
Салтанат Қордабайқызының айтуынша, облыс аумағында 11 маусымдық және 1 жыл бойы жұмыс істейтін балалар лагері тіркелген. 2025 жылдың жазында 6 маусымдық лагерь және 1 жыл бойы жұмыс істейтін лагерь балаларды қабылдайды деп жоспарлануда. Ал санитариялық, техникалық себептерге байланысты 5 лагерь жұмыс істемейді. Олардың қатарында «Кооператор», «Бәйтерек», «Рауан», «Жұлдыз» (Қаратау), сондай-ақ күрделі жөндеуде тұрған «Ә.Молдағұлова атындағы лагерь» бар.
Барлық лагерьлер типтік жоба бойынша салынған. Су құбыры, спорт алаңдары, моншалар, сондай-ақ 5 лагерьде бассейндер қарастырылған. Лагерьлерге санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды берілгеннен кейін ғана жұмыс істеуге рұқсат етіледі. 2024 жылғы мониторинг нәтижесінде кей лагерьлерде бірқатар санитариялық бұзушылықтар тіркелген. Мысалы, тазалық талаптарының сақталмауы, дезинфекциялық құралдардың дұрыс пайдаланылмауы, жарықтандырудың жеткіліксіздігі сынды кемшіліктер анықталған.
Санитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында 90-нан аса хат жергілікті атқарушы органдар мен лагерь басшыларына жолданған. Сонымен қатар, лагерь басшыларымен арнайы «WhatsApp» чаты құрылып, жедел ақпарат алмасу ұйымдастырылған.
Жазғы маусымның ашылуына дейін лагерьлерде жөндеу және профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Ас блогында да талап қатал. Шикі және дайын өнімнің араласпауына, санитариялық-гигиеналық талаптардың қатаң орындалуына баса назар аударылады.
Барлық қызметкерлер арнайы медициналық тексеруден өтуі, жеке медициналық кітапшалары болуы тиіс. Сонымен қатар, лагерьде медициналық көмек көрсету толықтай ұйымдастырылып, дәрі-дәрмек қоры, жабдықтар және медициналық лицензия талаптарға сай болуы шарт.
Балалар лагерьге тек тиісті медициналық анықтамамен қабылданады. «071/у» үлгісіндегі анықтама мен жұқпалы аурулармен байланыс болмағаны туралы құжат болуы міндетті.
Жазғы маусым аясында облысымыздың оқушыларын сауықтыру және бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін 7 469 бала маусымдық лагерьлерге, 33 607 оқушы мектеп жанындағы лагерьлерге қамтылады. Жалпы 147 мыңнан астам бала жазғы алаңдарда демалып, сауықтыру іс-шараларына қатысады деп күтілуде.
Балалар лагерьлерінің дайындығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ведомствоаралық жол картасы қабылданған. Жыл басынан бері бірқатар жиындар, кеңестер өткізіліп, семинарлар мен дәрістер ұйымдастырылып, қызметкерлерге санитариялық-ағарту жұмыстары жүргізілген.
Айжан ӨЗБЕКОВА