
Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Данияр Өтеповтің айтуынша, салада атқарылуы тиіс жұмыстар бойынша кешенді іс-шаралар қолға алынып, бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, жер теліміне кезекке тұрудың жолын жеңілдету сияқты жұмыстар тиісті деңгейде атқарылуда.
– Жамбыл облысының әкімшілік аумағы 2024 жылдың 1 қарашасына 14427,5 мың гектарды құрады. Оның ішінде ауылшаруашылығы мақсатындағы, яғни айналымда жүрген жер көлемі – 4624,8 мың гектар. Елді мекендер жері 842,2 мың гектар болса, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және ауылшаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жердің көлемі 177 мың гектарды құрайды. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері – 11,6 мың гектар, ал орман жер қоры жері – 4429,1 мың, су қорының жері – 356,3 мың және босалқы жер 1497,3 мың гектар болып қалыптасты. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жайылым жер көлемі – 3,6 миллион гектар, елді мекендердегі жайылым көлемі 740,7 мың гектар болса, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және ауылшаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жайылым жер көлемі 39,6 мың гектарды құрайды. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері – 1 мың, орман жер қоры – 1,6 миллион, босалқы жер көлемі – 967,2 мың гектар. Статистикалық мәліметтерге сәйкес өткен жылы облыс бойынша 3,4 миллион төрт түлік тіркелген. Оның 395,9 мыңы мүйізді ірі қара, 2,8 миллионы қой-ешкі, 165,9-ы жылқы, 7,2 мыңы түйе. Жалпы 41 елді мекеннің 17 елді мекенінде жайылым жетіспеушілігі шешілді, қалған 9 елді мекенде осы жылы шешімін табады. Сонымен қатар 15 елді мекенде жайылым жетіспеушілігін толығымен шешу мүмкіндігі жоқ. Аталған аудандарда халықтың тығыз орналасуына байланысты және қала маңы аймағына жақын орналасуы, сондай ақ жалпы жерлердің басым көпшілігі егістік жерлер болуынан мәселе шешімін таппай отыр. ҚР «Жайылымдар туралы» Заңының талаптарын жүзеге асыру мақсатында облыстың барлық аудандарында жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен жайылымдарды пайдалану жоспары мен схемасы қайтадан 5 жыл мерзімге бекітілетін болады. Бүгінгі күнге Талас, Жамбыл, Меркі, Сарысу аудандарында жайылым жоспары бекітілді. Жалпы 2025-2027 жылдары жаһандық экологиялық қор есебінен Талас және Сарысу аудандарында пилоттық жоба негізінде 5 мың гектар жайылым жер жақсартылады. Мемлекет басшысының 2022 жылғы «Әділетті мемлекет.Бір тұтас ұлт.Біркелкі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауындағы тапсырмасы аясында «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес облыс аумағында осы жылдың 3 айының қорытындысы бойынша пайдаланылмаған және заңсыз берілген ауылшаруашылығы жерлерінің 11,7 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің жайылым алқаптары тұрғылықты халықтың малдарын жаю үшін ауылдық округтерге бекітіліп беріліп жатыр. Ал қалған жерлер өңірдің экономикасын дамыту мақсатында конкурс арқылы үлестірілуде, – дейді Данияр Құттыбайұлы.
Жалпы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге 2025 жылдың 3 айында 5 конкурс ұйымдастырылып, 12 мың гектар жер айналымға еніпті. Кәсіпкерлік мақсатта 28 жер учаскесі аукционға шығарылып, 76 миллион теңгеге бағаланып, сатылған екен. Облыс бойынша босалқы жер қорынан осыған дейін елді мекенге 378 мың гектар жер қосылып берілген. Нәтижесінде елді мекен жері 363 мың гектардан 741 мың гектарға дейін ұлғайған. Бұл мақсаттағы жер көлемі 2025 жылы тағы да 20 мың гектарға артады.
