Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Алғыс арқалаған етікші

Алғыс арқалаған етікші
Автор
Технология қарыштап дамыған дәуірде жұмысшы мамандықтарына қызығушылық танытатындар азайып барады. Алайда мүлдем жоқ деп айтуға да болмайды. Мәселен Бақтығали Рысалиев есімді Тараз қаласының тұрғыны бала күнінен бейнеті басым жұмыстармен айналысып, еңбек жолында еріншектік танытқан кезі жоқ. Бүгінде аяқкиім жөндеумен айналысады.

Қолынан келмейтін ісі жоқ кейіпкеріміз шағын ғана дүңгіршектің ішінде тұрғындарға бірнеше қызмет түрін ұсынады. Ал басты көрсететін қызметі – аяқкиім жөндеу.

– Аяқкиім жөндеуге бала күнімнен қызықтым. Әкем де шебер кісі еді. Он саусағынан өнер тамған әкемнің қасында жүріп аяқкиім жөндеуді үйреніп алдым. Алғашында тапсырыс берушілер аз болды. Сапаға барынша мән беретіндіктен бірте-бірте тапсырыстар көбейе түсті. Тұрғындар түрлі аяқкиімдерін алып келеді. Бірі аяқкиімінің өкшесін ауыстырып беруімді сұраса, бірі табанын, енді бірі жыртылған жерін тіктіргісі келеді. Мұндай жұмыстар қиындығына қарай бағаланады. Мәселен өкшесі мен табанын ауыстыру 1 500-2 000 теңгеден, аяқкиімді толық жөндеу 3 000 теңгеден басталады. Сонымен қатар көптеген футболшы жігіттер аяқкиімдерін арнайы тіктіріп алады. Себебі футбол ойнайтын аяқкиімдер тез жыртылады. Ал жыртылғаннан кейін қалпына келтіру қиын шаруа. Сол үшін футболшылар алдын ала келіп, тіктіріп алады. Мұның да бағасы жұмысына қарай есептеледі. Сондай-ақ рюкзактар мен әйелдердің қол сөмкелерін де жөндеумен айналысамын. Сөмкелер жыртылса жамап беремін, бауы үзілсе жаңа бау салып беремін. Ешқашан арзан материалдармен жұмыс істеген емеспін. Барлық материалдар таза былғарыдан, аң терілерінен жасалған, – дейді Б.Рысалиев.

Расында кейіпкерімізге келушілердің қарасы өте көп екен. Сұхбат барысында мұны өз көзімізбен көрдік. Бірі сөмкесін тіктіруге келсе, енді бірі бұзылған техникасын жөндетуге алып келіпті.

– Қолымнан келіп тұрса ешкімнің өтінішінен бас тартпаймын. Кейде тұрғындар пышақтарын немесе араларын қайрап беруге алып келеді. Сондай-ақ істен шыққан үтік, шаш кептіргіш, басқа да электронды құрылғыларды қолымнан келгенше жөндеуге тырысамын. Ал кейбір адамдар мылтығы мен өзге де қаруларын салып қоятын арнайы қап жасап беруімді сұрайды. Сондай-ақ кілттерді салып қоятын қоржын мен велосипедтеріне арнайы су салып қоятын ыдыс тіктіретіндер де жеткілікті. Мен мұның бәрін арнайы матаға суретін салып, сызып алып, кейін кесіп, соңында тігіп шығамын. Бағана айтқанымдай барлығы таза теріден жасалады. Айлық табысым бір адамның айлығымен пара-пар. Кейде екі жүз мыңға жуықтаса, кей айларда одан асып кетеді. Сондай-ақ жалдау ақысы, коммуналдық төлемдер мен пайдаланатын материалдардың ақшасы да осы табыстың ішінде, – деген кейіпкеріміз мұндай жұмыс түріне қызығушылық танытатын жастардың мүлдем аз екендігін қоса айтты.

Кейіпкеріміздің сөзінше жастар оңай табысқа, бас көтермей байлыққа жетуге ұмтылады.

– Көптеген жастың ойы жетістікке оңай жету. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келіп, жұмысшы мамандықтарына мүлдем қызықпайды. Бірде бір жас жігітпен әңгімелескенімде құмар ойын арқылы көп ақша тауып жүргенін айтты. «Сіз секілді қара жұмыс істеп, май-май болып жүргенше осы «кәсібім» жүз есе жақсы» деп миығынан күлгендей болды. Мен бұл сөзінің дұрыс емес екендігін, еш жерде оңай табыс жоқтығын, ақыры жақсылыққа жеткізбейтінін түсіндірсем де, айтқан сөзімді тыңдағысы келмеді. Міне сол жігіт арада ұзақ уақыт өтпей-ақ бар ақшасынан айырылып, миллиондаған қарызға батып, түбі жоқ тұңғиыққа батып кетті. Мен өзім үшінші топтағы мүгедекпін. Осыдан біраз уақыт бұрын көлік апатына ұшырап, жақ сүйегіме зақым келіп, жағымның жартысын алып тастады. Сонда да еңбектен қашқан емеспін. «Бейнетің қатты болса, татқаның тәтті болар» дейді дана халқымыз. Адал еңбек етіп, табанақы, маңдайтеріңмен табыс тауып, елдің кәдесіне жарағаннан артық қандай бақыт бар, – деген аяқкиім жөндеу шебері сөз соңында көптен бері шешімін таппай жүрген мәселесін жеткізді.

Айтуынша, қазіргі жалға алып отырған орны өте шағын болғандықтан жұмыс істеу қиынға соғуда. Сондықтан әкімдік тарапынан небәрі үш метр жер берілсе дейді. Бұл жөнінде әкімдікке өтініш те қалдырыпты. Бірақ әлі күнге дейін өтінішіне жауап берілмеген.

Елге қызмет етуде еңбегін аямаған мұндай жандар қашанда құрметке лайық. Сол себепті оларға барынша қолдау көрсетілуі тиіс деп санаймыз.

М.ЖАМБЫЛҰЛЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар