Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Табиғат жанашырларының саны артып келеді»

«Табиғат жанашырларының саны артып келеді»
Автор
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты аялау мен биоалуантүрлілікті сақтау – мамандардың ғана емес, әр азаматтың ортақ міндеті. Осы орайда біз табиғатты қорғау саласында аянбай еңбек етіп жүрген «Жабағылы-Манас» тау клубының үйлестірушісі Рауф Сабитовпен сұхбаттасқан едік. Әңгімеге өңірдегі экологиялық жағдай, табиғатты қорғау шаралары және аталған клубтың атқарып жатқан жұмыстары арқау болды.

– Рауф Қабиұлы, «Жабағылы-Манас» тау клубы қазіргі уақытта нақты қандай жұмыстармен айналысуда? Аймақтың табиғи мұрасын сақтау бойынша жүзеге асып жатқан жобалар бар ма?

– Ұйымның миссиясы – Оңтүстік-Батыс Тянь-Шань аймағының биологиялық әртүрлілігін сақтау. Бұл мақсатқа жету үшін осы аумақта және оған іргелес жатқан аумақтарда түрлі әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жобалар жүзеге асырылады. 2021 жылдан бастап «Жабағылы-Манас» клубы бір-бірімен өзара байланысты биоалуантүрлілікті сақтауға қатысты 3 жобаны іске асырды. Олардың ішінде ерекше атап өтерлік жұмыс – «Живое пособие» («Тірі оқу құралы») атты басылымның жарық көруі. Бұл оқу құралында сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктер туралы ақпарат жинақталған. Атап айтқанда, кітапта Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда мекендейтін Тянь-Шань қоңыр аюы мен Тянь-Шань мен Жоңғар Алатауының биік шатқалдарында тіршілік ететін сирек кездесетін қар барысы секілді өзге де жануарлар туралы толық және жан-жақты ақпарат берілген. Сол секілді энциклопедияда өңірге тән түймедақ тұқымдастары саналатын Тянь-Шань гүлі мен қарағай тұқымдасына жататын, сирек кездесетін ақшылқарағай сияқты өсімдіктер ерекше назарға алынған. Кітап экологиялық семинарлар мен тренингтерде қатысушыларға таратылып, табиғат қорғау саласындағы білімді арттыруға бағытталған. Мұндай бастама жергілікті тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық сана қалыптастыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар «Жабағылы-Манас» клубы экологиялық семинарлар, тренингтер және практикалық шеберлік сабақтарын тұрақты ұйымдастырып келеді. Мысалы, күн энергиясымен жұмыс істейтін кептіргіштер мен су сорғылары сияқты экологиялық таза технологияларды құрастырып, орнатуға қатысқанымызды атап айтуға болады.

Біздің кез келген бастамаларымыз бен маңызды жобаларымыз мемлекеттік органдардың белсенді қатысуымен іске асырылуда.

– Сіздің ойыңызша, қазіргі уақытта өңіріміздегі ең өзекті экологиялық мәселе қандай?

– Облысымызда экологиялық мәселелердің аз емес екенін көзіміз көріп жүр. Ауа сапасының бұзылуы, ауызсу тапшылығы, өзен-көлдердің тартылып немесе ластанып, қоқыстардың бей-берекет шашылып жатуы айтылып та, жазылып та жүр.

Менің ойымша, өңіріміздегі ең өзекті экологиялық мәселелердің бірі – топырақтың тез тозуы және жан-жануардың, әсіресе ұсақ жәндіктер мен микроскопиялық ағзалардың жойылып кетуі.

Арқар, қар барысы немесе бүркіт секілді ірі аң-құстардың азайып бара жатқаны халықтың назарын бірден аудартады. Белсенділер «қар барысы азайып кетті» деп дабыл қағып, бастама көтеріп жүреді. Алайда топырақтағы тіршілік иелерінің, атап айтқанда, ұсақ жәндіктер мен микроскопиялық ағзалардың жойылып жатқанына ешкім мән бере бермейді. Олар көзге көрінбесе де, топырақтың құнарлылығы мен экожүйенің тепе-теңдігіне тікелей әсер етеді. Мәселен, жауынқұрттар, қоңыздар, құмырсқалар, нематодтар (ұсақ құрттар) топырақтың құнарлылығын арттырып, экожүйенің тепе-теңдігін сақтауда аса маңызды рөл атқарады.

Дегенмен «егістікке кесірін тигізбесін» деп зиянкестерді жою үшін түрлі химикаттарды шамадан тыс қолданып, топырақтың табиғи биологиялық жүйесін бұзып жатырмыз. Ұсақ жәндіктердің жойылып бара жатқаны, олардың жоқтығынан пайда болатын өзгерістер бірден байқалмайды. Ұсақ жәндіктер мен микроскопиялық ағзалар түгел жойылуы топырақтың тозуы, егіннің өнімсіздігі мен табиғи циклдердің бұзылуына әкеліп соғады. Сондықтан топырақта өмір сүретін ағзаларды сақтап қалудың жолын қарастыру керек.

– Облысымызда әлі күнге дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт жоқ. Бұл мәселені шешудің қандай жолын ұсынар едіңіз?

– Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу – өңірімізге ғана тән емес, жаһандық проблема. Қазіргі күнде қоқыс мәселесін шешудің көптеген тәсілдері бар. Ең тиімді жолы – қалдықтарды пайда болған сәттен бастап сұрыптау. Мысалы, Финляндияда ешкім пластикті тамақ қалдықтарымен немесе қағазбен араластырмайды. Облыста да арнайы қоқыс тастайтын орындарда қалдықтарды сұрыптауға арналған ыдыстар қойылған. Бірақ тұрғындар тарапынан әлі талпыныс жоқ секілді. Қоқыстар сол баяғыша араласып жатады. Сондықтан сұрыптау менің ойымша болашағы жоқ бағыт. Егер көпқабатты тұрғын үйлердің маңындағы қоқыс тастау орындары бейнекамерамен бақыланып, тәртіп бұзушыларға айыппұл салынса, адамдардың бойында тұрмыстық қалдықтарды өз контейнеріне тастау мәдениеті қалыптасар еді.

Ауыл тұрғындары туралы әңгіме бөлек. Қазақстанның ауылдары бір-бірінен алшақ орналасқандықтан елді мекендердегі қоқыстан құтылудың ең тиімді нұсқасы – қалдықтарды шыққан жерінде сұрыптап, пиролиз, яғни оттегісіз ысыту әдісімен жою. Бұл процесс кезінде қалдықтар жанбайды, бірақ ыдырайды да, көміртекті заттарға, газдарға және майларға бөлінеді. Бұл әдіс қалдықтарды полигонға тастамай, экологиялық таза әрі тиімді түрде азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай пиролиз қондырғыларды бірнеше ауылға ортақ етіп орнатса да болады. Әр ауылда қалдықтарды қысып, орап беретін арнайы престеу құрылғысы орнатылуы тиіс. Қапталған және көлемі азайтылған қалдықтар желмен ұшып, даланы ластамайды. Тасымалдау шығындары да азаяр еді. Жылжымалы қондырғыны аптасына бір ауылдан екінші ауылға апарып, қолдануға да болады. Мұндай жағдайда қоқыс полигондарына тау-тау болып үйіліп жататын қалдық көлемі әлдеқайда азаяды.

Тараз – Қазақстандағы кәріз суын тазарту қондырғысы жоқ жалғыз облыс орталығы. Кәріз суының шамадан тыс жиналуы қандай экологиялық және санитарлық қауіптерге әкелуі мүмкін?

– Иә, бұл проблема қанша жылдан бері шешімін таппай келеді. Дәл қазір кәріз сулары облыс орталығына тиіп тұрған Жамбыл ауданы аумағында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңына құйылып жатыр. Сүзгі алаңдары шамадан тыс артық толғандықтан, Аса өзені мен жерасты суларының ластану қаупі бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Өкініштісі сол, тазаланбаған лас су жер астына сіңіп, құдықтар мен ұңғымалардағы судың құнарлылығын бұзады. Ластанған тіршілік нәрлерінде нитраттар шамадан тыс көбейеді. Нитрат дегеніміз – химиялық тыңайтқыштар мен мал тезегі арқылы суға түсетін зиянды заттар. Аталған зиянды заттар, әсіресе жүкті және бала емізетін әйелдер үшін қауіпті.

Осыдан 15 жыл бұрын біздің ұйым Жамбыл, Түркістан және Қостанай облыстарының ауылдарын зерттеп, құдықтар мен үй жанындағы ұңғымалардағы судың құрамындағы нитраттарды анықтады. Сол кезде-ақ біз «кәріз суын тазалайтын қондырғы керек» деп дабыл қаққанбыз. Өйткені нитраттардың мөлшері рұқсат етілген шекті мөлшерден (ПДК – 45 мг/литр) асып кеткен еді. Германияда өткен ғасырдың ортасында Мюнхен қаласын сумен қамтамасыз ететін жерасты суларында нитрат мөлшері 11 мг/литр болғанда ғалымдар бастама көтерген. Ғалымдардың үнін естіп, билік тарапынан бірнеше жылға арналған бағдарлама қабылданған болатын. Нәтижесінде Бавария фермерлері мен шаруаларына химиялық тыңайтқыштар, пестицидтер мен гербицидтерден бас тарту міндеттелді. Осылайша олар туындаған мәселені сәтті шешіп, нитрат мөлшерін 7 мг/литрге дейін азайтты.

Ал бізде «баяғы жартас – сол жартас». Бір қуанарлығы, жақында «Тараз қаласы әкімдігі тұрғындардың жанына батқан өзекті мәселені шешуге ниетті» деген қуанышты жаңалық естідік. Тараз қаласы әкімдігі тарапынан кәріз суларын тазарту кешенін салуға нақты қадам жасалып, біраз уақыт бұрын жол картасы әзірленіпті. Ресми құжатқа сәйкес Еуропа қайта құру және даму банкінен тиісті грант бөлініп, техникалық-экономикалық негіздеме уақытылы дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілген екен. Құрылыс 2025-2027 жылдарға жоспарланып отыр.

– Біздің білуімізше, өңірімізде қар барысы мекендейді. Облыс аумағында тағы қандай сирек немесе жойылып бара жатқан жануарлар кездеседі? Оларға қандай бақылау жүргізіледі?

– Сирек және жойылып бара жатқан жануарлар қатарына арқарды жатқызар едім. Бұл жануардың өзі Қаратау арқары мен Тянь-Шань арқары болып екіге бөлінсе, өңірімізде екі түрі де тіршілік етеді. Сондай-ақ Үнді жайрасы, Орта Азиялық тасбақа, Бұхар бұғысы, Түркістан сілеусіні, күйік құс (стервятник) секілді сиреп бара жатқан тіршілік иелерін атап айтуға болады. Қызыл кітапқа сирек және жойылып бара жатқан құстардың ішінде елімізге белгілі 58 түрдің 30-дан астамы енген. Олардың қатарында қызғылт және бұйра пеликан, ақ және қара дегелек, қалпыша, қарабай (каравайка), ақбас үйрек савка, сұлу тырна, дуадақ, жек, қара және ақ құр, өрнекті шымшық, көгілдір құс, саджа, жуантұмсық зуек секілді қанаттылар бар. Жыртқыш құстардан облысымызды жыланжегіш, сақалтай, күмей, күйік құс, бүркіт, жұртшы қыран, кіші қыран, дала қыраны, ұзынқұйрықты су бүркіті, аққұйрықты су бүркіті, балықшы қыран, сапсан, қыран құс (сип), үкі және ақбас күйік құстары мекен етеді. Осы табиғат байлықтарын сақтау – алдымызда тұрған басты міндет.

– Аймағымыз «Берікқара терегі» және тораңғы сияқты көптеген сирек кездесетін өсімдіктерімен мақтана алатынын білеміз. Бұл ерекше түрлерді сақтау үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр? Жойылып кетуі мүмкін өсімдіктерге қандай қауіп төніп тұр?

– Грейг пен Кауфманнан бөлек, облысымызда оннан астам қызғалдақ түрі өседі. Айталық, өңірімізде Зинаида, Альберт, Регель, Колпаковский және Островский қызғалдағы сияқты түрлер кездеседі. Ал әлем бойынша жалғыз Жуалыда өсетін «Берікқара терегі» туристердің қызығушылығын арттырып отырған мақтанышымыз десем болады. Сондықтан ерекше қорғауға алынған. Ал Мойынқұм, Байзақ секілді бірді-екілі ауданнан ғана таба алатын тораңғы ағашының сиреуі қоңыр кептер құсының жойылуына әкеп соғуда. Алайда қанша рет дабыл қаққаныммен жанайқайымызды естір құлақ табылмай жатыр.

Қызғалдақтарға төніп тұрған басты қауіп – өсімдік алқабына малдың жайылуы. Өкінішке қарай, жайылымдарды басқару жоспарларында өсімдіктер мен жануарларды қорғау шаралары қарастырылмаған. Мұның себебі – халықтың табиғи байлықтар туралы жеткілікті ақпаратқа ие болмауы. Сиверс алмасы, Недзвецкий алмасы және Регель алмұрты сияқты сирек кездесетін өсімдіктер де көбіне мал тұяғына тапталып жатыр. Құрылыс саламыз деген ниетпен адамдар да білместікпен кесіп алуда.

Жақында өткен қызғалдақ фестивалі халықтың табиғатқа деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетті. Адамдар аптап ыстыққа қарамастан, балаларын ертіп қызғалдақ алқабын көру үшін бірнеше шақырым жаяу жүріп өтті. Иә, ұйымдастыру жағынан кейбір кемшіліктер болғанымен, мұндай іс-шаралар экологиялық тәрбие үшін үлкен маңызға ие деп ойлаймын.

Реті келгенде айта кетсем, «Тектұрмас» этно-тарихи кешені маңына жақын жатқан тауларға қызғалдақтарды қайта егіп, бұрынғы сұлулығын қалпына келтірсек деген ұсынысым бар. 60 жыл бұрын ол маңда алқызыл гүлдер жайқалып жататын. Жазда қызғалдақтардың тұқымын жинап, күзде пиязшықтарын қазып алып, Тектұрмастың жерін жыртып немесе тырмалап, қызғалдақ егуге болады. Бұл жұмысқа еріктілерді тартса, табиғатты сақтау ісіне үлкен үлес қосар едік.

– Сіздің ойыңызша аймақ тұрғындары экологиялық мәселелерге қаншалықты жанашырлықпен қарайды? Оң өзгеріс байқала ма?

– 2021 жылы «Живое пособие» оқу құралын жарыққа шығарып, оны кеңінен тарату бойынша жобаларымызды бастағанда мектеп оқушылары ғана емес, ауылдық және қалалық мектептердегі биология пәні мұғалімдерінің де өңірімізде сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктер туралы мардымды мәлімет білмейтінін байқадық. Тіпті ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызметкерлерінің өзі де энциколпедияға топтастырылған жануарлар мен өсімдіктер туралы көп біле бермейтін. Қазір табиғатқа қызығушылық танытушылар саны артты. Көктемде алғашқы гүлдерді суретке түсіру үшін турлар ұйымдастыратын бірнеше компания пайда болды. Табиғатты шын жаны ашитын адамдар көбейіп келеді. Былтыр волонтерлер Тараз көшелерін кезген үнді жайрасын құтқарып, Ақсақалсай шатқалына қайта жіберді. Сондықтан мен табиғат жанашырлары саны арта түсеріне сеніп, болашаққа үмітпен қараймын.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар