Теңге – Тәуелсіздігіміздің тартуы, қаржы-экономикалық дербестік пен тұрақтылықтың нышаны. 1993 жылы 15 қарашада айналымға енген төл валютамыз Қазақстанның қаржы саясатын қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі болды.
Қаржы жүйесінің қызметкерлері – ел қазынасын басқарудағы сенімді тірек, орнықты даму мен өркендеуге жол бастайтын кәсіби мамандар. Қаржыгерлердің қажырлы еңбегі мемлекетімізді көркейтіп, мәртебесін арттыруға септігін тигізіп келеді.
Әрбір мемлекет үшін қаржы-экономика саласының маңызы өлшеусіз. Себебі елдің тұрақтылығы да, қуат-қайраты да ең алдымен оның экономикалық әлеуетіне, қаржы жүйесінің дамыған-дамымағанына тікелей тәуелді. Берік қаржы жүйесі – мықты мемлекеттің тірегі, жүйелі экономика – оның ең басты діңгегі. Осыдан тура 32 жыл бұрын Қазақстанның өз ұлттық валютасы теңге айналымға енгізіліп, егемен елдің экономикалық дербестігіне жол ашылды. Сол қиын кезеңде өндірістер тоқтап, нарық тыңнан қалыптасқан шақта теңгенің пайда болуы жас мемлекеттің алға қадам басуына серпін берген алғашқы тарихи бетбұрыс болды. Осы жауапты кезеңде қаржы саласының мамандары ел еңсесін тіктеуге, жаңа жүйені қалыптастыруға өздерінің елеулі үлесін қосты.
Нұржан Сәбитұлы ұлттық валютамыз айналымға енген күннен бастап қаржыгерлердің бар күш-жігерін ел экономикасын тұрақтандыруға жұмсағанын атап өтті.
– 1993 жылы Кеңес үкіметінің кезінде қолданыста болған рубльден бас тартып, бір аптаның ішінде төл теңгемізді айналымға енгізу жөнінде шешім қабылданды. Осы іске бүгінгі сала ардагерлері аянбай күш-жігерін жұмсап, жауапкершілік жүгін арқалады. Нәтижесінде қазіргі таңда қаржы саласы бір ізге түсіп, ел экономикасы қарыштап даму үстінде. Жыл өткен сайын бюджеттің салықтық түсімдері ұлғайып, кіріс көлемі арта түсуде. Ал осындай табыстарға жетуімізде өз ісіне шынайы берілген білікті мамандар мен қаржы саласының ардагерлерінің мол үлесі бар. Жалпы Англияда басылған төл теңгеміз Ұлттық банктің облыстағы филиалына жеткізіліп, Жамбыл жерінен таралды. Ұлттық валюта күні қарсаңында әлеуметтің әлеуетін көтеруге ықпал еткен қаржы саласының ардагерлері мен майталман мамандарға алғысымды білдіргім келеді, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары бірқатар қызметкерге лайықты марапаттарын табыс етті.

Іс-шара барысында сала мамандарына Қаржы министрінің Құрмет грамотасы, «Жоғары аудиторлық палатаның мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласының құрметті қызметкері» атағы мен «Еңбек ардагері» медалі, «Қаржы қызметінің төсбелгісі» және «Экономика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, облыстық мәлихаттың Құрмет грамотасы табыс етілді. Бұдан бөлек бірқатар сала ардагері «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ




