
Облыстың бас ревматологы Бағлан Тапаева бұл дерттердің жылдан-жылға жасарып бара жатқанын ерекше атап өтеді. Оның айтуынша, қазір буын аурулары 25-30 жастағы азаматтар арасында да жиі кездеседі.
– Бұған бірнеше себеп бар. Қозғалыс белсенділігінің төмендеуі, ұзақ уақыт компьютер мен телефон алдында отыру, отырықшы өмір салты, дұрыс тамақтанбау, артық салмақ пен созылмалы инфекциялық аурулар – осылардың барлығы тірек-қимыл жүйесінің тозуына алып келетін басты факторлар. Соның салдарынан жастардың буын шеміршектері ерте зақымданып, бұлшықеттер әлсірейді, қан айналымы нашарлайды. Қазір тіпті мектеп жасындағы балалар арасында да аяқ-қол ауырсынуы, омыртқа қисаюы, гиповитаминоз секілді белгілермен келетіндер көбейіп отыр, – дейді бас маман.
Жалпы остеоартроз бен остеохондроздың дамуына тұқым қуалаушылық, артық салмақ, гормоналды өзгерістер, кәсіптік немесе спорттық жарақаттар, жас ұлғайған сайын шеміршектің табиғи тозуы, микроэлементтердің тапшылығы және ауыр физикалық жүктеме сияқты ішкі-сыртқы факторлар әсер етеді. Әсіресе соңғы жылдары COVID-19 індетінен кейін көптеген науқастар буын ауруларына жиі шағымдануда. Себебі SARS-CoV-2 вирусы ағзада кең ауқымды қабыну үдерісін туындатып, тірек-қимыл жүйесіне де едәуір зиян келтіретіні дәлелденген. Бұл буын мен бұлшықет ауырсынуына, қалдық қабыну синдромдарына, тіпті реактивті артритке дейін алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, COVID-19 кезінде қолданылатын кейбір гормоналды емдер – глюкокортикоидтар сүйек тінін әлсіретіп, остеопорозға жол ашады. Осы тұста мамандар инфекциядан кейін толық оңалту шараларын жүргізуге кеңес береді.
Медицинада буын ауруларының алдын алуға болатыны дәлелденген. Бұл үшін қарапайым, бірақ өте тиімді ережелерді сақтау жеткілікті. Мәселен күн сайынғы қозғалыс белсенділігі, дене салмағын бақылау, кальций, магний, D дәруменіне бай тағамдарды тұтыну, жеткілікті мөлшерде су ішу, суықтан сақтану, жарақаттардың алдын алу қажет. Өйткені буын – адам қимылының тірегі, ал қимылдың өзі – буынның қорегі. Белсенді қимыл кезінде буын сұйықтығы жаңарып, шеміршек тініне қорек жеткізіледі. Ал артық салмақ буындарға, әсіресе тізе мен жамбас буындарына шамадан тыс қысым түсіріп, шеміршектің тозуын жеделдетеді.
Қазіргі таңда медицина остеоартроз және остеохондрозды емдеуде кешенді тәсілді ұстанады. Дәрілік терапия қатарында қабынуға қарсы препараттар, ауырсынуды басатын дәрілер мен хондропротекторлар кеңінен қолданылады. Физиотерапия әдістері – лазер, ультрадыбыс, магниттік терапия, УВЧ және PRP (тромбоцитке бай плазма егу) сынды жаңашыл тәсілдер де кеңінен қолданылуда. Сонымен қатар, емдік денешынықтыру, массаж, кинезиотерапия, санаторий-курорттық ем және қажет жағдайда – хирургиялық араласу (эндопротездеу) де аурудың асқынған түрлерінде тиімді көмек береді.
Облысымызда тірек-қимыл жүйесі ауруларын диагностикалау мен емдеуді сапалы ұйымдастыру мақсатында облыстық көпбейінді аурухана жанынан арнайы ревматологиялық орталық құрылған. Бұл орталық – буын, сүйек, бұлшықет және дәнекер тіндердің созылмалы ауруларымен күресетін жетекші орталық саналады. Мұнда заманауи зертханалық және аспаптық диагностика – УДЗ (ультра дыбыстық зерттеу), рентген, МРТ (магниттік-резонанстық томография) мен қан талдаулары негізінде диагноз нақты қойылады. Сонымен қатар, ревматоидты артрит, анкилоздаушы спондилит, подагра, қызыл жегі, склеродермия, васкулиттер сияқты күрделі ревматологиялық дерттерге де толыққанды медициналық көмек көрсетіледі.
Орталықта білікті мамандар қызмет етеді. Әрбір науқасқа жеке ем жоспары жасалып, биологиялық препараттар мен иммуномодуляторлар тағайындалады. Пациенттерге ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өмір салтына қатысты нақты кеңестер беріледі. Қажет жағдайда арнайы консилиумдар мен телемедициналық кеңестер ұйымдастырылады. Бас ревматолог Бағлан Тапаеваның айтуынша, ревматологиялық орталық қызметінің басты ұстанымы – дәл диагноз, кешенді ем және әрбір тұрғынның өмір сапасын арттыру.
– Буын ауруларының бастапқы кезеңінде дұрыс ем қабылдаса, оларды толық бақылауға алуға болады. Өкінішке қарай, көптеген науқас ауру асқынған кезде ғана дәрігерге жүгінеді. Бұл мүлде дұрыс емес. Аурудың алғашқы белгілері пайда болған сәтте-ақ маманға көріну – мүгедектікке апаруы мүмкін ауыр салдарлардың алдын алады, – дейді Бағлан Маратқызы.
Облыстық көпбейінді аурухана жанындағы ревматологиялық орталыққа кез келген тұрғын тіркелген емханадан жолдама арқылы немесе тікелей жазылып келе алады. Диагнозы нақтыланбаған, бірақ буын, бел немесе мойын аймағында ауырсыну байқалатын кез келген адам арнайы маман кеңесін алуы тиіс.
Қорытындылай келе, буын аурулары – адам өмірін шектейтін, күнделікті тіршілігіне кері әсер ететін күрделі дерт. Бірақ дер кезінде анықталып, тиісті шаралар қолданылса, бұл сырқатпен толыққанды өмір сүруге әбден болады. Сол үшін де әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, белсенді өмір салтын ұстануы қажет. Ең бастысы – ауырсынуды елемей, дер кезінде дәрігер көмегіне жүгіну керек. Тәнің сау, буының аман болса – өмірің де сапалы.
Айжан ӨЗБЕКОВА