– Бүгінде облыс бойынша жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер теліміне кезекке тұрған азаматтар саны 66 800 адамға жетіп отыр. Оның ішінде Тараз қаласында 139 837 адам болса, Байзақ ауданы бойынша 19 138 тұрғын жер кезегіне тіркелген. Сол секілді Жамбыл ауданында – 22 828, Жуалыда – 7 866, Қордайда – 27 516, Меркіде – 17 400, Мойынқұмда – 675, Сарысуда – 2 253, Таласта – 1 452, Т.Рысқұловта – 11 421, Шу ауданында 16 414 адам кезекте тұр. 2005-2024 жылдар аралығында жалпы 37 465 жер телімі халыққа үлестірілген болса, оның ішінде 2015-2024 жылдары нақты 52 тұрғын алқаптағы 19 066 жер теліміне инфрақұрылым жүргізілді. Облыс аумағында инвесторлар үшін де жер учаскелері берілуде. Жалпы көлемі 81 946 гектар құрайтын күн, жел электр стансасын орналастыру үшін іздестіру жұмыстарын жүргізуге «Актас Энерджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Мойынқұм ауданынан, «China Power International Holding Limited» компаниясына Жуалы, Талас аудандарынан жер учаскелері қарастырылды. Кальцийлендірілген сода зауыты құрылысы үшін «Qazaq Soda» серіктестігіне Сарысу ауданы аумағынан жалпы көлемі 2903 гектар жер учаскесі берілді. «Fujian Henguang Investmant Co. Ltd.» компаниясы өзінің металлургия зауытының құрылысын салу үшін Шу ауданы «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағынан 160 гектар жер учаскесін алды. Осы аудан аумағынан «Fufeng Group Ltd.» жобасына жүгеріні терең өңдейтін зауыт құрылысы үшін 400 гектар жер учаскесі мемлекеттік натурлы гранты ретінде берілген болатын. Сонымен қатар «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының аумағының жанынан көлемі 600 гектар жер учаскесіне 300 МВт күн электр стансасының құрылысын жүргізуге сұраныс түсіп отыр. Жобаның бастамашысы «Юнигрин Энерджи» компаниясы екенін айта кетуіміз керек. Бұл компанияның ұсынған мәліметтеріне сәйкес станса құрылысының құны 172 535 000 АҚШ долларын құрайды. Аталған құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде 700 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағының шекарасын 2 800 гектарға ұлғайту үшін мемлекеттiк орман қоры жерiн орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттар үшiн басқа санаттардағы жерге ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Арнайы экономикалық аймақты ұлғайту нәтижесінде қосымша 14 инвестициялық жоба ашу көзделіп отыр. Қордай ауданы аумағында орналасқан «Қырғау» алтын кен орнында «Мариям Gold» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан алтын өңдеу зауытын салу жобасы жоспарлануда. Жобаны іске асыру мерзімі 2025-2030 жылдар аралығын қамтиды. Кәсіпорын іске қосылған сәттен бастап 200 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделуде. Сонымен қатар облыс тұрғындарының жерге кезектілігі электронды жүйеге көшіріліп, оған бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры сайты арқылы қолжетімділік қамтамасыз етілді. Сайттан кез келген азамат өзінің жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы кезегін көре алады. Жылжымайтын мүліктің біріңғай мемлекеттік кадастры порталы арқылы қалалар шегінде жер учаскелерін беру 100 пайыз электронды форматқа ауыстырылды. Бұл қызмет облысымыздағы 4 қалада, яғни Тараз, Шу, Қаратау, Жаңатас қалаларында іске қосылған. Өздеріңізге белгілі, Тараз қаласының шекарасын Жамбыл және Байзақ аудандарының кейбір ауылдарын қосу есебінен ұлғайту бойынша ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданған болатын. Бүгінгі күнге Тараз қаласына қосылған жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстары басталды, – деді Д.Өтепов.
Айта кету керек, облыста мемлекеттік шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы шаралар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 16 сәуірдегі №356 қаулысына сәйкес атқарылып отыр екен. Аталған құжатта Қырғыз Республикасымен шектескен шекаралық аймақ енін 100 метрге дейін жеткізу міндеті қойылыпты. Осыған орай облыстың 5 ауданында нақты жұмыстар қолға алынып, шекара маңындағы елді мекендерге іргелес аумақтарда мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін иеліктен шығару процесі жүріп жатқан көрінеді.
Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінге дейін аталған мақсатта жалпы көлемі 802,1 гектарды құрайтын 286 жер учаскесі мемлекет мұқтажына алынған. Бұл жұмыстар облыстың Шу, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі және Қордай аудандарын қамтиды. Шекара сызығын нақтылау, шекара маңындағы инфрақұрылымдық нысандарды орналастыру және мемлекеттік қауіпсіздік талаптарына сай келтіру үшін бұл жерлердің барлығы қажеттілікке қарай есепке алыныпты. Қазіргі таңда Шу және Жуалы аудандарындағы жұмыстар толық аяқталып, тиісті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары аяқталған. Бұл екі аудандағы жер учаскелері Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне тұрақты пайдалануға берілген екен. Ал қалған 3 ауданда – Т.Рысқұлов, Меркі және Қордайда жер телімдерін мемлекет иелігіне алу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатса керек. Әрбір учаске бойынша заң талаптарына сәйкес бағалау, өтемақы төлеу және рәсімдеу процедуралары қолға алынған. Бұл ретте жер иелерінің заңды құқықтары толық ескеріліп, әлеуметтік шиеленістердің алдын алу басты назарда ұсталып отыр.
Облыстық үйлестіру кеңесінің жиынтық жоспары аясында бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жергілікті атқарушы органдар мен құзырлы мекемелер арасындағы өзара іс-қимыл нәтижесінде көптеген ұйымдастыру мәселелері шешімін тапқан. Мамандардың айтуынша, шекара шегендеу ісінде барынша ашықтық пен заңдылық қағидаттары сақталуда.
нығайтатыны сөзсіз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