
САУДА САЛАСЫНДА ӨСІМ БАР
Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында облыстың ішкі сауда көлемі 200,8 миллиард теңгені құрапты. Оның ішінде бөлшек сауда 124,2 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,6 пайызға артқан екен. Көтерме сауда 76 миллиард теңге болып, 102,8 пайыз өсімді көрсеткен. Көтерме сауда бойынша Байзақ ауданында нәтиже 80,3 пайызды, Жамбыл ауданында – 47, Қордайда – 88,7, Меркіде – 23,7, Сарысуда 60,6 пайызды көрсетіп, аталған аудандарда көрсеткіштің төмендегені байқалған. Сыртқы сауда айналымы былтырғы қаңтар-желтоқсанда 829,9 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға артқан. Оның ішінде экспорт 343,3 миллион АҚШ долларын құрап, 83,5 пайызға өскен. Ал импорт керісінше 22,7 пайызға азайып, 486,6 миллион АҚШ доллары болған.
Есепті кезеңде экспорт көлемінің артуы пияз экспортының 76,7 пайызға, қой етінің – 21,3, мақсары майының – 50,1, барий сульфатының – 79,1, фосфордың – 100, портландцементтің – 6,9, бейорганикалық химия өнімдерінің 61,8 пайызға орындалуынан болған. Облыс бойынша 2025 жылғы қаңтар-сәуір айларында ішкі сауда көлемі 270,3 миллиард теңгені құраған. Оның ішінде бөлшек сауда 161,5 миллиард теңге болып, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,8 пайызға артқан. Көтерме сауда 108,1 миллиард теңгеге жетіп, өсім 103,5 пайыз деңгейіне жеткен.
Тегінде ішкі сауда нарығы халықтың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін сала болғандықтан облыста бағаны тұрақтандыру мақсатында өңірлік тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік дүкендер желісі іске қосылған болатын. Ірі сауда желілерінде де әлеуметтік сөрелер ашылып, облыс орталығында әлеуметтік базар іске қосылып, апта сайын жәрмеңкелер ұйымдастырылып келе жатқанына да бірнеше жылдың жүзі болды.
Мұндағы негізгі мақсат – азық-түлік бағасын шарықтатпай, тұрғындарды қолжетімді өніммен қамту. Алайда бұл жүйенің тиімділігіне халықтың көзін жеткізу үшін облыста қандай шаруалар атқарылуда? Біз осы сұрақты облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнұр Жорабековаға қойған едік.
– Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша тиісті іс-шаралар атқарылуда. 2025 жылдың екінші тоқсанына 200 баға ұсынысы алынып, облыс әкімдігінің қаулысымен күнделікті тұтынуды қажет ететін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті мән бекітілді. Қазіргі таңда 2025 жылдың үшінші тоқсанына шекті мәнді бекіту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Осы жылдың басынан бері әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың ішінде 6 тауар түріне 488,7 тонна, 284,2 мың дана, 22 мың литр азық-түлікке интервенция ұйымдастырылды. Төтенше жағдай кезінде алғашқы азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша 32 меморандум жасалды. Тұрақтандыру қорының 4 комиссиясы және делдалдық комиссияның 18 отырысы ұйымдастырылып, 5 тауар түрі бойынша 38 құқықбұзушылық фактісі анықталды.
Биыл Тараз қаласында 4 сауда базарын жаңғырту қарастырылған. Атап айтсақ, олар – «Береке», «Жібек жолы», «Салтанат», «Якка сарайы».Бүгінгі таңда «Береке» және «Жібек жолы» базарларының құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар сауда саласына инвестициялар бойынша 2025 жылға 42,7 миллиард теңге сомасында жоспар бекітілді. Оның ішінде қаңтар-сәуір айларына 7,5 миллиард теңге жоспарланды.
2025 жылдың 4 айының қорытындысымен сауда саласына салынған инвестиция көлемі 8,5 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға артық, Былтыр сауда саласына 6,8 миллиард теңге инвестиция салынған болатын, – деді Гүлнұр Қойшыбекқызы.
ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕН АШУДЫҢ ӘУРЕСІ БАР МА?
