Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ауданда эпизотиялық жағдай тұрақты

Ауданда эпизотиялық жағдай тұрақты
Халқымыз бір-бірімен амандасып, хал-жағдайын біліскенде «Мал-жан аман ба?» деп текке сұрамаған. Себебі төрт түліктің өлім-жітім мен ауру-сырқаудан амандығы халықтың денсаулығының басты кепілі болып саналған. Малдан алынатын сүт, сүзбе, айран, май, қаймақ, қатықтан бастап етке дейінгі тағы да басқа өнімдердің сапасы төрт түліктің кесел-кесапаттан дін амандығына байланысты. Ал үй жануарларына тән аса қауіпті індеттер белең алатын болса, бұл тұтас бір өңірге, қала берді елге қауіп төндіретін жағдай. Сондықтан мал басын індеттен сақтау стратегиялық маңызы бар жұмыс ретінде қарастырылады.

Шу аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Талғат Хасеновтің сөзіне сүйенсек, ауданда 2025 жылға арналған ветеринариялық іс-шаралар жоспары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аса қауіпті жұқпалы мал ауруларына қарсы екпе егу, диагностикалық зерттеу және серологиялық тексеру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді екен.

Ауданда аса қауіпті мал ауруларының алдын алу шаралары қарқынды жүргізілуде. Аусыл ауруының алдын алу мақсатында 103 300 мүйізді ірі қараға екпе егу көзделсе, 4 айлық жоспар бойынша 22 800 сиырға екпе салынып, межеге толық қол жеткізілген. Сол секілді 4 айда 1 139 000 қой-ешкінің 183 500-іне, 400 шошқаның төрттен біріне екпе егіліп, жоспарланған көлем 100 пайызға орындалыпты.

Сібір жарасына қарсы 52 400 бас сиырға, 508 500 бас ұсақ малға, 17 400 бас жылқыға, 300 шошқаға, 300 түйеге екпе егу жоспарланған. Мүйізді ірі қара, жылқы мен шошқаға осы кезге дейінгі меже бойынша екпе толық егілген. Қарасан дертіне қарсы жылдық жоспардың, яғни 7 400 мүйізді ірі қара мен 100 түйеге қатысты есепті кезеңдегі межеже де толық қамтылған екен. Туберкулез ауруына қарсы тексеру мүйізді ірі қара (26 000 бас) мен түйеге (90 бас) жоспарланып, ірі қара бойынша жұмыс толық атқарылған.

Құтыру, манқа, оба, дегельминтизация секілді инфекциялық ауруларға да профилактикалық шаралар жүргізу жоспарда бар. Жылқы, мысық сияқты жануарларға екпе егілген. Құтыруға қарсы екпе мысыққа (40) және жылқыға (900 бас) 100 пайыз орындалған. Иттерге қатысты жұмыс әлі қолға алынбапты. Нодулярлы дерматитке қарсы мүйізді ірі қараға жүргізілген екпе жұмыстары толық жүзеге асқан.

Жалпы жабайы жануарларды құтыру ауруына қарсы вакцинациялау назардан тыс қалмай, арнайы қармақжемдер арқылы 1000 доза таратылып, толық қамтылыпты. Серологиялық зерттеулер нәтижесінде мүйізді ірі қара мен ұсақ малдардан қан сынамалары алынып, зертханалық сараптамалар толық жүргізіліпті. Мүйізді ірі қарадан қауіпті дерт анықталмаған. Ал ұсақ малға қатысты бруцеллездің 8 жағдайы тіркеліпті.

Ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру және автоматтандырылған шұғыл жағдайлар базасына деректерді енгізу жұмыстары да ойдағыдай жүргізілуде. Қазіргі таңда мүйізді ірі қараның 16 447 басы есепке алынып, оның 7,8 пайызы аталған жүйеге енгізілген көрінеді. Ұсақ малдың 200 031 басы тіркелсе, оның 3,2 пайызы базаға енген. Жылқыдан 3 984 бас есепке алынып, олардың 23 пайызы толық енгізілген. Ал түйе бойынша жүйеге енгізу жұмыстары әлі басталмаған екен.

Бір назар аударар жайт, Сібір жарасы бойынша уақ малға қатысты жоспар толық орындалмаған. Ұсақ малға арналған 4 айлық жоспар 65 пайызды ғана құрап отыр. Түйе мен шошқаға да бұл ауруға қарсы вакцина егілмеген. Сол секілді қауіпті ауруларға жылдық жоспар түзілгенімен оған қарсы жұмыс әлі қолға алынбапты. Осының себебін біз Талғат Жақсығұлұлынан сұраған едік.

– Шу ауданы бойынша бүгінгі күнге жоспар бойынша Сібір жарасына қарсы 333 500 бас уақ малды емдеу керек еді. Алайда бізге облыс әкімдігі ветеринария басқармасынан 218 500 доза вакцина бөлінді. Вакцина толықтай игеріліп, 333 500 бастың 65 пайызын қамтыды. Сібір жарасына қарсы түйеге облыстан вакцина келген жоқ, шошқаныкі жоспар бойынша мамыр айында тұр. Мамыр айының соңына дейін орындалады. Түйеге туберкулез ауруына аллергиялық тексеру мамыр айына жоспарланған, осы айдың соңына дейін толық аяқталады. Ірі қараға қарсы құтыру ауруына екпе жұмыстары облыс әкімдігі ветеринария басқармасымен бекітілген жоспарға сәйкес қазан айында, уақ малдың құтыру ауруына екпе жұмыстары қыркүйек айында, иттерге дегельминтизация тамыз айында, жылқы маңқасы қазан-қараша айларына, түйеге оба ауруына қарсы екпе маусым айына жоспарланған. Жалпы әрбір ауруға қарсы екпе салудың өз мерзімі бар. Тейлериоз, сальмонеллез, сақау сияқты ауруларға қарсы жұмыстар желтоқсан айында қолға алынады. 103 торайдың 100-і сырғаланды, қалған үшеуі алдағы уақытта бірдейлендіріледі. Ал боталар нәзік келетіндіктен, оларды сырғалау маусым айына жоспарланған. Жыл басынан 19 595 бас мүйізді ірі қара мен 176 500 бас уақ малдан қан сынамалары алынып, аудандық ветеринариялық зертханаға жеткізіліп, зерттелді. Оның ішінен 8 уақ малдан сарып ауруы анықталды. «Рамазан» шаруа қожалығымен меморандумға отырғанбыз. Сарып болған жануарларды аталған қожалық санитарлық өңдеуге алып кетеді. Осы тәртіп бойынша сарып болған уақ малдың біреуі өлсе, жетеуі союға жіберілді. 2024 жылы 5 адам бруцеллез ауруына шалдықты. 2023 жылы 4 адам ауырған болатын. Бағымызға орай осы жылы мұндай дертке шалдыққандар жоқ. Аудан бойынша Шу қаласында 1 типтік «Беккер» шұңқыры бар. Сондай-ақ Алға және Өндірісте типтік «Беккер» шұңқырының құрылысы аяқталған, бірақ теңгерімге алынбаған. Қонаев ауылдық округінде типтік «Беккер» шұңқырының құрылысы басталды. Оларды облыстық ветеринария стансасы өздерінің тенгеріміне қабылдайды. Шу ауданы бойынша 14 Сібір жарасы көміндісі бар. Сонымен қатар, анықталған Сібір жарасы көмінділеріне мемлекеттік акт алу бойынша жұмыстар жүргізіліп, 14 Сібір жарасы көміндісінің 11-іне мемлекеттік акті алынды. Барлығы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай бетонмен қоршалған. 3 Сібір жарасының ошағына мемлекеттік акт алынбауының себебі аталған ошақтар мемлекеттік «Қосқұдық» орман қорының жерінде орналасқан. Ол жерлердің санатын ауыстыру Қазақстан Республикасының Үкіметінің қаулысымен жүзеге асырылады. Шу ауданында Сібір жарасы ошақтары қатаң бақылауда тұр. Мәселен, Жаңақоғам мен Жанажол, Төле би, Абай, Бірлікүстем, Ескішу, Ақсу ауылдық округтерінде 1-1 ошақтан, ал Шоқпар мен Қонаев ауылдық округтерінде 2 ошақтан бар. Ақтөбе ауылдық округінде 3 ошақ тіркелген. Осы аталған ауылдық округтерде орналасқан Сібір жарасы ошақтарының топырақтарынан ветеринар мал дәрігерлерінің тарапынан сынама алынып, ЖОФ ветеринариялық зертханасына жоспар бойынша өткізілді. Бүгінгі күнге 430 000 теңгеге ақылы қызмет көрсетілді. Қаңғыбас ит-мысықтарды уақытша ұстау үшін тәлімбақ (питомник) салу бойынша ауданда бірқатар жұмыстар атқарылды. Нақты айтқанда, Төле би ауылынан арнайы жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Аудан бойынша қаңғыбас ит-мысықтарды ұстайтын тәлімбақ жоқ болуына байланысты стерилизация жұмыстары жасалмайды. Сондықтан қазіргі кездегі ветеринар мамандарға туындап тұрған ең қиын мәселе – осы қаңғыбас ит пен мысықтарды аулап, жою. Жыл басынан бері аудан бойынша кәсіпорынға 25 өтініш түсіп, 690 қаңғыбас ит-мысық ауланды. Шу ауданы бойынша Шу қаласы мен 7 ауылдық округте Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының ошағы пайда болды. Олар – Ақсу, Алға, Балуан Шолақ, Дулат, Қорағаты, Қонаев, Төле би ауылдық округтері және Шу қаласы. Конго-Кырым гемморагиялық қызбасының табиғи ошағында қоныстанған аудан тұрғындарын қорғау мақсатында 16 192 қора-жай, жалпы ауданы 2 824 695 шаршы метр жер залалсыздандырылып, осы жұмыстың бірінші кезеңі аяқталды, – деді Талғат Хасенов.

Жалпы Шу ауданы ветеринария бөлімінде 116 қызметкер бар екен. Кәсіпорын лайықты ғимаратпен қамтылған. Аудан бойынша 18 ауылдық округ және Шу қаласы бойынша барлығы 19 округ болса, қазіргі таңда 14 ауылдық округ ветеринариялық пункттермен қамтылыпты. Бүгінде Шу қаласы әкімі аппараты тарапынан тұрғын үй сатып алынып, ветеринариялық пункттің іс-қағаздары рәсімделіп жатса керек. Дулат ауылдық округіннен 1 ветеринариялық пункт 2023 жылы салынған көрінеді. Бірақ бүгінгі күнге дейін кәсіпорын теңгеріміне берілмепті. Ал Алға, Бірлік, Жаңажол ауылдық округтеріне 3 ветеринариялық пункт қажет.

Сәуір айында облыс әкімдігі ветеринария басқармасының қолдауымен 5 ауылдық округке жаңа «Нива» автокөлігі табыс етіліпті. Облыстық ветеринариялық стансаның Шу ауданындағы ветеринария бөлімі теңгерімінде 1 жылжымалы, 2 тұрақты инсинератор бар. Инсинераторлар толық іске қосылған, экологиялық рұқсаттары заңға сай. Қазіргі уақытта кәсіпорындағы 25 «Нива», 1 «ДУК», 2 «УАЗ», 1 «Lada», 1 «Toyota Hilux» (пикап) автокөлігі ветеринарлардың әжетіне жарап тұр.

Шу ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар