Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Меркіден шыққан мультипликаторлар

Меркіден шыққан мультипликаторлар
Автор
Бүгінгі күні балалардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуге бағытталған қосымша білім беру үйірмелерінің маңызы арта түсуде. Осы ретте, Меркі ауданындағы «Үміт» оқушылар сарайында 2023 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Жас мультипликаторлар» үйірмесі жас дарындардың шығармашылық әлеуетін ашуда жарқын үлгі көрсетіп отыр.

– Үйірмеге бүгінде 12 оқушы қатысады. Мұнда балалар тек мультфильм көріп қана қоймай, мұғалімдермен бірге өздері кейіпкерлер ойлап тауып, сценарий жазып, дыбыстап, дайын өнімді әлеуметтік желіге жариялауға дейінгі бүкіл процеске қатысады. Бұл – балалар үшін тек қызықты ойын ғана емес, болашақ кәсіби дағдыларды игерудің алғашқы баспалдағы. Үйірмені екі білікті педагог жүргізеді. Яғни балаларға «IT – сынып» үйірмесінің қосымша білім беру педагогі Асан Алтынбеков пен «Әсем» көркем сурет студиясының педагогі Бекзат Түлендиева жетекшілік етеді. Олар балаларды тек техникалық тұрғыдан ғана емес, этикалық әрі танымдық жағынан да дамытуды мақсат етеді. Мұндағы басты бағыт – мультимедиялық технологияларды пайдалана отырып, әлеуметтік мазмұнды, тәрбиелік мәні бар анимациялық жобалар жасау. Үйірмеге Аслан Жапсархан, Арсен Сәбит, Бақдәулет Серкіхан, Асылай Дуйсебек, Али Дүйсебек, Алия Жүзүмәлиева, Алмира Сәрсен, Мұхаммедәли Қалас сынды оқушыларымыз екі жыл қатарынан тұрақты түрде қатысып келеді. Олар мультфильм жасау барысында сурет салу, дыбыстау, бейнемонтаж, 3D модельдеу сияқты бірнеше бағытты игеріп, тәжірибе жинақтауда, – Үміт» оқушылар сарайының директоры Зауре Бейсенбаева.

Айта кету керек, балалар жасаған мультфильмдер тек үйірме аясында ғана емес, түрлі байқаулар мен көрмелерде жоғары бағаланып келеді.

– Мультипикация үйірмесіне баратын балаларымыз жарыстардан бос келмейді. Атап айтсақ, «Наурыз хикаясы» атты мультфильмдері қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде дыбысталып, облыстық «Білім анимация» байқауында жүлделі бірінші орынды иеленді. Сонымен қатар «Бауырсақ» және жақында жарық көрген «Айдаһар мен достарының ұлы сапары» мультфильмдері де көрермен көзайымына айналды. Айта кетерлік тағы бір маңызды жайт, бұл үйірме балалардың ата-аналарымен байланысын нығайтуда да ерекше рөл атқаруда. Ата-аналар өз балаларына кеңесші, қолдаушы ретінде белсенді қатысып, бірлескен жобаларда бірге жұмыс істеуде, – З.Бейсенбаева.

Мультипликация тек анимациялық фильм жасау емес, бұл – баланың ой-қиялын дамытатын, қолөнер мен технологияны ұштастыратын, кәсіптік бағдар беретін жан-жақты тәрбие құралы. Меркілік жас мультипликаторлардың бүгінгі қадамы – ертеңгі шығармашылық табыстың бастауы.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар