
Облыстың бас онкологы Жандос Сейдахметовтің бастамасымен ұйымдастырылған тәжірибелік сабаққа елімізге танымал хирург-дәрігерлер – Мұхамеджан Нұрғазиев, Серік Жәкіпбеков және орталықтың хирургиялық бөлімінің жетекшісі Ерасыл Арапов қатысты.
Тәжірибелік сабақ аясында ішке тіліксіз (эндоскопиялық) жолмен тоқішектегі қатерлі ісіктерді алып тастау бойынша екі бірегей ота сәтті өткізілді. Бұл оталардың басты ерекшелігі – науқас ішіне жасанды тесік (стома) салынбағаны. Яғни, ішек табиғи жолмен қайта жалғанып, науқас отадан кейін бұрынғы өмір салтына тез орала алады. Бұл – адам өмірінің сапасын сақтап қалуға жасалған үлкен қадам.
Іс-шара аясында ішек обырын ерте анықтау бағдарламасы бойынша бір науқастан ісік бастапқы сатысында анықталған. Ісіктің көлемі 2,5-3 сантиметр шамасында болған. Жасалған толық тексеруден кейін бұл науқасқа эндоскопиялық әдіспен ота жасалып, ішек қайта табиғи жолмен жалғанған. Нәтижесінде жасанды тесік салу қажеттілігі туындамаған.
Бұл тәсілдің пайдасы орасан. Науқас физиологиялық тұрғыдан өзін бұрынғыдай сезіне алады. Күтімге кететін шығын мен моральдық ауыртпалық та азаяды. Бұрын мұндай оталардан кейін көптеген науқас өмір бойына жасанды тесікпен өмір сүруге мәжбүр болатын.
Оқу-тәжірибелік іс-шараға Меркі, Т.Рысқұлов, Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласындағы көпбейінді ауруханалардан келген хирургтер қатысты. Олар тек ота жасау техникасын ғана емес, сондай-ақ отадан кейінгі күтімнің заманауи тәсілдерін де үйренді.
Бұл тәжірибелік іс-шара тек алғашқы бастама ғана. Мамыр айының соңғы аптасында облыстық орталық тағы бір маңызды оқыту іс-шарасын өткізбек. Онда қалқанша безге тіліксіз оталар жасалады. Мұндай әдістер әсіресе косметикалық және психологиялық тұрғыдан маңызды. Себебі отадан кейін мойын тұсында тыртық қалмайды.
Жаңа технологияларды меңгеру – өңірлік медицина үшін аса маңызды. Бүгінгі таңдағы басты мақсат – әр науқасқа жайлы әрі нәтижелі медициналық қызмет көрсету. Ал бұл бағытта облысымыздың дәрігерлері нық қадам жасап келеді.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз қызметі