сөндіру мекемелері келіп, балаларға судағы қауіпсіздік, өрт кезінде өзін қалай ұстау керектігін үйретеді. Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері де апта сайын келіп, балаларға тәртіп пен қауіпсіздік бойынша дәріс оқиды, – дейді «Жұрындысай» лагерінің меңгерушісі Әнуар Қылышбеков.

Сонымен қатар, Меркі ауданындағы мектеп жасындағы балаларға арналған «Жұлдыз» сауықтыру лагері қызмет атқаруда.

– «Жұлдыз» сауықтыру лагері 1965 жылы құрылып, сол жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Лагерьдің жалпы аумағы 9,5238 гектарды құраса, жобалық қуаты бір ауысымға 90 орынды құрайды. Биылғы жазғы маусымда 4 сауықтыру ауысымын өткізу жоспарлануда. Ауысымдардың ұзақтығы – 12 күн. Лагерьдегі балалар жатақханасының әрбір ғимараты 30 орынға арналған. Барлығы осындай 3 ғимарат бар. Сондай-ақ асханамыз бірден 90 адамды қабылдай алады. Медициналық кабинетте де балалар мен ересектерге алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Балалардың лагерьдегі демалысын қызықты әрі ұмытылмастай етіп өткізу үшін үлкен бассейн, душ, би алаңы, жазғы сахна, акт залы, кіші футбол, үлкен футбол, баскетбол, волейбол алаңдары және балалар алаңдары (воркаут), әрі жаңа спорт жабдықтарымен жабдықталған теннис корттары, ашық суға жүзу алаңшасы бар. Лагерьдегі әрбір ғимарат орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Биылғы жылы 360 баланы қабылдау жоспарланып отыр. Балалар 5 мезгіл тамақтанады. Ас мәзірін медбике дайындайды және директор бекітеді және бір балаға күндік азық-түлік 2893,41 теңге құрайды, – дейді лагерь директоры Ғабиден Сансызбаев.

Балаларға арналған жаңа жабдықтармен жабдықталған Қордай ауданындағы «Балауса» жазғы сауықтыру лагері де жазғы маусымда балаларды қабылдауға дайын.

– «Балауса» лагері 1977 жылы құрылып, содан бері жұмыс істеп келеді. Лагеріміздің жалпы аумағы 6 гектарды құрайды. Лагерьдің сыйымдылығы бір ағымға 300 орынды құрайды. Осы жылғы жазғы маусымда 4 сауықтыру ағынын өткізу жоспарлануда. Ағымдардың ұзақтығы 12 күнді құрайды. Маусым айының 9-нан басталып, 3 тамызда аяқталады. Сондай-ақ, балалар жатақханасының әрбір ғимараты 50 орындық. Лагерімізде сыйымдылығы осындай барлығы 6 ғимарат бой көтерген. Үлкен асханамыз бір мезетте 300 балаға тамақ беруге қауқарлы. Медициналық кабинетте балалар мен ересектерге алғашқы медициналық көмек көрсету үшін жағдай жасалған. Сауықтыру лагерімізде үлкен бассейн, душ, би алаңы бар. Жазғы сахна, монша, шағын футбол алаңы мен үлкен футбол алаңы, баскетбол және волейбол алаңдары, спорт жабдықтары, 4 теннис үстелі орнатылған, – дейді Қордай ауданы әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Салтанат Тлеубердиева.

Балаларға арналған жазғы лагерь мектеп жасындағы оқушылардың жүрегінде ұмытылмас естеліктер қалдыратын ерекше орындардың бірі. Сондай-ақ лагерьлер балалардың жазғы демалысын тиімді өткізіп, жаңа достар тауып, өз қабілеттерін ашуға мүмкіндік алатын тамаша орта. Лагерьдегі әрбір күн ойын-сауық пен танымға толы әрі түрлі іс-шаралар мен қызықты кездесулерге бай болады. Мұнда балалар табиғат аясында серуендеп, спорттық жарыстарға қатысады, шығармашылық үйірмелерде өнерін шыңдайды, ал ұжымдық жұмыстар арқылы көшбасшылық, жауапкершілік қасиеттерін дамытады.

Сонымен қатар жазғы лагерь тек демалыс орны ғана емес, сонымен қатар балалардың дамуына септігін тигізетін орта. Жаңа орта, жаңа таныстар мен қызықты бағдарламалар балалардың таным көкжиегін кеңейтіп, бірге өткізген әр сәт оларды бір-біріне жақындата түседі. Сол себепті жазғы лагерь балалық шақтың жарқын беттерінің бірі және көңілді күндердің куәсі болып қала береді.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар