
Міне, өз жұмысын аянбай әрі абыроймен атқарып жүрген сондай еңбек адамдарының бірі Дихан Шәріпов десек, артық айтқандық болмас.
Талас ауданы, Ойық ауылында дүниеге келген Дихан Кестебекұлы Ойық орта мектебін 1990 жылы жақсы бағамен бітірген соң өзінің қалауымен, әкесінің қолдауымен Алматы энергетикалық институтына оқуға түседі.
Сол бір орыс тілі үстемдік құрып тұрған заманда ауылдан барған қазақ балалары үшін алып шаһардағы орыс халқының балаларымен және орыстілді қазақтармен тең дәрежеде оқу оңайға соқпапты. Әрі ол кез Кеңес одағының ыдырауымен тұспа-тұс келген еді. Студенттерге берілетін 40 рубль шәкіртақы күнкөрістеріне де жетпейтін.
Содан не керек, аталған оқу орнын 1997 жылы станса электрі мамандығы бойынша тәмәмдаған соң қызыл дипломын алып, ауылға барады.
Егемендік алғанына көп бола қоймаған жас мемлекетіміздің қай өңірінде болсын мекемелердің жұмыстары ақсап, кейбіреулері жабылып та қалған болатын. Сондықтан әркім табылған жұмыстан нәпәқаларын айыра білді. Дихан Кестебекұлы да ертеңінен үміт үзбей, бірнеше жыл түрлі жұмыстар істейді.
Бірте-бірте еліміздің жағдайы жақсара бастаған соң мекемелердің тамырына қайта қан жүріп, әр адам өз мамандықтары бойынша жұмысқа қабылданады. Сол кезде Дихан Кестебекұлы да Ойық ауылында электро-монтёр, сосын «Ойық» қосалқы бекетінде (станса) кезекші электро-монтёр болып еңбек етеді. «Жас келсе – іске» демекші, жас маман Д.Шәріповтің тындырымды жұмысы басшылардың да, көпшіліктің де ойынан шығады.
Өз ісінің қыр-сырын меңгеріп, біраз тәжірибе жинақтаған соң ол арнайы жолдамамен «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ауысады. Яғни, жұбайы Әлия екеуі қалаға қоныс аударады.
Д.Шәріпов аталған мекемедегі еңбек жолын релелік автоматика қорғанысының инженері болып бастап, әр жылдары түрлі бөлімде инженер-инспектор, аға инженер-инспектор, сосын бастықтың орынбасары қызметіне дейін көтеріледі. Ал, 2016 жылдың шілде айынан бастап «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС бас директорының бұйрығымен орталық диспечерлік қызметі бастығының орынбасары болып бүгінге дейін еңбек етіп келеді.
Биыл осы салада тапжылмай және талмай еңбек еткеніне тура 25 жыл болған Дәкеңнің еңбегі еленіп, осы уақыт ішінде түрлі марапатқа ие болды. Дәлел үшін бірнешеуін атап өтер болсақ, энергетиктердің кәсіби мерекесі күнінде «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС бас директорының мақтау қағазымен және осы мекеменің қадағалау кеңесі төрағасының құрмет грамотасымен марапатталса, Тәуелсіздік күні Қазақстан Республикасы энергетикалық қауымдастығының «Құрметті энергетигі» медалін кеудесіне тақты. Бұдан бөлек, биыл 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай техникалық инспекторлар арасында өткен «Еңбекті қорғау үздік техникалық инспекторы» байқауында I орынды иеленіп, арнайы грамотамен және бағалы сыйлықпен де марапатталды. Энергетика саласында 25 жыл тапжылмай әрі елеулі еңбек еткен адамға «Еңбек ардагері» деген атақ та беріледі екен. Міне, осы күні Дихан Шәріповке «Еңбек ардагері» атағы қоса берілді. «Еткен еңбек еш кетпейді» деген сөз осындайда айтылса керек.
Алдымен біліктілік пен ұқыптылықты және жауапкершілікті талап ететін қызығынан қиындығы басым бұл жұмыста ауа райының қолайсыздығына да, өзге себептерге де байланысты төтенше жағдайлар жиірек орын алып тұратыны белгілі.
Сондай сан түрлі оқиғаны сан мәрте басынан өткеріп, ширек ғасыр бойы ширақтық танытып келе жатқан Дихан Кестебекұлы бүгінде өз ісінің шебері ғана емес, өзінен кейінгі мамандарға үлгілі энергетик атанып та үлгеріпті.
Осындай өз ісінің майталман маманының өмірдегі ұстанымы: «Ешқашан өтірік айтпау, кісі ақысын жемеу, адал болу, берген уәдеде тұру және адамды алаламай «бауырым!» деп адамзаттың бәрін сүю». Десе дегендей осы айтқандарының бәрін Д.Шәріпов дәлелдеп-ақ келеді. Оны әріптестері де, достары да, туыстары да мақтанышпен айтып жүр. Бұдан бөлек оның тағы бір жақсы қасиеті мен әуестігі арнайы уақыт бөліп, кітап пен газет-журналдар оқып тұратындығы.
«Жақсыдан жақсы туар жарқыраған» демекші, бүгінгі кейіпкеріміздің бойына мұндай ізгі қасиеттер алдымен ата-анасынан дарыған деп білеміз. Өйткені, әкесі Кестебек Шәріпұлы Ойық ауылындағы мектепте математика пәнінен 40 жыл дәріс берген ұлағатты ұстаз. Анасы Күлзада Құрманбекова да осы білім ұясына еңбегі сіңген ардагерлердің бірі. Бірақ бұл кісілердің өмірден өткендеріне бірнеше жылдың жүзі болды.
Ал, енді Дихан Кестебекұлының отбасына келер болсақ, жұбайы Әлия Мұстафина екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған ардақты әке, аяулы ана.
Сөз соңында осындай ел ертеңі үшін елеулі еңбек етіп жүрген әрі уыздай ұйып отырған берекелі де өнегелі отбасының алдағы жұмыстарына да, өздеріне де сәттіліктер тілейміз!
Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
ақын, журналист