Бүгінде не көп, ірі сауда желілері мен үй іргесіндегі шағын дүкен көп. Қазіргідей ақшаның құнын инфляция жеп жатқан заманда кез келген дүкенге қалтаңдағы 5-10 мың теңгемен кіре қалсаң, оған жарытып ештеңе сатып ала алмайтының анық. Сондықтан да қарапайым халық баға қай жерде арзан, сол жердің тауарын сатып алуға тырысады. Мұндайда картобы шірімеген, пиязы өнбеген, тауарының мерзімі өтіп кетпеген, қысқасы азық-түлігі тұтынуға тұрарлық болса, сауданы әлеуметтік дүкеннен жасаған қалтаға ыңғайлы болар еді. Әрине, егер әлеуметтік дүкен сөрелерінде күнделікті тұтынуды қажет ететін тауарлар самсып тұрса.
Бір жолы үйдің маңындағы бір шағын дүкен иесінен неге тұрақтандыру қорының тауарларын сатпайтынын сұрадым. Ол: «Ондай тауарды бізге сатуға рұқсат бере ме? Оны бізге кім әкеліп береді?» деп қарсы сұрақ қойды. Егер ол мұндай мүмкіндік туса, тауарын арзан бағада сататынын, сол кезде тұтынушы қарасы көбейетінін айтып, ойша қиялға берілді. Шынында да «Мұндай тауарды сату үшін не істеу керек?», «Жалпы аталған әлеуметтік дүкенді кім аша алады, ол үшін қандай талаптар қойылады?» деген сауалдар кез келген шағын дүкен иесін қызықтыратыны анық. Осы ой жетегімен сұрағымызға жауап іздеуге тырыстық.
Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының мамандары берген мәліметке сүйенсек, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының өңірлік тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу бойынша тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуде. Қазіргі уақытта облыста жұмыс істеп тұрған 12 әлеуметтік дүкен бар екен. Оның ішінде 11 дүкен Тараз қаласында орналасса, 1 дүкен Жуалы ауданында.
– Өңірлік тұрақтандыру қорының тауарлары Тараз қаласының және Жуалы ауданының әлеуметтік дүкендеріне бөлінуде. Әлеуметтік дүкен ашу бойынша қатаң талаптар жоқ. Ең маңыздысы ӘМАТ бағаларына үстеме 15 пайыздан аспауы тиіс. Сырт келбетіне келетін болсақ, қаланың немесе ауданның дизайн кодына, яғни құрылыс және архитектура мекемесімен бекіткен талапқа сәйкес болуы қажет. Әлеуметтік дүкен ашу құқығына ӘМАТ тауарын саудалайтын кез келген жеке кәсіпкер ие бола алады. Дүкендерді ашу құқығы тек қана «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан ғана емес, облыс аумағындағы аудандық немесе қалалық әкімдіктің кәсіпкерлік бөлімдері арқылы беріліп, олар қадағалау жұмыстарын жасай алады. Айта кетер болсақ, дүкендердегі әлеуметтік маңызы бар тауарлар басқа дүкендерге қарағанда төмен бағада сатылады. Ол тауарлар әлеуметтік дүкендерде әлеуметтік бағада және коммерциялық бағада да сатылымда тұрады. Өйткені тұтынушының өзіне қажетті тауарды таңдап алуына жағдай жасалған. Әлеуметтік дүкендердегі ӘМАТ-қа қойылған бағаларға біздің басқарма және «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан апта сайын мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жасалып отырады.
Егер қандайда бір азамат әлеуметтік дүкен ашқысы келсе оның құрылысы үшін жер телімі «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының меншігінде болуы міндетті емес. Жеке кәсіпкер өзінің жер теліміне немесе жалға алған жер теліміне дүкен құрылысын жүргізіп, әлеуметтік дүкен ретінде жұмыс істей алады. Өңірлік тұрақтандыру қорының тауарын саудалау мақсатында әлеуметтік дүкен ашу үшін жергілікті атқарушы орган тарапынан бос жер телімі және дүкен ашуға ниетті кәсіпкер болуы қажет. Яғни, қала немесе аудан аумағында бос жер телімін рәсімдеп, кәсіпкер өз қаражатына әлеуметтік дүкен құрылысын салуы керек. Қазіргі таңда «Социальные павильоны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Беласарова Х.» жеке кәсіпкері жер телімдерінде дүкен құрылысын жүргізіп, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп жұмыс атқаруда. Әлеуметтік дүкендерге немесе ірі сауда желілеріне интервенция жүргізу «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өтініміне сәйкес облыс әкімдігінің 2024 жылғы 24 ақпандағы №42 қаулысымен бекітілген комиссия шешімімен жүзеге асырылады. Сонымен қатар форвардтық келісімшарт пен интервенциялық механизм ұғымы Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі №280 бұйрығының үлгілік қағидасының негізінде бекітілген. Жоғарыда аталған қағиданың 8 және 8-2-тармақтарына сәйкес тауар интервенциялары бағалар өскен кезде ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылады. Түсінікті түрде айтқанда, форвардтық келісімшарт пен интервенциялық механизм азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларынан ішкі нарықта азық-түлік тауарларын өткізу жөніндегі іс-шаралар, форвард – сатып алушы (немесе сатушы) болашақта келісілген шарттармен базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгілі бір мерзімі өткеннен кейін өзіне міндеттеме алатын туынды қаржы құралы. Облыста күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы өскен жағдайда бағаны тұрақтандыру мақсатында осы әдіс қолданылып келеді, – деді Гүлнұр Жорабекова.
ТҰРАҚТАНДЫРУ ҚОРЫНЫҢ ТАУАРЛАРЫ ҚАЙДА?
Бұған дейін Жамбыл ауданы, Гродекова ауылында жұмыс істеп тұрған Мейргүл Сүлейменованың иелігіндегі әлеуметтік дүкенде өңірлік тұрақтандыру қорының тауары жоқ екенін, дүкен ашылғалы үш жылдан бері «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан екі қап қанттан басқа бір де бір тауар берілмегенін жазған болатынбыз. Сол кезде «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңірлік тұрақтандыру қорының директоры Жарқын Әбдіжапар алдағы уақытта бұл дүкен облыстық комиссияның қаралымына шығарылатынын, мәселе пысықталатынын, тауар берілетінін сөз еткен еді. Мейргүл Айдосқызының айтуынша, аталған мақала жарыққа шыққаннан кейін күйеуі «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мамандарына жолыққан. Олар байланыс нөмірін алып қалып, аталған мәселеден басшылықты құлағдар ететінін айтқан. Алайда содан бері еш хабар болмаған.
– Дүкен 2022 жылы өз қаржымызға ашылды ғой. Сол кезде аудандағы жауаптылардың «Өңірлік тұрақтандыру қорының 19 түрлі тауарын арзан бағада беріп тұрамыз» деген сөзіне сеніп қалдық. Менің бұл істен көңілім қалды, үмітім үзілді. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына сан мәрте бас сұққаныммен мәселе шешілейін демейді. Енді тек нысанның маңдайшасындағы «Әлеуметтік дүкен» деген жазуды, «Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының әлеуметтік дүкендер рейстіріндегі тізімнен дүкенімді алдырып тастап, өз тіршілігімізді дөңгелете бергеннен басқа амал жоқ, – деді дүкен иесінің күйеуі Талғат.
Біз Тараз қаласындағы бірді-екілі тұтынушылармен де тілдестік. Мәселен, Жанар Халықова есімді қала тұрғыны әлеуметтік дүкендердегі тауарлардың сапасына көңілі толмайтынын айтады.
– Бес баланың анасымын. Шынтуайтына келгенде, күнделікті азық-түлікке жұмсалатын қаражатты үнемдеу біздің отбасы үшін үлкен мәселе. Сол себепті әлеуметтік дүкендерден арзан тауар алып, отбасылық бюджетті үнемдеп жұмсағымыз келеді. Алайда әлеуметтік дүкендерден алған тауарлардың сапасы көңіл көншітпейді. Мәселен, бір жолы әлеуметтік дүкеннен қарақұмық сатып алдым. Бірақ дәндерінің түсі қарақошқыл еді. Үйге келіп, суға қайнатып, дәмін татсам қышқыл тартып тұр. Біздің дастарқан мәзірінде қарақұмық жиі қолданылатын тағамдардың бірі. Балаларға пайдалы деп аптасына бір-екі рет суға пісіретініміз бар. Бірақ сапасыз өнімді дастарқанға қоюды көңілім құптамайды.
Бұдан бөлек, әлеуметтік дүкендерде сатылатын картоптың да сапасы көңіл көншітпейді. Бірде бүрісіп кеткен, бірде қарайып кеткен, кейде шіріп кеткен өнімдер сөреде тұрады. Кей тауарлардың жарамдылық мерзімі өтіп кеткенін байқап қаламыз. Мұндайда қазақ «Арзанның сорпасы татымас» деп бекер айтпаса керек.
Жыл басында облыс аумағында картоп бағасы күрт шарықтағаны есімізде. Сол кезде халық дүрлігіп, әлеуметтік желілерде де осы мәселе қызу талқыланды. Тұрғындар көтерген мәселеден кейін бірер апта әлеуметтік дүкендерде сапалы, төмен бағамен картоп сатылды. Бірақ бұл уақытша атқарылған әрекеттей көрінді. Себебі қазір сол әлеуметтік дүкендерге барсаң, баз-баяғы қалпына қайта түскенін көресің. Тауарда не сапа жоқ, не тауардың өзі жоқ. 90 теңгелік әлеуметтік нанның сапасын ғана мақтай аламын, жұмыртқа 40 теңгеден сатылған, ол бірақ тым ұсақ. Менің ойымша, әлеуметтік дүкен кедейлерге арналған секілді. Қалтаңда ақшаң жоқ болса әлеуметтік дүкендегі сапасы төмен тауарды алуыңа тура келеді, – деді Ж.Халықова.
Осы орайда біз тиісті тарапқа «Қоймада тауар бола тұра, неге кейде әлеуметтік дүкендерге қажетті көлемде өнім таратылмайды? Тұрақтандыру қоры қандай тауар түрін нарықтағы бағадан қымбатқа сатып алды? Оның қанша тоннасы әлі қоймада тұр? Қоймада қазіргі таңда қандай тауар түрі, қанша тонна бар? Бұл мәліметтер халыққа ашық түрде жарияланып отыра ма? Тұрақтандыру қоры кейбір тауар түрлерін қымбатқа сатып алып, кейін баға өскен кезде ғана сатуды көздейді. Бұл қаншалықты орынды саясат? Қордың басты мақсаты – пайда табу ма, әлде бағаны тұрақтандыру ма?» деген сұрақтар қойдық.
– Қоймадағы тауарлар интервенциясы жоғарыда айтылған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру жөніндегі комиссияның шешіміне сәйкес жүзеге асырылады. Әлеуметтік дүкен ашқан жеке кәсіпкерлер өздері тауар сатып алу немесе әртүрлі фирмалармен, дистрибьюторлармен жұмыс істеу арқылы дүкен сөрелерін тауарлармен толтырып отырады. Жеке кәсіпкер нарықтағы баға «Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қоймасындағы бағадан жоғары болған жағдайда тұрақтандыру қорынан өтінім беру арқылы сатып ала алады. Ескере кететін жағдай, дүкен иелері, яғни жеке кәсіпкердің мақсаты табыс табу болғандықтан оларға төмен бағада тауарды сатып алған тиімді болып келеді. Тұрақтандыру қорына нарықтағы бағадан жоғары бағада тауар сатып алынбайды. Тұрақтандыру қорына тауар сатып алу бойынша шешім әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру жөніндегі комиссияның шешіміне сәйкес жүзеге асады. Корпорация тарапынан сатып алу шарты жасалған уақыттағы баға бүгінгі таңдағы бағаға сәйкес келмеуі мүмкін. Мысалы 2022 қант бағасының 600-700 теңгеге күрт көтерілуіне байланысты 4 260 тонна қант 460 теңгеден тұрақтандыру қорына сатып алынды. 2022 жылы қанттың бір келісі 700 теңгеден жоғары сатылып жатқанда, 460 теңгелік қант нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен болып есептелген. Осыған байланысты бүгінде тұрақтандыру қорының қоймасында 460 теңгеден сатып алынған 4 260 тонна қант сақтаулы. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорының қоймаларында 1011,6 тонна күріш, 5824,1 тонна қант, 648,9 мың литр күнбағыс майы, 588,6 тонна 1 сұрыпты ұн бар. Сол секілді тұз – 3,2 тонна, жұмыртқа – 4 447 360 дана, қарақұмық (гречка) – 102,1 тонна, 2,5 пайыздық сүт – 226,6 мың литр. Бұл ақпарат «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ресми сайттарында жарияланған.
«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі тұрақтандыру қорының мақсаты – керісінше тауарды нарықтағы бағадан төмен сатып алып, бағаны тұрақтандыру мақсатында интервенция негізінде нарыққа арзандатылған тауар шығару арқылы бағынан өсуін болдырмау, – деді Гүлнұр Жорабекова.
Жалпы бағаны тұрақтандыру мақсатында Тараз қаласындағы ірі сауда желілеріне, оның ішінде «Фиркан», «Нұрислам», «Дәмді себет», «Әлеуметтік дүкендер», «Әлеуметтік базар», «Оптовик №1» сауда желілеріне тұрақтандыру қорының тауарлары жеткізіліп жатқан көрінеді. Жеке кәсіпкерлер тұрақтандыру қорының тауарын алу мақсатында «Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына өтініш берген жағдайда тұрақтандыру қорының тауарлары үлестіріледі екен. Алайда, көптеген кәсіпкерлер шекті үстемақы 15 пайыздан аспағандықтан тұрақтандыру қорының тауарларын сатудан бас тартатын көрінеді.
ШЕКАРА МАҢЫНДАҒЫ САУДА ХАБЫ ҚАРҚЫН АЛМАҚ
Облыста жаңа индустриялық кешен іске қосылмақ. Ол үшін 50 гектар аумаққа 200 миллион долларлық инвестиция тарту жоспарланыпты. Мұны өңірдің ішкі нарығын кеңейтіп, сыртқы сауданы күшейтуге септігін тигізетін ауқымды жоба десек те болады. Аталған кешен Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы шекарасындағы «Қарасу» және «Ақ тілек» автожол өткізу пункттері аумағында бой көтермек. Осы индустриялық сауда-логистикалық кешенді іске қосудағы түпкі мақсат – өңіраралық тауар айналымын жандандырып, облыстың транзиттік әлеуетін барынша пайдалану.
– Аталған кешенді дамыту үшін жалпы көлемі 50 гектар жер телімі бөлінді. Жамбыл облысы әкімдігінің 2023 жылғы 12 қыркүйектегі №168 қаулысы негізінде бұл аумақ ресми түрде «Алатау» индустриялық-сауда-логистикалық кешені» өңірлік индустриялық аймағы ретінде бекітілді. Ал 2025 жылғы 1 сәуірдегі №73 қаулыға сәйкес жобаға жауапты басқарушы компания ретінде «Romsey Holdings Kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айқындалды.
Бүгінде аталған серіктестік кешен аумағына 200 миллион АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде қолға алынған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рапиль Жошыбаевтың төрағалығымен құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, нақты жобаларға жол ашты.
Қазіргі уақытта индустриялық кешенге қызығушылық танытқан инвесторлар тарапынан 10 жобаға өтінім келіп түсті. Оның ішінде 5 жоба тікелей Қазақстан аумағында іске асырылатын болады. Бұл көрсеткіш облыстың сауда-инвестициялық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Жоба толық іске асқанда облыс экономикасы үшін тиімді логистикалық байланыстар орнап, экспортқа бағытталған өндіріс ошақтарының ашылуына жол ашылады. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары құрылып, бөлшек және көтерме сауда жүйесі жаңаша серпін алады. Осы кешен арқылы өңірді Орталық Азиядағы ірі сауда хабтарының біріне айналдыруға болады, – дейді Гүлнұр Қойшыбекқызы.
Облыстың сауда нарығына қатысты біз сөз еткен мәселенің сарыны осы. Алдағы уақытта сауда, өндіріс және логистика салаларын қатар дамыту арқылы өңірлік ішкі нарық кеңейіп, экспорттық мүмкіндіктер әлі де арта түседі деген сенімдеміз. Егер инвестиция тарту ісі жанданып, жұмыс орындары көптеп ашылса оның жергілікті тұрғындарға берері мол болмақ.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Жазғы демалысқа дайындық жоғары
Ұқсас жаңалықтар
Мүгедектікті белгілеу бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға болады
- авторAR-AY
- 2 маусым, 2025